27.08.2021, 10:32
Оқылды: 20

Бәрі де сапалы білімге байланысты

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталмақ. Өткен жылы Ә.Молдағалиева атындағы №38 мектеп-лицейі Зашаған кентіндегі су жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Қазіргі кезде білім шаңырағында жаңа оқу жылына дайындық қалай, осы жөнінде газет тілшісі мектеп-лицей директоры  Шынар Сағынғалиевамен әңгімелескен еді. 

 38-мектеп-34

– Шынар Октябрьқызы, Х.Досмұхамедов көшесінде орын тепкен 900 орындық жаңа мектеп ғимараты алыстан көз тартады. Биыл мектеп-лицейде қандай өзгеріс, жаңалықтар бар?

– Біз өткен оқу жылын 316 оқушымен бастасақ, қазіргі кезде мектепке келушілер саны әлдеқайда артты. Жаңа оқу жылында 1940 шәкірт екі ауысымда білім алатын болады. Соның ішінде бастауыш сыныптарда оқитындар саны 934-ке жетті. Сондай-ақ 187 бала мектепалды даярлық тобына барады. Білім күні бірінші сынып оқушыларына салтанатты түрде «Әліппе» оқулығы табыс етіледі. Ал басқа сыныптарда «Тәуелсіздік жетістіктері» атты тәрбие сағаттары өтеді. Сайып келгенде, біздің осындай іші-сырты бірдей келіскен, кең де барлық жағдайы жасалған білім шаңырағында оқуымыздың өзі – ата-бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздігіміздің арқасы. Жалпы, мектеп ғимаратында 49 оқу кабинеті бар. Сондай-ақ смарт кабинет, робот техникасы, өнер кабинеті шәкірттер үшін дайын.  14 кабинет LED интерактивті тақтамен, 14 кабинет интерактивті тақтамен жабдықталған, барлық кабинеттер интернетке қосылған. Биология, физика және химия кабинеттері сандық лабораториялармен жасақталған. 20 орындық оқу залы мен кітапхана, 2 шеберхана, 158 орындық көрермен залы, 260 орындық асхана, гимнастика, спортзалдары да бар.

– Шынар Октябрьқызы, қысқасы, сапалы білім беру үшін толық жағдай бар дейсіз ғой?

– Иә, біздің басты мақсатымыз да – жеткіншектерге сапалы білім беріп, ұлттық діл мен тілге суарылған, адамгершілік рухани жан-дүниесі бай тұлға қалыптастыру. Осы бағытта 149 мұғалім еңбек етеді. Олардың ішінде жаңашылдығымен дараланып жүрген ұстаздар баршылық. Әлемді жайлаған індетке байланысты мектептерде онлайн оқытуда біраз қиындықтар болғаны жасырын емес. Ендігі мақсат – сол кеткен олқылықтардың орнын толтыру.

– Бұрын мектеп қала орталығындағы тар ғимаратта орналасқаны белгілі. Енді кең ғимаратқа көшкеннен кейін тыныстарыңыз кеңейіп, мүмкіндіктеріңіз де молая түскен шығар?

– Шынымен де солай. 200 жылдық тарихы бар ескі ғимаратта 15 сынып комплектісі ғана болды. Қала әкімдігі Зашаған кентінде лицей ашуды мақсат етіп қойғаннан кейін осында көштік. Қазір бір ғана Зашаған бау-бақша серіктестігі аумағынан 1200 шәкірт мектепке келіп, оқиды. Олар қалаға бармай-ақ, енді мектеп-лицейдегі өз ісін жетік білетін, талапшыл ұстаздардан дәріс алатын болады. Осылайша элиталық орта қалыптасса, бұдан бәріміз де ұтамыз. Жаңа ғимаратқа аталмыш кенттегі №10 мектептен 1200, №47 мектептен 160 оқушы пән мұғалімдерімен, сынып жетекшілерімен түгелдей ауысып келді. Қазір бірге жұмыс жасап жатырмыз. Мектепте қадр тапшылығы жоқ, толықтай қамтылған.

– Бұрын лицей сыныптарда оқыған шәкірттер әлі қаладан келіп жүр ме?

– Әдетте ата-ана «Біз мектеп іздеп келмейміз, мұғалім іздеп келеміз», – дейді. Яғни олар өз балаларын білім сапасы жоғары оқу орындарында оқытқысы келеді. 100 пайыз демей-ақ қояйын, солардың 60 пайызы қаладан қатынап, білім алуда.

– «Мектептің жүрегі – мұғалім» дейміз. Өзіңіз де айтып отырсыз, ата-ана мектеп емес, мұғалім іздеп келеді деп. Ендеше, мектепті алға тартатын ұстаздар да аз емес шығар...

– Оған сөз бар ма. Осы орайда мен ұстаздардың ұстазы деп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжиһан Тасқаринаны айтар едім. Ол қашықтан оқытудың қиындығына қарамастан, шәкірттерін олимпиадаға дейін дайындай білді. Қала бойынша педагог шебер атағын алғаш алған ұстазымыз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сол сияқты ол кісінің ізбасарлары ретінде Ақмарал Баймолдина мен Ләззат Құсайынованы айтуға болады. Биология пәнінің мұғалімдері Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері Шынар Қаратаева мен Алма Шүкірованың шәкірттері де республикалық жоба-байқауларда оза шауып жүр. Ал орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Бисенғалиева облыстан «Үздік педагог – 2021» аталымын жеңіп алып, республикаға жолдама алды. Оның әріптесі Гүлнәр Шоламбаеваның шәкірті республикалық олимпиадада бірінші орынға ие болды.

– Соңғы сауал, лицейде қандай пәндер тереңдетіліп бойынша оқытылады?

– Жалпы, лицей жаратылыстану-математикалық бағытында болғандықтан, физика-математика, химия-биология пәндерін тереңдетіп оқытамыз. 5-6-сыныптарда зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, оқушылардың бейінін байқаймыз. Жетінші сыныптан бастап емтихан негізінде қабылдаймыз.

Жаңа оқу жылының басты жаңалығының бірі ретінде ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің жобасын айтуға болады. Заманауи көштен қалмау үшін ағылшын тілін білу де аса маңызды. Осы мақсатта мектептегі 12 мұғалім өз жобаларын жасап, 5-сыныптан бастап ағылшын тілінен ақысыз, тегін курстар ашып отыр. Жоба негізінде 10-сыныптан бастап қоғамдық гуманитарлық бағытта ағылшын тілі де тереңдетіліп оқытылатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет. Жаңа оқу жылында сәттілік тілейміз!

 

Сұхбаттасқан:
Ғайса Бәймен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале