31.08.2021, 11:41
Оқылды: 25

Ардагерлер жарысады

Орал қаласында тамыздың 24-25-і күндері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ҚР Конституциясы күніне орай еңбек ардагерлері арасында спорттың волейбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ түрінен облыстық жарыс өтті. Жарысқа аудандардан және Орал қаласынан спортты өміріне арқау еткен жүзге жуық ардагер қатысты. 

240238342_1766441650218656_3932527605353338254_n

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ардагерлерді осынау спорт мерекесімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасыларына амандық тіледі.

– Жарысқа қатысқалы тұрған ардагер спортшылар облыс жастарына саламатты өмір салтының шынайы үлгісін көрсетуде. Ардагерлер арасындағы бұл бірегей жарыс алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтеді деген сенімдеміз. Өңіріміздің әр ауданынан келіп, спорт сайыстарына қатысқан ардагерлерге зор алғысымызды білдіремін. Үнемі спортпен айналысу, қазіргі кезде әлемді жайлаған індетті жеңудің бір жолы. Егер  саламатты өмір салтымен жүйелі түрде шұғылдансақ, қазір елді елеңдетіп отырған  пандемияны жеңетінімізге күмән жоқ. Бүгінгі жарысты өткізуге облыстық ардагерлер кеңесі дәнекер болды. Осындай жобалар тек спортта емес, мәдениет пен өнерде жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Алдағы уақытта өз тарапымыздан қолға алғалы отырған жақсы жобаларымызға ардагерлер арасындағы осы жарыс керемет бастама болсын, – деді Бақытжан Хаберұлы.

240384400_1766441666885321_7827396681990015443_n

Жиында сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген жарысқа 12 ауданнан 11 ауданның ардагерлері қатысып отырғанын, облыс орталығынан шалғайда жатқан Жәнібек, Казталов аудандарынан ат сабылтып келген ардагер спортшыларға, осы аудандардың басшылары мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағаларына ризашылығын білдірді.

– Біз зейнеткерміз деп үйден шықпай, көпшікті жас-танып, қалың көрпені төсеніп жатып алғаннан көрі осындай сергек өмірге бетбұрып, спортты әрдайым серік еткен ардагерлер қашанда көпшіліктің құрметіне бөлене бермек. Осындай  жарыстардың  жалғасын табуына өз тарапымыздан қолдан келгеннің бәрін істейтін боламыз. Алдағы уақытта облыс ардагерлерінің арасында теннистен, бильярдтан, би билеуден, аталар жарысынан  іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді облыс ардагерлерінің көшбасшысы.

Ардагерлер арасында шахмат­тан, дойбыдан, тоғызқұмалақтан жарыс қаладағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. Мұнда спорттың аталған түрінен сайысқа аудан­дардан келіп қатысушы  ардагерлердің қарасы көзге көп көрінді.

– Қазір 11 команданың спортшылары бақ сынауда. Аудан­дардан Қаратөбе, Бөкей ордасы командалары әзірге қатыса алмай отыр. Жалпы шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сайысына әр ауданнан, қаладан бір-бір адамнан қатысуда, – деді спорттың осы түрлерінен өтіп жатқан жарыстың басы-қасында жүрген облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әділгерей Ғаббасов.

Орал қаласындағы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің спорт залында  волейболдан өткізілген аудан командалары арасындағы жарыстың өзіндік мән-сәні зор болды. Ойынөтіп жатқан спорт залда әр ауданнан келген волейболшылар басталып кеткен сайысты көз алмастан тапжылмай отырып, қызыға тамашалауда.

– Тап қазір Бәйтерек және Каз­талов аудандары ардагерлері арасында волейболдан тартысты ойын өтіп жатыр. Біздің командаға  кезек енді аздаған уақыттан соң келеді. Волейбол жарысы ойдағыдай ұйымдастырылған, көңілімізден шықты. Командалар арасындағы әрбір жарыс тартысты әрі қызықты өтеді деп ойлаймын. Біздер, ардагерлер, әр салада кезінде бірге қызметтес болған, көптен жолықпай жүрген жора-жолдастарымызды, ағаларымызды көріп, қуанулымыз. Бүгінгі жарысқа қатысушы командаларға сәт­тілік тілеймін, – деді Жәнібек ауданының атынан қатысушы Сапарғали Сиражев.

Волейболшылар бәсекесінің бас төрешісі Сергей Казак сайысқа 8 команда қатысуда екендігін  айтты.

Екі күнге созылған ардагерлер арасындағы спорт сайысы бір күнгідей болмай өте шықты. Жарысты қорытындылайтын да мезгіл келіп, нәтижесі белгілі болды. Тоғызқұмалақтан Казта­лов ауданынан келген ардагер Айтжан Жұмағазиев ешкімге дес бермей, бірінші орынды иеленсе, екінші, үшінші орындарды тиісінше Жәнібек, Орал қаласының ардагерлері Қасанғали Асанғалиев пен Әбдікәрім Ұзаққали еншіледі. Дойбыдан бірінші, екінші, үшінші орындарды сәйкесінше Орал қаласының, Бөр­лі, Шыңғырлау аудандарының ардагерлері Любовь Чистякова, Берік Айменов, Білікбай Қазиханов иемденсе, шахматтан Бөрлі, Бәйтерек, Жәнібек аудандарының ардагерлері Мұсағали Тілегенов, Тайыр Жұмабаев, Қадер Орақаев тиісінше бірінші, екінші, үшінші орындарға тұрақтады. Ал волейболдан өткен жарыста Бөрлі ауданының ардагерлеріне тең келер команда болмады. Бәйтерек, Сырым аудандарының волейболшы ардагерлеріне сәйкесінше екінші және үшінші орын бұйырды. Ардагерлер арасындағы өткен спорт түрлерінен сайысқа қатысқандарға диплом, медаль және естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

Нұрымбек Жапақов,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале