Жаз айларын өзінің туған өлкесіндей болып кеткен Батыс Қазақстан облысында өткізген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аветик Амирханян жергілікті жұртпен жүздесіп, өңірдің қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, әрі қордаланған әлеуметтік мәселелерге де қанықты. Мәжіліс депутаты алдымен Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халеловпен, этномәдени бірлестік жетекшілерімен және тұрғындармен кездесті.
Тасқалалықтар аудан орталығында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің (ДСК) құрылысына қатысты мәселе көтерді. «ҚПО б.в.» компаниясының бөлген қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан кешен құрылысы уақытынан кешеуілдеуде. Оған себеп – құрылыс материалдарының күрт қымбаттап, қаражат жетіспеушілігінің туындауы. Егер жыл соңына дейін кешенді салу жұмысы баяу атқарылса, келесі жылы құрылыс құны екі есе шарықтап, жобалық-сметалық құжаттама есебі уақыт талабына сәйкес келмей қалу қаупі бар. Сайлаушылар Аветик Амирханянға ДСК-ның құрылыс қарқынын жеделдете жүргізуге ықпал етуін өтінді. Мәжіліс депутаты бұқаралық спортты дамытуда аталған нысанның айрықша маңызы бар екенін, бұл мәселені жауапты құрылымдардың назарында болуын қадағалайтынын айтты.
А.Амирханян Бөрлі ауданындағы Бөрлі ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Биыл жүзеге асып жатқан реформа бойынша ауыл әкімі сайлауы өтті. Округ жұртшылығы «жас та болса, бас болуға лайық» деп санап, басым дауыспен аталған округтің әкімі лауазымына Әзілхан Зарифовты сайлады. Ауылдық округте бас-аяғы 1151 түтін бар. Тұрғындардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Бөрліден Ақсай қаласына дейін тақтайдай тегіс жол салынған. Биыл жеке инвестиция есебінен ауылда супермаркет ашылмақ. Осылай қызу да қарбалас қам-қарекет ортасында жүрген бөрліліктерді мазалайтын өзекті мәселелер де баршылық. Соның бірі – ауылдық округ аумағындағы электр желісінің 80 пайызының әбден тозғаны. Тұрғындар электр қуаты жиі сөніп қала беретініне наразы. Облыс бойынша электр жүйесінің мүшкіл екендігі біраздан белгілі жайт. Мәжіліс депутаты бұл мәселемен етене таныс екенін тілге тиек етіп, өңір энергетикасының жаңарып-жаңғыруына қатысты мәселелерді көтеретінін айтты. Сонымен қатар биыл өткен ауыл әкімін тіке сайлаудың маңыздылығына тоқталды.
Депутат жұмыс сапары кезінде Бәйтерек ауданындағы агроөнеркәсіп құрылымдарының тыныс-тіршілігімен танысты. Бәйтерек – нулы да сулы жер. Аудандағы шаруа қожалықтары мен серіктестік құрылымдары мал өсіріп, егін салады, бау-бақша шаруашылығына да кет әрі емес. Шаруалар биыл егін шығымының төмен екенін айтуда. Оған жазғы маусымда жауын-шашын түсімінің аз болуы өз әсерін тигізген. Фермерлер агротехниканы сатып алу қымбатқа түсіп отырғанын тілге тиек етті. Тіпті қосалқы бөлшектерді жаңалаудың өзі мұң болуда. Ал егіс алқабын игеру үшін соңғы үлгідегі техникалардың қолда болғаны аса маңызды. Амирханян депутат ретінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруаларға жеңілдетілген несиемен техника сатып алу мүмкіндігін қарастыруға байланысты ұсыныс хат жолдағанын айтты.
Мәжіліс депутаты Орал қаласының Зашаған кентіндегі №6 емхана ұжымымен де жүздесті. Коронавирус індетіне байланысты қарбаластың бітпеуі медицина қызметкерлерінің ерік-жігеріне ерекше сын болуда. Қала жанындағы Зашаған кентінде жылма-жыл бірнеше көп қабатты жаңа үй салынуда. Соған байланысты тұрғындар саны көбейген үстіне көбеюде. Тұрғылықты мекенжай бойынша №6 емхана көмегіне жүгінетіндер көп. Осыған орай емханадағы учаске дәрігерлерінің жүктемесі еселеніп артуда. Сондықтан депутат 70 мыңнан аса зашағандық үшін қала әкімдігі зәулім ғимараты бар тағы бір емхана ашқаны дұрыс деп санайды. Аветик Рубенұлы медицина саласындағы кадр тапшылығынан да хабардар. Мәжіліс депутатына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков облыс бойынша 250 дәрігер маман қажет екенін мәлімдеген.
Аветик Рубенұлы азаматтық қоғам белсенділерімен де жүздесті. Орал қаласы әкімдігінің Басқақ тоғайын қақ жарып өтетін аутожол салу жобасы көпшілік арасында пікірталас тудырғанына біраз уақыт болды. Тұрғындардың біразы қаланың өкпесі іспеттес ну орманның оталуына наразы. Құрылыс жобасына қарсылық танытқан белсенділер депутатпен кездесуде атқамінерлерге қойып отырған басты талаптарын айтып, орман-тоғайды аман алып қалудың маңызын тілге тиек етті. Соған байланысты Аветик Амирханян шаһар басшысы Абат Шыныбековпен жүздесіп, тоғай тағдырына қатысты уәжін ашық айтып жүргендерге құлақ асуға кеңес берді. Мәжіліс депутаты жасыл желек жамылған қала экологиясын көздің қарашығындай сақтау керек деп есептейді. Аветик Амирханян Деркөл кентіндегі саябақта «Жасыл ел» еңбек жасағымен кездесті. Мәжіліс депутаты саябақ ішін тазалап, көркейтуге атсалысып жүрген жастарға дән риза болып, бастамаларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар шаһар басшылығына қала іргесіндегі саябақты абаттандыруға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлуді ұсынды.
Айта кетейік, Аветик Амирханян – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі. 2021 жылдың қаңтар айында өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауында ҚХА тоғыз үміткерді ұсынды. Олардың арасында Батыс Қазақстан облыстық «Масис» этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амирханян бірауыздан Мәжіліс депутаты болып сайланды. Қоғамдық іс-шараларға белсене атсалысатын, құрылыс саласында өзіндік қолтаңбасы бар кәсіпкер азамат «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен және «Құрмет» орденімен марапатталған.
Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz