16.09.2021, 23:08
Оқылды: 87

Ажырасу трагедияға жетеқабыл құбылыс

Дәстүрлі қазақ қоғамында ерлі-зайыптылардың ажырасу деректері сирек кездескенін әлеуметтанушы ғалымдар жоққа шығармайды. Ата-бабаларымыздың өмірге үлкен жауапкершілікпен қарай білгені, соның арқасында өзіне лайықты жар таңдай алғаны осындай жағымды жайтты қалыптастырды десек, қателесе қоймаспыз. Сонымен бірге халқымыздың тұрмыстық дағдысына о бастан сіңіскен «бесік құда», яғни алдын ала атастырып қою дәстүрі де ажырасу дерегінің мейлінше аз болуына әсерін тигізген секілді. Отбасын бұзу дәстүрлі қазақ ортасында күнә саналған. Оған жол берілмеуіне некесін қидыртқандардың өздері де, ауыл ақсақалдары да мүдделі болған. 

 2282018115253615

Бүгін ше? «Бұл əн бұрынғы əннен өзгерек» дегендей, қазіргі кезде елімізде ажырасу деректері жылдан-жылға өсіп келе жатқаны ешкімге де құпия емес. Отбасы – шағын мемлекет деп жатамыз. Отау құрып, жас шаңырақтың уығын көтерген жастардың некелері неғұрлым берік, мықты болса, жүздеген, мыңдаған «шағын мемлекеттерден» тұратын мемлекетіміздің мерейі де соғұрлым биік, асқақ болмас па?! Рас, өмірдің аты – өмір. Келісу де, керісу де, татулық  та, ажырасу да, көздің жасы да, жақсы көрудің жалғандығы мен махаббаттың баянсыздығы да кездесіп тұратындығы өмірдің жазылмаған заңы іспеттес. Бұдан ешкім бас сауғалай алмайды.

Əлемдегі барлық елдердің тұрғындарына тəн шаңырақтың шайқалуы мен некенің бұзылуына да осындай шынайы көзқарас тұрғысынан ой жүгірткеніміз жөн. Дегенмен отбасын құрған жастар мен ерлі-зайыптылардың арасында айырылысу деректерінің жиі кездесуі қынжылтпай қоймайды. Осындай жағымсыз жайт жиі орын алып жүрген өңірлердің бірі – өзіміздің Батыс Қазақстан облысы. Айталық, Орал қаласындағы азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөлімінің деректеріне сүйенсек, 2019 жылы некеге тіркелгендердің 43,8 пайызы, 2020 жылы 51,1 пайызы ажырасқанын көреміз. Ал 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында осы мерзімге шаққанда қуантпайтын статистика 53,4 пайызға бір-ақ көтерілген. Бұл деректер облыс орталығында ажырасу көріністері жылдан-жылға өсіп келе жатқанын  көрсетеді.

– Ажырасу үдерісін трагедияға жетеқабыл құбылыс деп санауға болады. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылардың әр түрлі стресс алып, күйзелісті көңіл күйге түсетіні белгілі болып отыр. Бұл кезде, ең алдымен, қатты зардап шегетін  балалар. Ата-анасы екі жаққа кеткен балалар қиыншылық пен өмір соққыларын екі есе ауыр өткізеді. Сөйтіп, ажырасу ерлі-зайыптылардың перзенттеріне психикалық тұрғыдан ауыр зардабын тигізеді. Сондықтан бұл құбылысты азайту үшін, ең алдымен, оның орын алу себептеріне талдаулар жасаған жөн. Шын мәнінде, мұндай себептер өте көп. Әркімнің жеке тағдыры мен әлеуметтік-тұрмыстық проблемасы болады, - деді бізбен әңгімесінде Орал қаласындағы АХАТ бөлімінің архивисі Гүлжамал  Қуанышалиева.

Аталған АХАТ бөлімінің мамандары оның басты себебінің бірін атаулы әлеуметтік көмектің енгізілуімен байланыстырады. Өйткені ерлі-зайыптылар материалдық көмек аламыз деген оймен жалған түрде ажыраса бастапты. Екінші бір тұрғыдан ковид кезіндегі түрлі жағдайлар да отбасының бұзылуына белгілі бір деңгейде әсер еткен сыңайлы. Сондай-ақ бүгінгі күні гендерлік құқық заңнамасы қабылданған кезде қоғамдағы әйелдер құқығы біршама кеңейтілгені мәлім. Бұл жайт нәзік жандардың ажырасуға бірінші кезекте себепші болу факторын туындатқан секілді. Бұлай болуының басты мәнісі – әйелдердің  дені еркексіз-ақ өзімізді өзіміз қамтамасыз ете аламыз деген шолақ ойға беріле бастағаны.

Ол өз сөзінде төрт пен отыз пайыз аралығында кездесетін ажырасудың бірнеше себептерін атаған еді. Атап айтқанда, бұлар жұбайлардың өмірге деген көзқарастары сәйкес келмеуі, мінез-құлықтарының үйлеспеуі, материалдық қиындықтар, ішімдікке салыну, жұмыссыздық, тұрмыстық зомбылық, көзге шөп салу, қызғаныш және бедеулік болып шығады. Ал аталған бөлімнің бас маманы Айгүл Түменова: «Ажырасудың алдын алу о бастан-ақ, қарым-қатынасты дұрыс құрудан басталады. Отбасын құру оңай іс емес, сондықтан оған үлкен дайындықпен келу қажет. Қазіргі кезде ажырасқандардың шектен тыс көбеюі жастардың өмірлік серігін таңдауда оның ішкі жан дүниесіне үңілмей, тек бір-бірін сырттай танып, шешім қабылдауынан болып отыр», - дейді.

Яғни бұл айтылғандардың өзі өңірдегі отбасын құруға ниет еткен əрбір екінші жұп аз уақыт өтпей-ақ, айырылысып үлгергенін көрсетеді. Мұның өзі айтуға да, жазуға да өте ауыр, көзге жас, көңілге мұң келтіретін статистика. Осы арада «Олардың дəм-тұздарының жараспауына жас отбасының іргесі бекімей жатып, жалп етіп құлап түсуіне əсер еткен басты себептер қандай?» деген сауал көлденеңдей береді.

Қазақстан медиация орталығының кəсіби медиаторлары мен психолог мамандардың жəне судья-лардың пікірінше, бүгінгі жастардың арасында отбасын құру жөніндегі жауапкершілік сезімі төмен.

– Адамның ғұмыры оның дүниеге келуі, отбасын құруы жəне өмірден өтуі делінетін ең басты үш кезеңнен тұрады. Соның алдыңғысы мен соңғысы адамның өз еркінен тыс, Табиғат-ананың құдіретінен болатын үрдіс. Тек бір жағдайда ғана жас адам еркін таңдау алады. Бұл – оның  жар таңдап, отбасын құру мəселесі. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар көп жағдайларда осы жал-ғыз мүмкіндіктің өзін жіберіп алады. Тіпті мұның өзі де ештеңе емес-ау, бірқатар жұптардың түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола ажырасып кеткенін көргенде жүрегің қанжылайды. Сонда олар үшін  ажыраса салу ойыншық болғаны  ма, неке үшін күресу əрі оны сақтап қалу керек  емес пе? - дейді кəсіби медиатор Құрман Бисеғалиев.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді халқымыз. Жаңылысу да, қателесу де, кей кезде аяқты шалыс басу да адамзат баласының бəріне тəн нəрсе болса керек. Мəселе, сол қателіктерді дер кезінде ұғынып, сезіне білуде, өз қателігінен тиісті сабақ ала алуында емес пе?! Əлеуметтанушылар қазір гі жастардың бір бөлігінің бойында осындай қасиеттердің кемшін түсіп жүргенін алға тартады. Екінші бір дүниетанымдық көзқарас  тұрғысынан қарастырсақ, отбасын құру үшін үйленетін немесе тұр-мысқа шығатын жұптарды қателесті деп кінə тағудың өзі қисынсыз секілді көрінеді. Бүгінде қоғамда өмір сүріп жатқан əйел адамдар-дың арасында эгоцентристік, яғни қазақы түсінікке салғанда менмендік көзқарас басым түсіп бара жатқанын байқауға болады. Мұндай көрініс ер адамдардың басында да болады.

Жоғарыда айтылып өткендей, қазіргі қоғамда əйелдер құқығы біршама нығайған. Бұрын отбасы, бала-шағасы үшін қандай қиындыққа да көніп, қандай азапқа да төзіп, күйеулерінен айырылысып кетуді қош көрмейтін əйел бұл заманда өзі үшін де өмір сүруге болатынын түйсінген сыңайлы. Бұл жағдайды дұрыс емес деп кесіп-пішіп айтуға бола ма? Өйткені ерлі-зайыптылардың белгілі бір уақыт өте келе, бір-бірімен түсінісе алмау себептерін басқаша бір қырынан алып қарасақ, олардың ажырасу көзқарастары бір-бірімен сəйкес келмейтін, бір-бірімен тоғыспайтын екі адамға еркіндік беру, жандарына тыныштық сыйлау болып шықпай ма?! Бірқатар ажырасқан жұптардың сөздеріне сүйенсек, олар ажырасқаннан кейін өкпе-реніш пен айқай-шудан құтылғандарын айтады. Жұптары жараспады деп, сірə,  осындайда  айтылса  керек.

Керісінше, өмірде алғашқы некеде бір-бірімен дəм-тұздары жараспаған жұптардың екінші қайтара отбасын құрған кезде тəп-тəуір үйлесіп кететіні де белгілі болып отыр. Бұдан шығатын түйін, ажырасудың басты себебі екі жақтың бірін-бірі жете білмеуінен əрі түсінбеуінен, соның салдарынан асығыс шешім қабылдауынан болатынын болжай аламыз. Талас жоқ, бүгінгі жастардың отбасын құруға əзір болуы өте қажетті мəселе. Олар үйленіп, тұрмысқа шықпас бұрын жақсылап ойлануы қажет. Солай дей тұрсақ та, қыз-ғұмыр қызғалдақтың ғұмырындай өте қысқа екені де белгілі. Сондай-ақ «Жігіттің жаманы жиырма бесінде тақасын қисайтады» деген сөз бар. Оның мағынасы жиырма бес жастан асқан соң бойдақтық дəурен алдан шығады деген ұғымға келеді. Сонымен бірге үйлену мен тұрмыс құрудың, ерлі-зайыпты атанудың əзір тұрған үлгісі жоқ екені де кей жағдайларда сəтсіздікке ұшыратуы əбден мүмкін.

Сонда не істеу керек? Отбасын құру – өмір заңдылығы. Соған бас иіп, ерлі-зайыпты атанғандардың екіден бірі айырылысып кетіп жатса, оған қарсы қоятын қандай  амал, қандай тосқауыл бар?! Біз оны таба аламыз ба? Көрнекті жазушы-драматург, марқұм Рахымжан Отарбаев рухани ағасы, сырлас, сыйлас серігі, жазушы Несіпбек Дəутайұлына төмендегідей аманат айтыпты.

«...Қоштасар сəтте: «Аға – деген Рахымжан, – сізге бір аманат. Ол мынандай.  Ерлі-зайыптылар ажырасады, араларында бір ақ күшік бар. Ажырасқандардың арасында əрлі-берлі жүгіреді де жүреді. Соны жазып көресіз бе, мен алып шыға алмадым. Қолайыма келмеді білем». Жаздым «Ақ күшікті», повесті. Көңілі ояу, көзі қарақтылар жабылып оқып жатыр. Классик жазушымыз Төлен Əбдіков айтса, бүгінгі əдебиетіміздегі үздік шығарманың бірі. Рахымжан болмаса, оны мен қайдан алатын едім», –  дейді  марқұм Н. Дəутайұлы. Бəлкім, ажыраспақ  немесе қайта қосылмақ ойлары бар  ерлі-зайыптылар да «Ақ күшікті» оқып шыққаны жөн шығар.

Осы орайда жоғарыда  айтылғандай, ерлі-зайыптылардың ажырасуынан да қоғамға ауыр тиетін əлеуметтік мəселе – дүниеге келген бейкүнə сəбилер мен балалардың тағдыры мен болашағы. Тəжірибелі психолог Дильяра Темірбаеваның айтуынша, мұндай жағдайда ең ауыр зардап шегетін, ең ауыр соққы алатын сəбилер мен балалар көрінеді. Ол ажырасу туралы шешім қабылдау кезінде ерлі-зайыптылардың балаларының алдағы өмірі мен болашағы туралы ойлана бермейтінін қынжыла отырып жеткізді. Бұл ретте еразаматтардың өзінің кіндігінен өмірге келген перзенттерге алимент төлеуден бас тартуы əрі əйелдердің көп жағдайда психологиялық көмекке жүгінуге мəжбүр болуы – тағы бір тақырыптың еншісі.

Жалпы алғанда, ажырасу көрсеткіштері мен деректерінің өсуі бірқатар факторларға байланысты екенін бағамдауға болады. Оның кейбір мысалдары жоғарыда айтылды да. Бұған қосарымыз ажырасу көріністері белгілі бір елдің əлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне байланысты екені де талас туғыза алмайды. Отбасын құрған жастар  бірінші кезекте дербес баспанадан қиындық көретіні белгілі. Отағасы немесе шаңырақ иесі – отбасының асыраушысы. Ол уақытында белгілі бір жұмысқа орналасуға қол жеткізе алмаса, бұл жағдайдың өзі де шаңырақтың шайқалуына соқтыруы əбден мүмкін. Əйтсе де, соңғы уақытта тұрғын үй құрылысына кең тыныс берілгені белгілі. Тұтастай ел аумағы және Ақ Жайық өңірі алып құрылыс алаңына айналғаны аталған мəселенің оң шешілуіне үлкен сенім туғызады.

Түйіп айтқанда, бүгінгі күні бейне бір ойыншыққа айнала жаздап отырған ажырасу көріністері алдағы уақытта қоғамымызда ерсі қылық, ауыр күнә, тіптен қылмыс ретінде бағалануын қалар  едік. Тұтастай тәуелсіз мемлекетіміздің мыңдаған «шағын мемлекеттерден» құралатынын ескерсек, отбасы бірлігін нығайту еліміздің әлеуметтік-демографиялық саясатының басым бағыттарының бірі болып қала бермек.

 

Темір НАҒЫМҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале