Ол күні бүгінге дейін электрик болатын. Бірақ осы мамандығымен бірге көптеген мәдени шараларға қатысып, қала берді елдің қуаныш, тойларында асаба болып жүретін. Оның осынша өнерге құштарлығы мен белсенділігіне тәнті болған жұрттың көбі сегіз қырлы, бір сырлы деген осындай болса керек деп ойлайтын.
Біз сөз еткелі отырған өнерлі жас Мадияр Аруманов 23-те. Жоғарыда айтып өткендей, оның негізгі мамандығы – электрик. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде аталған мамандық бойынша білім алған ол еңбек жолын Ақсай қаласындағы "CAIH POWER" ЖШС филиалында техник-электрик болып бастайды. Кейіннен күні бүгінге дейін «Аксайгазсервис» АҚ ауысып, электромантер боп қызметін жалғастырады.
Алайда Мадияр бүгінде студент. Бас қаланың төріндегі Қазақ ұлттық өнер университетінің грант иегері.
Қалай дейсіз ғой?!... Ендеше өзі баяндап берсін.
Арманым болатын...
- Мен қарапайым отбасының түтінін түтеткен әкем Ғарифолла мен анам Зәрудің ең кенжесімін. Әкем Сырым батыр мен Қадыр ақын туған топырақтың перзенті болса, анам өнер қонған киелі өлке Қаратөбе атырабынан. Менің бойымдағы өнерге деген құштарлығым анамнан берілген десем, артық айтқандығым болмас. Неге десеңіз, анам да жас шағында түрлі ансамбльдерде өнер көрсетіп, ән айтқан.
- Өнерге жастайымнан ғашық болдым. Өзім білім алған Ақсай қаласындағы №5 мектепте қандай мәдени шара болмасын, барлығына қатысатынмын. Өнер адамы болуды мықты армандадым. Өнерде жүрген аға-апаларымыз айтып жүргендей мен де атақты әнші, актерлардың атымен өзімді атап, үлкен сахнада тұрғандай сезініп, хабарлайтынмын.
Әкем солай деді...
- Орта мектепті аяқтар шақта ҰБТ кезінде төртінші пәнді болашақ мамандығыңа орай таңдау керек қой. Сол тұста қанша өнер жолын таңдағым келіп тұрса да ата-анаммен бірауыз ақылдаспай, қадам жасай алмадым. Әкеммен сөйлестім. Анам да, әкем де менің өнер десе ішкен асымды жерге қоятынымды беске біледі ғой. Бірақ осы тұста әкем: «Балам, өнер ол сенің бойыңдағы бір қасиет. Оны қай салада жүрме, өлтірмей алып жүруге болады. Сен ер азаматсың. Болашақ осы қарашаңырағымның иесісің. Сол себепті де мен сенің ер азаматқа тән мамандықтың иесі болғаныңды қалаймын. Қай жерге де керек мамандық ол-электрик мамандығы. Сол мамандықты игерсең, қуанар едім», - деді.
... Әке сөзінен аса алмадым. Өзімше бой түзеп, мұрт тебіндеп, бір кісідей сөз түсінетін жігіт боп қалған шағым ғой, оның үстіне «ата-ананың разылығын алмай, өрге баса алмайсың» деген ойда қағида тағы бар... Сөйтіп мен жоғарыда атап өткен ЖОО-на түсіп, электрик мамандығын алып шықтым. Керек тастың ауырлығы жоқ деген. Ол мамандықты да әжептәуір игеріп, еңбек дәмін таттым.
Ток күшінің кернеуінен де жоғары болды...
- Дегенмен бала арман, өнерге деген құштарлық, игерген мамандығымдағы ток күшінің кернеуінен де жоғары болып, мені өзіне тарта берді. Сөйтіп, кәсіби мамандығыммен бірге елдің қуанышына ортақ болып, асаба болып жүрдім. Әдебиетті сондай жақсы көрдім. Ақындардың өлеңін тебірене, нақышына келтіріп оқи жөнелетінмін. Ән айтатыным тағы бар, сонымен өнердің бір шетінен ұстап, өнермен өмір жалғаса берді.
Сөйтіп жүргенде мендегі белсенділікті аңғарған ұжымым мамандығыма қосымша кәсіподақ ұйымына қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырушы етіп сайлады.
Грант иегері атандым...
- Ата-анам да менің бұл жолдан қайтпасымды білді ме, екеуі де өнер жолында білім алуыма соңғы мезеттер де қарсылық танытпады. Қайта баталарын берді. Ер кезегі үшке дейін деген бар ғой. Сол секілді негізінен алғаш кәсіби мамандығыммен жұмыс бастаған жылдан бастап, осы өнер жолына емтихан тапсырып бақ сынап көрдім. Менің мақсатым өз біліміммен грантқа түсу болды. 2019 жылы тапсырғанымда ол бақыт маған бұйырмады. 2020 жылы карантин кезеңіне тап болдым, биыл үшінші рет тағы бақ сынап, бұйырған кетпес деген ақыры грант иегері атандым. Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ ұлттық өнер университетіне музыкалық театр әртісі бойынша оқуға түстім.
Танымал тұлғалар алдындамын...
- Рас басында емтихан тапсырарда оқытушылар да: «Жасың жиырмадан асып кетті. Отбасы құрар шақта оқу оқып жүресің бе?» дегендері болды. Бірақ білім алу, өзіңді жетілдіруге жастың кедергі болмайтынын олар да біледі ғой...
Осылайша мен студент атанып, бас қаладан бір шықтым. Бүгінде танымал тұлғалар қазақтың Қыз Жібегі Меруерт Өтекешова, факультет деканы, доцент Ақыш Омар, сонымен бірге өзімді осы өнер жолына қабылдаған актер, Қ.Қуанышбаев атындағы театрдың белді мүшесі Жан Қалдыбек Төленбаев (осы кісінің шеберханасында тәлім алудамыз) және кураторымыз Ержан Толымбетов сынды өнер саңлақтарының алдында білім алудамын.
Шын ниеттеніп, ата-ана разылығын алғанда ғана армандардың орындалатынына көзім жетті,- дейді болашақ өнер иесі Мадияр.
P/S: Міне, осындай ынта, жігермен өнер жолына қанат қаққан өнерлі жастың жолына біз де сәттілік тілейміз! Өнерге әркімнің-ақ бар таласы...
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz