Оралда 5517 әскери бөлімінің клубында қазақтың Ұлы ақыны, ойшыл, философ Абай Құнанбайұлының туғанына 176 жыл толуына орай "Абай жолы – болашақ бағдары" акциясы аясында «Абай ұлтымыздың рухани мақтанышы» атты әдеби-музыкалық танымдық кеш ұйымдастырылды.
Қазақ халқының XIX ғасырдың аяғынан күні бүгінге дейінгі тарихында Ұлы ақын, ағартушы, данышпан Абай Құнанбайұлының алар орны ерекше. Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазына.
Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазына. Заман ауысып, уақыт өткен сайын халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының терең қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде.
Қазақстан Республикасы Президенті Токаев Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық болуы тиіс».
Іс-шараның шымылдығын Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актері, мәдениет саласының үздігі Мусағали Жайғалұлы Бектенов "Қалың елім қазағым!" шығармасымен ашып, сонымен қатар Абайдың "Сегіз аяқ", "Айттым, саған Қаламқас" әнін домбырамен шырқап берді.
Кеш барысында ақынның "Жарқ етпес қара көңілім", "Желсіз түнде жарық ай", "Көзімнің қарасы" т.б. әндерін облыстық жастар шығармашылығы орталығы әншілері шырқады.
Сондай-ақ, әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелерінің арасында өткізілген "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан..." атты байқауда жеңімпаздар әскери бөлімнің материалдық және техникалық қамтамасыз ету ротасының сарбазы қатардағы Серік Жылқыбаев, әскери қызметші Жанар Есенғалиеваның қызы Назерке Максутова ақын өлеңдерін оқыды.
Аталмыш шараны музыкалық көркемдеуге қолдау көрсеткен облыстық жастар шығармашылығы орталығы ұжымына және акция барысында өткізілген шараларға белсенді қатысқан әскери қызметшілерге, өнерпаздарға бөлім командирі, подполковник Сағындық Алкайдаров алғысын білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
Айта кету керек, Абайдың дүниетанымының қалыптасуына гуманистік идеяларды ұстанған шығыс ақындары мен ғалымдары (Фирдауси, Әлішер Науаи, Низами, Физули, Ибн Сина және басқалары), сонымен қатар орыс классиктерінің шығармалары және солар арқылы жалпы Еуропа әдебиеті әсер етті. Крыловтың, Лермонтовтың, Пушкиннің, Гете мен Байронның шығармаларын аударған.
Сондай-ақ, Абай 170 астам өлең жазды. 56 аударма мен философиялық трактаттар стилінде жазылған қырық бес «Қара сөздің» авторы. Қара сөздері тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды. Бұл шығармаларында этникалық қазақтардың тарихы, педагогикасы, адамгершілігі және заңы мәселелері көтерілген. Абай қазіргі кезде танымал болып табылатын жиырма шақты әуен шығарып, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз.
Алмагүл Жұмабекова,
майор
Орал қаласы