24.08.2021, 9:39
Оқылды: 52

Өрт өршіп тұр...

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, биылғы аптап ыстық мал-жанның апшысын қуыруда. Әсіресе, өңірде өрт қаупі күшейе түсті.

237227142_4250796071636816_7338000039465097746_n

Жалпы өрт қауіпті кезең 1 сәуірде басталады. Сол кезден бері өңірде  5452 гектар аумақты қамтыған 137 табиғи жану орын алған. Бұл – былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда екі есе аз көрсеткіш. Десе де, тамыз  айында күннің ыстығына байланысты тілсіз жаудың күшейіп тұрғаны рас. Себебі, өрт қауіпті кезеңі басталғаннан бері болған 29 табиғи өрттің 19-ы тек осы тамыз айында орын алыпты. Сондай-ақ күні бүгінге дейін 12 дала өрті 3609 гектарды, 17 дала өрті 479,6  гектарды шарпыған. Оралда, Теректі және Бәйтерек аудандарында табиғи жанулар жиі орын алуда.

Тамыздың 19-да  сағат 22.00 шамасында Орал қаласының Сарытау шағынауданында  басталған өрттен құрғақ шөп жанып, 8  гектарды шарпыды. Төтеншеліктер өртті сағат 01.20-да ауыздықтап, қауіпсіздік үшін от шарпыған жерге су шашып өтті. Сонымен бірге дәл осы күні Асан ауылы, 2-саяжай аумағы, «Романтика» турбазасында да өрт шықты. Тілсіз жаудың қаһарын аптап ыстық пен аңызақ жел күшейте түскен еді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Мереке Жұмағалиевтің айтуынша, табиғи жануларға көбінесе адамдардың  қауіпсіздікке салғырт қарауы себеп болуда.

– Көлікпен  кетіп бара жатып, жол жиегіне темекі тұқылын лақтыратындар бар. Әлде болмаса, ақауы бар ескі техникадан аққан май, лақтырып кеткен шөлмек сынықтары да өрттің шығуына бірден-бір себеп. Жалпы табиғи жанулардың 90%-ы тұрғындардың кінәсінен болады. Мәселен, Сарытаудағы өртті алайық. Ол жерге найзағай түскен жоқ. Автокөлік жолы өтетіні рас. Сондықтан тұрғындардан  өртке қарсы сақтық шараларын ұмытпауларын сұраймыз. Әсіресе, бүгінгідей аптап ыстықта  айналадағы қауіпсіздікті ойлау ауадай қажет. Балалардың сіріңкемен, тез жанатын заттармен  ойнамауы  үнемі қадағалану керек. Далалық жұмыстарда жүрген техникалардың да ақаусыз жұмыс істегені жөн. Жалпы тілсіз жау адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зиян. Сол үшін барлық адам өртке қарсы сақтық шараларын ұмытпау керек, – дейді Мереке Бауыржанұлы.

Айтып ауыз жиғанша, жексенбіде, яғни 22 тамызда облыс орталығындағы 1-саяжай аумағындағы «Автомобилист» бау-бақша серіктестігіне жақын жерде 20  га құрғақ шөп пен  10 га орманды алқап отқа оранды. Сонымен бірге Сырым ауданы Жосалы ауылдық округіндегі Қоңыр ауылы маңында да өрт шықты. «Жанғожа-С» ШҚ аумағындағы 250 тонна сақталған шөп отқа оранып, тілсіз жау шаруашылық нысанын шарпыды. Тағы да өңірдегі бірнеше жер тілсіз жаудың тырнағына ілінді.

Қалай десек те, өртпен бетпе-бет келіп жүрген төтенше жағдайлар қызметкерлерінің кәсібилігіне, ерік-жігеріне құрметіміз зор. Аптап ыстықпен айқасып, жалаңдаған жалынға қарсы шайқасқан төтеншеліктердің жұмысы – қауырт, қызметі – ауыр. Сондықтан сақтық шаралары мен  өрт қауіпсіздік ережелерін естен шығармайық, әлеумет!

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале