10.09.2021, 17:29
Оқылды: 69

Тәжмұратовтар – лауреат!

10 қыркүйекте 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңі қорытындыланды. Бұл ауқымды бастамада көпбалалы және жас отбасылар, еңбек династиялары бақ сынаған. Бөкей ордасы ауданы Бөрлі ауылында тұратын Тәжмұратовтар отбасы сынға түскен салт-дәстүрге берік, үлгі алуға тұрарлық әулеттер қатарынан табылып, облыс намысын қорғаған болатын.

 f271fdac-5bfa-416f-b0de-ab69501d1f92

Онлайн форматта өткен іс-шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты. Ұлттық байқаудың тарихы туралы бейнеролик көрсетілгеннен кейін ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев:

– Отбасы күні әрбір қазақстандық отбасы үшін айрықша күн. Дәстүрлі түрде осы мереке қарсаңында біз ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Мерейлі отбасы» байқауының лауреаттарын марапаттаймыз. Осы кезге дейін бұл жобаға республика бойынша 18 мыңнан астам отбасы қатысты. Олардың әрқайсысы үздік отбасылық дәстүрлер мен ұстанымдардың үлгісіне айналды, - дей келе, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқыды. Құттықтауда:

– «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы халқымыздың біртұтас ұлт ретінде ұйысуына негіз болып отырған отбасы құндылықтарын дәріптейтін бәйге. Биылғы байқау қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Мен отбасы саясатына баса мән беремін. Ұрпақтың бойындағы адамгершілік пен адамдық, еңбекқорлықпен пен мейірімділік, ұлтшылдық пен отаншылдық сияқты асыл қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады. Қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтарды халқымыздың өмір салтына айналдыру – аса маңызды міндет. Байқауға қатысқан отбасылардың қай-қайсысы да жеңімпаз атануға әбден лайық, - делінген.

d380d110-395a-4702-ad1d-0d9f33871dab

Жеңімпаз отбасылар жайлы бейнеролик көрсетілгеннен кейін Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының намысын қорғаған отбасы мүшелері сөз сөйлеп, аталмыш байқаудың ұйымдастырушыларына алғыс айтты.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы лауреат атанған отбасыларға үлкен ризашылығын білдіргеннен соң өңір басшысы Тәжмұратовтар отбасына статуэтка, мемлекет басшысы атынан диплом және 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сертификат табыстады.

685a1692-e5d9-4a88-ab35-22e3075de8c2

– Тәжмұратовтар отбасы – еңбекқор отбасы. Нағым Қитанұлы мектеп бітіргеннен кейін бірден еңбекке араласып, күні бүгінге дейін бойындағы бар қарым-қабылетін көпке көрсетіп келеді. «Нарын» жеке шаруа қожалығын басқарып, өңіріміз үшін маңызды, игі істерді атқарып жүр. Мал шаруашылығымен айналысу оңай шаруа емес. Тек біздің облыспен ғана шектелмей, басқа аймақтарды да етпен қамтып отырған отбасы бүгін республикалық ауқымды байқаудың биігінен көрінді, - деді Ғали Нәжімеденұлы.

a869666f-1f70-43bf-abc1-551d853706b5

Тәжмұратовтар отбасының 1997 жылдың сәуір айында құрылған «Нарын» жеке шаруа қожалығында 22 адам жұмыс жасайды. Қожалық төрт түліктің барлығымен айналысады. Қазақтың ақбас сиыры мен еділбай қойын асылдандыру бағытында жұмыстануда.

«Nur Otan» партиясының мүшесі, Бөкей ордасы ауданының 4-ші, 5-ші шақырылымның депутаты Нағым Қитанұлы халықтың қиналғанда жәрдемшісі, мұңайғанда демеушісі. Ата-анасынан көрген өнеге мен тәрбиенің арқасында біраз жетістікке жетіп, «Ерен енбегі үшін» медалімен, Бөкей ордасы ауданының «Құрметті азаматы» және «Құрметті еңбек ардагері» атағымен марапатталған. Жан-жары Кұрманғалиева Гүлнар екеуі ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп, қазіргі таңда немере, жиен сүйіп отыр.

b2a3b644-c35f-4993-bec6-45b621ae1f3a

– «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде 1 орынды жеңіп алып, міне, енді республикалық кезеңде жеңіс тұғырынан көріндік. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және отбасы күніне орай өткізілген бұл іс-шара елі, жері үшін еміренетін, патриоттық көзқарасы қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеуде маңызды роль атқарады, - деді Нағым Тәжмұратов.

Облыстық ішкі саясат басқармасы саяси партиялар және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің бас мамамы Алихан Қайыровтың айтуынша, биыл бұл байқауға облыс бойынша 30 отбасы қатысуға ниет білдірген. Биылғы байқаудың ерекшелігі 17 аймақтан қатысқан 17 отбасының бәрі жеңімпаз атанған.Жобаның мақсаты – отбасы құндылықтарын насихаттау, қазақстандық жанұялардың жағымды имиджін қалыптастыру.

 

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале