26.08.2021, 12:11
Оқылды: 56

Дала өрті сөндірілді

«Жаз бойы дала өрті орын алмады» деп шүкір айтып жүрген төтеншеліктер соңғы айда күшейтілген режимде жұмыс жасауда. Соңғы 15-20 күн ішінде өрт сөндірушілерден маза кетті. Аптап ыстық кепкен шөпті өртеп, аудан ғана емес, барша облыс көк түтіннің астында қалды. Өткен аптадағы алапат өрт Бәйтерек ауданын да айналып өтпеді. Төтенше жағдайлар бөлімінен түскен мәліметтерге сүйенсек, тамыз басталғалы ірілі-ұсақты 60-тан астам дала өрті орын алыпты.

дала өрті (2)

Аудандағы ең алғашқы ірі дала өрті 16 тамыз күні болды. Сағат 12:55-те тұтанған жалын Трекин және Володар ауылдарының арасында орналасқан Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты жерді жалмаған-ды. 130 гектардан астам аумаққа жайылған тілсіз жау 119,7 га орман алабын күлге айналдырды.

Трекиндегі жағдайды ауыздықтап, енді тынышталды-ау дей бергенде  Янайкин ауылдық округінен 15 шақырым жердегі Орал ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ-не тиесілі жерде өрт шыққаны туралы хабар келді. Оқиға орнына №24 және №35 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері мен 15 ерікті өрт сөндіру жасағының жауынгері, 7 әкімдік қызметкері барды. Сондай-ақ орман шаруашылығында жұмыс жасайтын 12 адам да отпен алысты. Өрт 40 гектар жерді алды. Сөндірушілер мен оларға көмекке барған азаматтардың арқасында жалын көп жайыла қоймады. Одан соң аталған аймақта тағы өрт шықты. 21 тамыз 12:01-де күш алған тілсіз жау 60 гектар жерді алды. Отқа оранған аумақтың 40 гектары орман алқабы еді. Адам мен оттың шайқасы бір тәуліктен астам уақытқа созылды. Өрт 22 тамыз 20:08-де толық сөндірілді. Зардап шеккендер болған жоқ.

,,,,

Одан бөлек, ауданға қарасты Забродин елді мекенінде тұрғын үй өртенген. №24 өрт сөндіру бекеті мамандары оқиға орынына жеткенше, үйден ұшқан шоқ Колос, Берекет, Необутов шаруа қожалықтарының алқабына шауып, 84 гектар жер өртке оранды. Өрт сөндірушілердің ерлікке пара-пар қызметінің арқасында жалын құрықталды. Мал мен адам шығыны болмағаны да қуантады.

Тамыз айының соңғы апталары расымен де қиынға соғуда. Өрт бірінен соң бірі тұтанып, күш беретін емес. 22 тамыз күні Щапов ауылына қарасты аумақта тағы құрғақ шөп өртеніп, жалын орман алқабына бас салды. Өрт сөндіруге аудандық төтенше жағдай бөлімі мен ерікті өрт сөндіруші құрылымның 5 жауынгері, №7 мен №4 өрт сөндіру бекетінің кезекші ауысымы шықты. Жалын құрықталып, мән-жайды анықтау жұмыстары кезінде отқа оранған «Хреновое» көлінің маңы Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау КММ тиесілі екені белгілі болды. 80 га алқапқа жайылған жалын орманның 5 гектарын күл етіп үлгерді.

Дәл сол 22 тамыз сағат 18:39-да №24 өрт құтқару бекетінің кезекшісіне  Январцев ауылдық округінде де өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өртті сөндіруге №22, №5, №32 өрт сөндіру бекеттерімен орман шаруашылығы қызметкерлері, жергілікті әкімдік мамандары, сондай-ақ ерікті өрт сөндіру құрылымдарының жауынгерлері барды. Өрт сөндірушілер жеткенше 15 гектарға жайылып үлгерген қызыл жау уақтылы тоқтатылған. Анықтау жұмыстарын жүргізген мамандар құрғақ шөп жанғанын айтты. Абырой болғанда зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Тамыз айында 65 өрт тіркеліпті. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Жанболат Жасталаповтың айтуынша, 18-і – орман өрті, 34-і құрғақ шөп жануы орын алған. 13 өрт оқиғасы дер кезінде өшіріліп, арты жалынға ұласпапты.

- Ауданның біраз жері күлге оранды. Азаматтық қорғаныс жүйесін дамыту, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен өрт оқиғаларының алдын алу және болдырмау мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылып, үгіт-насихат жұмыстары жүйелі жүргізіліп отыр. Десе де айтып келмейтін апаттың алдын алу мүмкін болмауда. Ауа-райының да әсері бар, -дейді төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Жанболат Жасталапов.

Маман ауданда өртке қарсы қызмет құрылмаған шағын елді мекендер әлі де бар екенін айтады. Оның сөзінше, ерікті өрт сөндіру құрылымдарының санын арттыру керек екен. Бүгінгі таңда екі мемлекеттік емес өрт сөндіру бекеті, 22 ауылдық окрукте жалпы саны 288 адамнан тұратын ерікті өрт сөндіруші құрылым бар екен.Олар 137 дана түрлі автотехника, 222 аспалы өрт сөндіргіштермен жабдықталған. Аудан аумағында 207 өрт сөндіру гидраты, 6 су қоймасы орналасқан, барлық су құбырлары жарамды болса да, дала өрті кей кезде күш бермей жатады екен. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары ерікті өрт сөндіруші құрылымдарының көмегі көп тиетінін де атап өтті.

Қазір өрт фактілері жайындағы хабарламалар күнделікті түсіп жатқанын жеткізген төтеншелік өртке қарсы қызмет жауынгерлері күшейтілген режимде жұмыс атқарып жатқанын жеткізді. Айтуынша, өрт ыстықтан немесе қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамау салдарынан туындайды екен.

- Кез келген сәтте тап беріп, жалынға оранған заттың үстіңе құлап кетуі, иіс тиіп, ес жоғалтуы адам шығынына әкелуі мүмкін. Сол себепті өрт сөндірушілерге де бұл кезең оңай соғып жатқан жоқ. Оның үстіне табиғатқа келген шығын да қомақты. Сол себепті аудан тұрғындарына өрт қауіпсіздігін  қаперден шығармауларын сұраймыз, - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Жанболат Жасталапов.

 

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале