Бөкей ханның 1801 жылы Еділ мен Жайық аралығындағы жерді қазақ халқына қайтарып, өзінің қол астындағы елмен қоныстанғаны тарихтан мәлім. Сол кездегі хандықтың құрамына қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жәнібек, Казталов, Жаңақала, Бөкей ордасы, Атырау облысының Махамбет, Құрманғазы аудандары, көршілес Ресейдің Волгоград облысы Палласовка ауданының, Астрахан облысы Құмөзек, Володар, Қарабайлы аудандарының бір бөлігі енген.
Әкімшілік-басқару жағынан жаңа Орда жеті бөлікке: 2 округ, 5 қисымға бөлінсе, Бірінші теңіз жағалауы округінде – 16, Екінші округте – 14, Қалмақ қисымында – 7, Тарғын қисымында – 12, Таловта – 8, Қамыс Самарда – 16, Нарында 12 старшындық болды. Хан ордасы, Жаңа Қазан, Талов атты жаңа тұрғын мекендер пайда болды.
Бөкей ордасында халық ағарту ісінің әп дегеннен қолға алынып, Жәңгір тұсында ерекше назарда ұсталынғаны белгілі. Жалпы, Еділ-Жайық сынды қос өзен арасына қоныс тепкен бөкейліктерге оқу-ағарту, сауат ашу ісі сонау 1801 жылғы қайта қоныстану кезінен-ақ басталған. Кейбір тарихи мәліметтерге назар аударсақ, Бөкей ханның өзі, інісі Шығай да бір адамдай сауатты, көзі ашық болған. Жәңгір Астраханға оқуға барғанға дейін мұсылманша жазып, оқи алады екен. 1841 жылы 6 желтоқсанда қазақ даласында қазақ балалары үшін тұңғыш мектеп Хан ордасында ашылды. Жәңгір хан өмірден өткенімен, бастаған ұлы жобасы аяқсыз қалған жоқ. Уақыт өткен сайын арнасы кеңейе берді. 1849 жылы Орал облысында 44 болыстық қазақ-орыс мектебі жұмыс істепті. Оқушылардың жалпы саны 20 мыңға жеткен. Оның жетеуі «Жәңгір мектебінің» негізінде жаңадан ашылса керек.
1879-1880 оқу жылында «Жәңгір мектебі» аты өзгертілмей, халық ағарту министрлігінің қарамағына өтіп, екі сыныптық ауылдық училище болып қайта құрылған. 1895 жылы «Жәңгір мектебінің» негізінде ашылған мектептердің саны 14-ке жетеді. Орда мектептеріне бақылау мен басшылықты одан әрі жақсарту мақсатында оқу ісі инспекциясы құрылады.
1883 жылы Ордада, қазақ даласында тұңғыш рет қазақ қыздарына арналған бастауыш училище ашылады. Оған Жәңгір мектебінің түлегі Хұсни-Жамал Нұрлыханова басшылық еткен. Осы білім ордаларының жалғасы есебінде Жаңақала, Казталов елді мекендерінде мектептер салынып ашылды.
Тарих ғылымдарының магистрі Арайлым Мағзомова "Орал өңірі" газетінің 2012 жылғы 1 қараша күнгі нөмірінде жарияланған «Ғұлама Ғабдолғазиз» деген мақаласында осы мектептерден бастау алған тұлғалар туралы: «Білімпаз үш буын Қазан төңкерісіне дейін қазақ жерінен ұзап шығып, әлемге әйгілі университеттерде жоғары білім алған бөкейлік зиялылар тобын үш буынға бөлуге болар еді. Әуелгі аға буын – Мұхамед-Салық Бабажанов, Мақаш Бекмұхамбетов, Юсуп Ниязов, Сұлтан Шалабаев, Мырзағұл Саңғырықов, Сұлтан-Мұрат Жантөрин, Сақыпкерей және Ғұбайдолла Жәңгіровтер, Шәңгерей Бөкеев. Орта буын – Шарафуддин Шығаев, Өтешқали Атаниязов, Бақтыгерей Құлманов, Мұстафа Көкебаев, Шахмұрат Харабаев, Мұханәлі Шынтеміров, Нұрым, Жұмағали Қарабаевтар, Меңдіғали Мұқашев, Жарас Әзербаев, Әжіғали Шынтасов және басқалары 1860-1890 жылдары Санкт-Петербургтен білім алды, көпшілігі Орынбордың кадет корпусын бітірді. Үшінші буын – кейінгі толқынға жататындар: Уәлитхан Танашев, Батыр-Хайыр мен Абдол-Кәрім Ниязовтар, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ғұмар Қараш, Ишанғали Меңдіханов, Нұрмұхан Ақбаев, Ғұсман мен Ибраш Танашевтар, Фазыл мен Шафхат Бекмұхамбетовтер, Сейітқали Меңдешев, Мәжит Шомбалов, Мүбина Ниязова, Нұғыман Залиев, тағы басқалары», - деп атап көрсетеді.
Бұлардың барлығы да – елдің бостандығы үшін ұлт-азаттық қозғалысқа белсенді араласқан қайраткерлер. Аталған үшінші буын түгелімен кешегі кеңес үкіметі заманында саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. Алаштың жоғын жоқтап, барын барлайтын талантты жастардың негізі де осы білімді адамдардан шықты.
Осы үшінші буын өкілдерінің бірі Уәлитхан Танашұлы Танашев – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, заңгер. 1887 жылы Ішкі Бөкей ордасы 2-Теңіз жағалауы округі №3 болысында туған. Уәлитхан алты жасында әкеден жетім қалып, Бөкей, Шығай, Жәңгір хандардың кеңесшісі болған Бекпенбеттің (Бекмұхамбет) тәрбиесінде өскен. Баласы Шолтырмен бірге есейіп, төрт жыл Бұхарадан діни білім алған. Елге оралғасын балықшылықпен айналысқан. Танаш әулеті заманында елімізге ғана емес, күллі Ресейге белгілі балық өндірушілер атанды (Өтепберген Әлімгереев, «Алаш аңсаған азаттық», Алматы, «Арыс» баспасы, 2011 жыл).
Жоғарыда аталған Бекпенбеттен Шолтыр, одан Мақаш әкім аталып кеткен белгілі қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Мұхамбетжан Бекмұхамбетов тарады. Уәлитхан Танашевтың қазақ мүддесіне қызмет етуіне осы немере ағасы Мақаш әкімнің ықпалы мол болды.
«Қазақтың қайтпас қайсар мінезді азаматтары қатарында қасиетті жерімізді қызғыш құстай қорыған қайраткер Уалитхан Танашұлы кейіннен көкірегін кернеген шемен шерін «...Рас, маңдайымның терін ағызып, жанымды шүберекке түйіп жүріп, жеті жыл қызмет еттім сол еліме. Әсіресе, республика шекарасын белгілеуде досым Әлімхан Ермеков екеуміздің В.Лениннің бір күнде екі рет қабылдауында болып, Я.Свердловпен жаға жыртыса салғыласқанымыз есімде.
Өзекке түскен өкініш көп. Өзіміздікі деп жүрген көп жер өзбек бауырларға кетті. Орман-тоғайлы Омбы мен Орынбор, терістік арқа орыстарға өтті. Енді қалғаны Еділдің төменгі сағасы. Свердлов болса, Ордаңнан Гурьевке бір-ақ тарт деп жеңістік бермейді. Тіпті өзара кесіп-пішіп қойған, біз болсақ, Әлімхан екеуміз әр сүйем жерді дәлелдеп, қазақша қойылған жер атауларын тілге тиек етеміз. Ноғайлы заманы жырауларының өлеңдерін оқимыз: ақыры Владимир Ильич «Олай болса, мына жер қазақтікі» деп қызыл қарындашпен Қиғаш өзенін бойлай Каспийге төте шықты. Бұл біз үшін соңғы үміт. Ал мен үшін осыған дейін Ресей территориясына кіріп келген Екінші Теңіз жағалауы округі – туған ауылымның Қазақ-стан құрамына мәңгілік енуі еді. Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Екі көзім жасқа толы. «Ең болмаса, осының өзі!» мен шап беріп, Әлімханды құшақтай алдым. Ол болса, «Өкініш көп қой, ағатай. Өкініш» деп жылап тұрды.
Құдайдан күштісің бе, барымыздан айырылып қала жаздадық қой. Көздегі жас тыйылар емес, сонда да болса, қалтамдағы орамалға қолымды апармадым, өйткені өлгенде бір көрген қуаныш жасы еді...» деп тарқатқан-ды. (Қараңыз: Ахмет А. Ел аумағын түгендеген Танашев // abai. kz/post/5906).
Жоғарыда айтқан Ордада тұңғыш рет қазақ қыздарына арналған бастауыш училищесін ашқан Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Нұралыханова 1872 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген. Нұралы ханның шөбересі, Жәңгір ханның немересі, Қазанның Земская мектебін бітірген. 1894 жылы Бөкей ордасында қазақ қыздарына арнап алғаш мектеп ашқан. Онда қазақтың қайраткер қыздары Алма Оразбаева, Мәдина Бегалиева, Мүбина Ниязова, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы) білім алған. Арон Қаратаевқа, яғни атақты Бақытжан Қаратаевтың інісіне тұрмысқа шығады. Хұсни-Жамал Оралға көшкенде екі тілде шығып тұрған «Қазақстан» газетінің уақтылы жарық көруіне қажетті көмегін аямаған.
ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілі, педагог-әдіскер, Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында 1903 жылы туған, сталиндік репрессия жылдарында атылған бірден-бір қазақ қызы Шахзада Аронқызы Шонанова осы Хұсни-Жамал Нұралыханованың қызы еді.
Бөкейде басталған ағарту жұмысы Қазақстанның түкпір-түкпірінде жалғасын тапты. Оның жарқын мысалын Ішкі Бөкей ордасында туған, Жəңгір хан ордасында тəрбиеленіп, одан əрі Істерлітамақта, кейін Бұхара медреселерінде 15 жыл оқып, ислам ілімдері бойынша терең білім алған, Абайдың рухани ұстазы атанған Айжарық Бижомартұлының (Қамараддин қазірет) өмірінен кіруге болады. Қамараддин хазіреттің мектебі алғаш 1852 жылы Ақмолада – бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласында ашылып, сол арада сандаған қазақ балалары 11 жыл бойы ескі мен жаңаның парқын айырарлық сапалы білім нəрімен сусындады. Сол секілді Мысырдың атақты әл-Азһар университетінің заң факультетін бітірген, 8 тілді жетік меңгерген, ағартушы, аудармашы Ғ. Мұсағалиев 1899 жылы Жетісу облысында үш жылдық «Мамания» медресесін ашып, 1909 жылы бұл білім ордасы 8 жылдық мектепке айналған еді. Мектеп жанынан интернат ашылып, онда кедей-кепшіктің балалары ақысыз оқытылды. Ілияс Жансүгіров, Біләл Сүлеев, Сұлтанбек Берсүгіров, Мейірман Ермектасов, Әубәкір Жайшыбеков, ақын Сара сияқты атақты адамдар сауатын осында ашқан. Ғабдолғазиз Жапония сияқты Шығыс елдерінде болып, жүріп өткен жолдарын, ол жерде тұратын ұлттар мен ұлыстардың тұрмыс-тіршілігі жайлы ғылыми-танымдық мақалалар жазып, ел болудың өзіндік үлгісін ұсынды.
«Уфадағы (Башқұртстан) «Ғалия» (арабша «Ұлық») медресесі қазақтың талай қаймағын қанаттандырып, ұлттық элита өкілдеріне айналдырды. Осы оқу орнын ұйымдастырғандардың бірі Жәңгір ханның жиені, Хадиша есімді қызынан туған Сәлімгерей Жантөрин еді. Оның арғы атасы Жантөре Ішкі орда ханы Бөкей Нұралыұлының күйеу баласы болатын.
Үш қабатты «Ғалия» медресесін тұрғызарда қажетті 42 мың рубльдің 18 мыңын Жантөриндер отбасы құйған. Бұдан бөлек, жыл сайын медресенің басқа да қажеттіліктерін өтеп беріп отырған. Сәлімгерейдің өзі медресенің қамқоршылар кеңесінің төрағасы болған.
«Ғалия» медресесінен әр жылдары Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Жиенғали Тілепбергенов, Абылай Рамазанов, Нұғыман Манаев, Манан Тұрғанбаев, Мұхаметғали Оразаев, Мұстақым Малдыбаев, Тайыр Жомартбаев, Ғабдулхамит Қайыров, Түсіпбек Темірбеков, Нығметолла Күзембаев және тағы басқа қазақ қоғамына еңбегі сіңген танымал тұлғалар түлеп ұшты» дейді тарих ғылымының докторы, профессор Нұрбек Шаяхметов. «Олар «Ғалиядан» тек ілім-білім жиып қана қойған жоқ. Оқу орнының қабырғасында жүріп, ағартушылықпен айналысты, газет-журнал шығарды, жинақтарын бастырды, саясатқа араласа бастады» деп жазды журналист Серікбол Хасан «Айқын» газетінде 2018 жылы 26 мамырда жарияланған мақаласында.
Сталинге жазылған атақты "Бесеудің хаты" туралы және оның БК (б) П Қазақ өлкелiк комитетiнiң бiрiншi хатшысы Ф.Голощекинге 1932 жылы 4 шiлдеде келiп түскенін осы күні көзі қарақты оқырманның бәрі біледі.
Қазақстанның сол кездегі әлеуметтік-экономикалық жағдайын сандық дәлелдермен келтіріп, «...Мал басының қисапсыз кемiп кетуi мен көптеген қазақ аудандарын қамтып, адамдардың жаппай қырылуына әкеп соққан ашаршылық (қыстың екiншi жартысынан бастап) жөнiнде әлi күнге дейiн ауыз ашпай отыру қаншалықты дұрыс?..» деген сұрақ беріп, хат жазуды ұйымдастырғандардың бірі белгілі жазушы Ғабит Мүсiрепов болса, қоғам қайраткері Мұташ Дәулетқалиев 1904 жылы Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Таубұйрат деген жерiнде дүниеге келген. Ол 1923 жылы Орынбордың рабфагында жазушы Ғабит Мүсiрепов, Сәбит Мұқанов, Бейiмбет Майлиндермен бiрге оқыған. Содан кейiн 1930 жылы Мәскеудің Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтын бітірген, сол "Бесеудің хаты" жазылған 1932 жылғы 4 шілдеде ол КомВУЗ-дың (кейіннен жоғары партия мектебі болған) ректоры қызметінде болған екен. Бесеудің бірі Мансұр Ғатаулин 1903 жылы Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданы Нысанбай ауылында туған, сол кезде Қазақ мемлекеттiк баспасының меңгерушiсi қызметiн атқарған.
Емберген Алтынбеков, Мұташ Дәулетқалиев басқаратын Коммунистiк жоғары оқу орнында оқу iсi жөнiндегi проректоры қызметін атқарған.
Қадыр Қуанышев 1906 жылы туған. 1930 жылдан бастап Коммунистiк партияның мүшесi болған, ол сол тұста Қазақ АССР Мемлекеттiк жоспарлау комиссиясының энергетика секторының меңгерушiсi қызметiн атқарыпты. Қазақтың, тіпті адамзат тарихында бұрын-соңды естіп, білмеген қасіретке толы, қайғылы, зұлмат жылдарда халық үшін бастарын оққа байлап, шындықты жазған бесеудің екеуі Бөкей ордасынан болуы да Бөкей, Жәңгір бастаған ағарту ісінде білім мен тәрбиенің, адалдық пен адамдықтың айқын көрінісі, заңды жалғасы екені сөзсіз.
Елді сауаттандыру, мәдениетке көп көңіл бөлген Бөкей хан заманының заңғар ұлы бола білді. Прогрессивті, әрі өміршең саясат ұстанған Бөкей саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ол халықтың әл-ауқатын арттыру үшін сауда ісін жаңғыртуға да жан-жақты жағдай жасады.
Жалпы, Бөкей Нұралыұлы халық мүддесін, ұлт болашағын бірінші орынға қойды. Мұрағат қорларында сақталған орыс шенеуніктерінің Ішкі Орда ханына қатысты көзқарасы бұл пікірімізді дәлелдей түседі: «Отарлаушылардың сенімін Бөкей ақтамады. Сондықтан Ресей Сыртқы істер министрлігінің Азия департаменті, Орынбор әскери генерал-губернаторы, Орынбор шекаралық комиссиясы және Астрахан генерал-губернаторы, Орал қазақ, қалмақ кордон басшылары тарапынан Бөкей қызметіне қатаң бақылау жасалды». Отарлаушы патша үкіметінің бұл бағасы Бөкей Нұралыұлының өз халқы үшін қалтқысыз еңбек еткендігін дәлелдей түседі.
Айболат Сейтақов,
экономика ғылымдарының магистрі,
Орал қаласы