14.09.2021, 10:07
Оқылды: 52

«Халықшыл тұлға ретінде қадір тұттық»

Жайық жұртына танымал қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, КСРО халықтық бақылау саласының еңбек сіңірген қызметкері, ҚР Экология саласының үздігі Кәкен Көбейсінұлы Көбейсінов осыдан 90 жыл бұрын қыркүйек айында Бөкей ордасы ауданының Мешітқұм ауылында жарық дүниеге көрінген. Орта мектептен кейін Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтын және осы жоғары оқу орнының аспирантурасын тәмамдаған. Әуелкіде Орда, Жәнібек, Фурманов аудандарында шаруашылық-кеңес қызметінде болған К.Көбейсінов 1963-91 жылдар аралығында облыстық халықтық  бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін табан аудармай 28 жыл атқарды. Ол – Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының алғашқы ІV шақырылымының депутаты. Өзі өмір есігін ашқан ауданнан сайланған Кәкен  Көбейсінұлы депутат һәм ядролық-ракеталық сынақтарға қарсы «Нарын» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде сынақ полигондарының жылдар бойы зардабын тартқан жерлестерінің денсаулығын оңалту, тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында білім-білігі мен қажыр-қайратын сарқа жұмсаған аяулы азамат. 2019 жылдың қазан айында өмірден озған Кәкен ағаның жарқын бейнесін Жайық жұртының жадында ол кісінің көзін көрген, қызметтес болған, ағалық шапағатын сезінген батысқазақстандықтар арқылы жаңғырталық.

Кобейсинов-Назарбаев - копия

Гүлжиян БИСЕКЕНОВА,

Бөкей ордасы аудандық мәслихатының 1994-2012 жылдардағы хатшысы, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы:

– Кәкен Көбейсінұлы 1994 жылы Бөкей ордасы ауданы бойынша облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланып, сайлаушылар аманатына атүсті қарамайтын, қиянат жасамайтын азамат ретінде танылды. Шалғай әрі сынақ полигондарының зардабын көп тартқан аудан болғандықтан, Бөкей ордасында ол кездері қордаланған мәселе жетіп артылатын. К.Көбейсінов депутаттық міндетіне қоса, Батыс Қазақстандағы ядролық  ракеталық сынаққа қарсы «Нарын» қоғамдық бірлестігін құрып, осы ұйымның жұмысына жетекшілік жасады. Біздің өңірдің Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарының экологиясы мен тұрғындарының денсаулығына зиян-залалын тигізген Капустин Яр полигон жүйесінің зардаптары туралы жергілікті жұрттың ой-пікірін жеткізу үшін Елбасының жеке қабылдауында болып, сынақ полигонының зардабы туралы жан-жақты баяндады. Сонымен қатар Кәкен Көбейсінұлы полигонның зиян-залалын жылдар бойы тартып келе жатқан аудандардың тұрғындары үшін ауданаралық оңалту орталығын салу жөнінде бастама көтеріп, осы мұратқа жету жолында табандылық танытып, құзырлы құрылымдардың алдында депутат ретінде талай рет мәселе қойып, ақыры бұл бағытта да дегеніне жетті. Осыдан 12 жыл бұрын Жаңақала ауданының орталығынан ашылған аталмыш орталық күні бүгінге дейін талай адамның денсаулығын  нығайтып, ғұмырын ұзартқаны анық.

Кәкен Көбейсінұлы мінезі жәйлі, адамгер­шілігі мол, халық игілігі үшін қызмет етуді өзінің борышы деп санайтын жан еді. Облыстық мәслихаттың төрт  (І, ІІ, ІІІ, ІV) шақырылым бойынша депутаты болған К.Көбейсінов күрмеуі көп өткір мәселелерді терең талдап, әбден елеп-екшеп барып шешім қабылдауға пейіл танытатын. Сайлаушылардың ұсыныс-тілектерінің орындалу мүмкіндігі жөнінде үнемі аудандық мәслихатпен хабарласып, жергілікті жағдайға әбден қанығып отыратын. Әсіресе, полигон зардабын шеккен мүгедек  балалардың  немесе созылмалы сырқаты бар балаларды облыс  орталығындағы  мектеп-интернаттарға орналастыруға, табыс-кірісі аз отбасылардың ұл-қыздарының жоғары немесе арнаулы орта оқу орындарына түсіп оқуына, олардың шәкірт­ақы алуларына қыруар көмек
көрсетті.

Қобылан Бекенов,

Ауданаралық оңалту орталығының  директоры, дәрігер-терапевт,

Жаңақала ауданы:

– Біздің мекеме 2009 жылы ашылған болатын. Ашылуына себепкер болған Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, ядролық-зымырандық сынақтарға қарсы «Нарын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Көбейсінов Кәкен ағамыз. Ол кісі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына екі мәрте барып, сөйлесіп осы жақтағы ахуалды айтқан. Кәкен ағамыздың ұсынысын Елбасымыз ескеріп, тиісті министрліктер мен мекемелерге тапсырма беріп, сәтімен жүзеге асқан бұл жобаға кезінде облыс, аудан басшылығы да лайықты үлес қосқаны анық. Ағалардың да бірлесе жұмыс жасауының арқасында салынған ауданаралық оңалту орталығы бұл. 100 орындық  оңалту орталығында жылына 2250-дей адам  ем-дом қабылдап, денсаулығын нығайтады. Ашылғанымызға биыл 12 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында 20 мыңнан астам адам ем алған екен. Біздің мекемеде бес дәрігер, 28 мейірбике, барлық қызметкерлерді қосқан кезде 108 адам қызмет істейді. Жаңақаладағы оңалту орталығынан ем-дом алып, денсаулығын нығайту үшін Атыраудан, Маңғыстаудан, тіпті көршілес Ресейден де кісілер келеді. Жатқан адамның шағымданып көргені жоқ. Барлық жағдай жасалған, жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар. Осындай оңалту орталығының салынуына ұйытқы болған Көбейсінов Кәкен ағамызды жүзбе жүз көрдім. Кітап-ханамызда ол кісінің өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін шағын бұрыш ашып қойдық. Кәкен ағаның ел үшін еткен еңбегі – кейінгіге үлгі-өнеге.

Құрман Мәмбетов,

еңбек ардагері:

– Кәкен Көбейсінов облыстық халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасарыболып ұзақ жыл қызмет атқарды. Мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы қызметінен 1984 жылдың 2 қаңтарынан бастап, халықтық бақылау комитетінің инспекторы (сауда-тұрмыстық қызмет көрсету бөлімінің штаттан тыс меңгерушісі) ретінде 1991 жылдың 21 қаңтарына дейін қызмет істедім. Қызмет бабымен аралас-құралас болғандықтан, ардақты азаматтың адамгершілік қасиетін жете таныған адамның бірімін. Оның ұжым алдында беделі зор болды. Даулы мәселені, түйткілді шаруаны төраға құзырына жеткізбей, бір өзі тындыра беретін. Кәкен Көбейсіновтің қадағалауымен мамандар дайындаған құжаттарға, іс материалдарына комитет мүшелері сын айтып көрген емес. Төраға орынбасары өзін салмақты ұстайтын. Келбетті, көрікті адам болды. Талғаммен киінетін. Кез келген кісімен тез тіл табысып, өзіне бірден баурап алатын қасиетке ие еді. Үлкен-кішімен бірдей сыйласа білетін. Жас мамандарға жылы шырай танытып, сыпайы тіл қататын. Маған да «Айналайын, Құрман» деп сөйлеуші еді. Басшылар алдында ойын ірікпей айтатын. Мен қызмет атқарған жылдары комитеттің төраға лауазымында үш адам ауысты. Сол кезеңде комитет төрағаларының Кәкен Көбейсіновпен тең дәрежеде сөйлесетініне, орынбасарының айтқан уәжіне тоқтам жасап, ылғи ұсыныс-пікіріне құлақ асатынына куә болдым.

Халықтық бақылау комитетінде еңбек еткен біраз азамат қызмет сатысында өрлеп, басқа салаларда да жемісті еңбек етті. Шаруашылық ұжымдарын басқарып, салалық басқармаларда жауапты қызмет атқарған Серік Ұлықпанов, Нұрлыбек Бірманов, Мағауия Зайнуллин сынды білікті кадрлар Кәкен Көбейсінұлының тәлімгерлік шарапатын көрді.

КСРО мемлекет ретінде тыныс-тіршілігін тоқтатқан 1991 жылы халықтық бақылау комитеті қызметін доғарды. Басқа мекеме басшысы ұсынған қызметті ыңғай көрмейтінімді айтып, ардақты ағадан ақыл-кеңес сұрай бардым. Ол қай салада болмасын, адал еңбек, төгілген тер игі жеміс беретінін айтып, жаңа қызметке жол сілтеді. Кәкен Көбейсінұлының отбасымен де сыйласып, араласып тұрдық. Перзенттерін тәрбиелі, ибалы етіп өсіргенін білеміз. Дастарқан басында отырғанда, өзін өте мәдениетті, сыпайы ұстайтын. Болашаққа бағыт-бағдар ретінде өнегелі сөз, ғибратты әңгіме айтатын. Арақ-шараптан татып алмайтын. Ойымды түйіндей айтсам, көпшілік алдында елжанды азамат, сыйлы кісі болды. Біз Кәкен ағаны ел-жұрттың қамын ойлаған халықшыл тұлға ретінде қадір тұттық.

Кенжебай НЫҒМЕТ,

еңбек ардагері,

1994-1999 жылдардағы облыстық мәслихаттың хатшысы:

– Кәкен аға десек, алдымен ол кісінің қайраткерлігі еске түседі. Ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағында ел-жұрттың көптеп дауыс беруімен сайлауда жеңіске жетіп, облыстық мәслихаттың бірінші шақырылымында, яғни 1994-1999 жылдары депутаттық миссиясын қалтқысыз атқарды. Кәкен ағай сол кездегі халық қалаулылары ішіндегі жасы жағынан ең үлкеніміз болды. Өзінің ұстамдылығымен, адами қасиеттерімен ерекшеленетін. Оған қарап бой түзедік, сөз саптадық.  Депутат ретінде өз сайлаушыларының мұң-мұқтажына сергек қарап, аманаттарын адал орындады, халық арасында мәслихаттың атқаратын қызметін насихаттады. 1995 жылы 30 тамызда заман талабына жауап беретін жаңа Конституция референдум арқылы қабылданғаны белгілі. Осы Ата Заңымыздың қабылдануының мәнмаңызын түсіндіріп, ел-жұртты референдумға белсенді қатысуға үндеді.

Ол 20 жыл бойы «Нарын» қоғамдық қозғалысының жетекшісі болды. Қозғалыс жетекшісі ретінде Елбасының қабылдауында болып, әскери сынақ полигондарының зардаптарын, өңірдегі түйткілді мәселелерді жеткізді. Осындай жұмыстардың арқасында сынақтардан зардап шеккен аудандардың тұрғындары үшін әлеуметтік бағдарлама қабылданды. 2009 жылы Жаңақалада ауданаралық оңалту орталығының салынып, іске қосылуы  да ағамыздың қажырлы еңбегінің бір жемісі дер едім.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале