Орал қаласындағы NIS оқушысы Айнамкөз Рафихова ойыншылар қазақ халқының мақал-мәтелдерін, ертегі мен жаңылтпаш, ертегілер мен аңыздар, жұмбақтар, ырым-тыйымдар мен тұрақты тіркестерді жетік білуімен сыналатын «Зерек» үстел ойынына авторлық құқық алды. ⠀
Автор кітап, фильм сияқты ұлттық идеологияны насихаттау құралы ретінде үстел ойынына да орын бар деп есептейді. Бүгінде «Зеректің» электронды нұсқасы желіге жүктелген, сәйкесінше ойыншылар саны да күн санап артып келеді. Айнамкөз болашақта ойынның тақырыбын кеңейтіп, түрлендіру жоспарда екенін айтады. ⠀
– Алдағы уақытта нақты шығармалар бойынша сұрақтар дайындау жоспарда. Мысалы, М.Әуезовтің «Абай жолы» шығармасындағы салт-дәстүрге фокус жасау да ойда бар. Басты мақсат – ұлттық дәстүр, фольклор мен ойындар, әдебиет пен этномәдениетті білу қарқынды дамып келе жатқан қоғамда өте маңызды екенін көрсеткім келеді, – дейді автор. ⠀
Жас ғалымның ғылыми жетекшілері, Жансәуле Максутова мен Жанна Кулбекованың пікірінше, оқушының өзі қызығып, шын ықыласымен жасаған жұмыс нәтиже көрсетеді.⠀
– Жетекші ретінде тақырыпқа қатысты теориялық материалдарды іріктеп ұсыну, оқушыға үнемі қолдау көрсету, жұмысты жүйелі жүргізуге назар бөлу, үнемі енгізген өзгерістер бойынша диалог құру маңызды, – дейді Жансәуле Артурқызы.⠀
Соңғы зерттеулер XXI ғасырдың жастары клиптік ойлау және геймификацияға бейім екенін көрсетеді. Олар кез келген ақпаратты ойын түрінде берілген жағдайда тез қабылдап, меңгеріп алатынын айтуда.⠀
Айдана Хамидуллина,
Орал қаласындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы