Биылғы жаз ерекше ыстық болды. Оның үстіне жауын-шашын аз. Кенезесі кепкен далада шөп те қурап тұр. Сәл жылт болса, өрт лап ете түсер кезең нағыз. Жиын-терім мен шабындыққа шыққан диқандарға мұқияттық керек. Осындай өрт қауіптілігінің жоғары кезеңінде аудандағы ахуал жайында сауалды Теректі ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жарас Көпжасаровқа жолықтық.
- Жарас Нұрсұлтанұлы, ауа райы биыл ала жаздай жайсыз болып тұр. 40 градустан асқан ыстық, тамшы тамбаған күндер өрт шығу қаупін туғызады. Осы орайда ауданда өрт оқиғалары шығып жатқанын ара-тұра естіп отырамыз.
- Өкінішке орай, биылғы жазда өрт қауіптілігі ерекше жоғары. Жыл басынан бергі 8 ай ішінде Теректі ауданының аумағында 24 өрт оқиғасы тіркелді. Оның алтауы – табиғи өрт. 8 оқиға тұрғын үй секторында және 6 өрт оқиғасы автокөлікте орын алды. Екі оқиға бойынша, оның біреуі тұрғын үйде, біреуі шаруашылық құрылысында болған, өрттің туындауына жол берген үй иелері ҚР ӘҚБтК-нің 410 бабы 1 тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бір дала жануына кінәлі тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдық шығындар болғанымен, адам зардап тартуы болған жоқ. Материалдық шығын жағын айтсақ, Ақсуат, Ақсоғым, Богдановка, Шаған ауылдық округтерінде ірі шаруа қожалықтарының шаруашылық құрылыстары мен қысқыға жинаған мал азығы өртенді. Биылғыдай қуаңшылықта еңбекпен жинаған шөптің отқа кеткені шаруаларға оңай болмасы анық.
- Биылғы өрттен табиғат зор шығын тартып отыр. Күні кеше Ақсуат ауылдық округі аумағындағы орманды жерде біраз адамды әбігерге салған өрт жайына тоқталсаңыз?
- Жаздайғы орман өрті 756,5 гектарды жайпап өтті. Табиғи өрт Шағатай, Ақсуат, Ақжайық, Аңқаты, Федоровка ауылдық округтерінің жерінде болды. 24 дала жанулары тіркеліп, 200 гектардан аса аумақта құрғақ шөп жанды. Құрғақ шөптің жануына себепкер болған бір адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Күні кеше Жайық өзені жағасында, Ақсуат ауылдық округінде орман өрті орын алды. Өрт алдымен көршілес Бәйтерек ауданы жерінде шыққан. Содан от ұшып, орман іші қаулай жөнелді. Орманда от тисе лап ете түсуге дайын құрғақ ағаштар бар. Шөп те қурап тұр.
От сөндіруге 12 ӨСБ, 4 ӨСБ және жергілікті атқарушы органдары құрамы, ерікті өрт сөндіру құрылымдары мен орман шаруашылығының қызметкерлері қатысты. Өрт сөндірілді. Табиғатқа келген шығын орасан. Жайқалып тұрған жасыл ағаштар қара күл болып жатырғанын көру өте ауыр.
- Дала жұмыстары бітіп, жазғы-күзгі демалыс кезеңі аяқталғанға дейін өрт шығу қаупі азаймайды. Яғни, төтенше жағдайлар әлі де болуы мүмкін. «Ауруып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Осындай табиғатқа зиян келтіретін өрттерді болдырмау үшін қандай шаралар қолдану керек?
- Өрттің алдын алу және оны болдырмау үшін қандай шараларды мұқият орындауымыз керек екендігі жөнінде жыл он екі ай бойы айтып келеміз. Дегенмен, жаздың күні әсіресе сақ болған жөн. Жаз мезілі тәмамдала келді десек те, ыстық қайтпай тұр. Сол себепті аудан тұрғындары мен қонақтарын табиғат аясында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауын сұраймыз.
Табиғи өрттерге жол бермеу мақсатында:
- Орман, тоғай және дала алқаптарында сөндірілмеген отты қалдыруға, темекі тұқылын немесе шала жанған, бықсыған шүберектерді тастауға;
- Қалың ну арасында, ағаштардың түбіне, егіс алқаптарына, ағаш қоймаларының маңына от жағуға;
- Орман, тоғай және дала алқаптарында өздігінен өртенетін заттарды, атап айтқанда: жанармай сіңген шүберектерді, шыны ыдыстарды тастауға болмайды, себебі бұл заттар күннің қызуымен күйіп құрғақ шөптерде от жалынын тудыруы мүмкін;
- Орман алқабында, саяжайларда құрғақ шөптерді өртеуге;
- Қамыстарды жағуға;
- Желді күні от жағып, оны қараусыз қалдыруға;
- Тұрақтан кетіп бара жатып сөндірілмеген отты қалдыруға тиым салынады.
Табиғи өрттің орын алуын байқағанда, мүмкіндігінше өртті сөндіруге тырысыңыз. Егер өртті дер кезінде сөндіру мүмкін болмаса, дереу қауіпсіз жерге кетуіңіз қажет.
Міндетті түрде өрт сөндіру қызметінің 101, 112 нөміріне немесе орман шаруашылығы қызметіне хабарласыңыз.
Сұхбаттасқан Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz