Қазақ халқының қоғамдық-саяси, ағартушылық ой-пікірлерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қазақ зиялыларының бірі және бірегейі – Ғұмар Қараштың дүниеден озғанына 100 жыл. 45 жыл қысқа ғұмырын қазақ елі мен қазақ ұлтына арнаған ұлы баба туралы тың деректерді оқырман қауым назарына ұсынуды ұрпақ парызы санадық.
ХХ ғасыр басындағы ұлттық рухты жаңғырту мәселесін көтерген Алаш қайраткері Ғұмар Қараш – ағартушы ақын, ойшыл, философ. Ғұмардың өмір жолдарын барлап, байыптап қарағанда көз жеткізетін бір шындық оның сол кезеңдегі әлеуметтік маңызды мәселелерді көтере білгендігі. Ол қазақ елін өркениетті елдердің қатарына қосып, мәдениетін көтеру, рухын ояту үшін халық ағарту жұмысынан басқа жол жоқ екенін түсініп, бар ғұмырын надандықпен, жалқаулықпен күресу жолына арнаған тұлға. Ол «Қаның таза, сен олардан кем емес, Сен артықсың, олар саған тең емес», - деп қазақ халқының рухын оята отырып, «Қай елдің ұл-қызы болса надан. Сол елдің ырысы қайтып, бағы сөнген. Қаруы бұл заманның ғылым өнер. Еш құрал екеуіне қарсы келмес», – деп қазақ халқына ғылым мен өнердің мәнін тереңірек ұғындыруды мақсат етті. «Бұ күнде елдің тұрмысы өзгерді. Сол себепті ол заманда лайықты болған заттардың көбі бұ заманға жарай бермейді», – деп ХХ ғасыр басындағы жаңа заманға лайықты өзгеріс қажет екенін айтты. Айтып қана қоймады өзінің «Ойға келген пікірлерім», «Тумыш», «Өрнек», «Қарлығаш», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Тұрымтай» атты шығармалары, өлеңдері немесе шағын мақалалары арқылы надандық, жалқаулық, мақтаншақтық, даңғазалық сияқты қазақ ұлтының бойындағы теріс мінез-құлықтарын сынап жазған ой-пікірлері бүгінгі күні де өзекті. Ғұмар Қараш – мұсылман дініне құрметпен қараған терең білімді діни ағартушы. Ол ислам дінінің тәрбиелік және әлеуметтік маңызын: «Біздің халқымыз ахирет дінді ұстанса, біз надан, жалқау болып, қараңғылықта қалмаған болар едік. Ұрлық, қиянат, арақ ішу, құмар ойындарын ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтардан ада болар едік. Демек, шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз. Жоғарыда айтылғандай, жаман мінез-құлықтардан аулақ болған болар едік. Ақиқат дін жолымен жүріп тапқан киімкешек, тамақ, үй-жай сияқты игіліктеріміз адал болады да, өзге жолмен тапқан нәрселеріміз арам болады. Қайталап айтамын, ақиқат дін еш адамның желеп-жебеуіне мұқтаж емес, ал діннің өзі адамдарды дұрыс сақтай алады, дұрыс жолға бағыштайды деп дәлелденген шындық. Құранда осылай айтылған», – деп бағалайды.
Ғ.Қараштың бүгінгі қазақ жастары үшін де өзектілігін жоғалтпаған құнды пікірлерін саралап қарасақ: «Біздің қырғыз, қазақ халқында орта және жоғары медреселерде оқып шыққан жігіттер көп. Бұл жағына қарағанда келешегімізден біраз үміт күтуге болады. Осы жігіттердің халқына қызмет ету жағына келсек, әкімдік дәрежесіне тағайындалып, еңбекақысын алу, арақ ішіп есіру, күн-түні карта ойнап, өмір өткізу – осы жолда өз байлықтарын ысырап етуден басқа еш нәрсесін көрмейсіз», - деп қынжылады.
Ғұмар Қараш – қысқа ғана ғұмырында барлық білімін, ақыл-ой, күш-жігерін ұлтының жарқын болашағы үшін сарп еткен тұлға.
Ойшыл ағартушының артында қалдырған мол мұраларының құндылығы уақыт өткен сайын арта түсуде. Мәселен, ғұлама бабамыздың әлемнің бүгінгідей біртұтастанып, жаһандануы жайлы: «Надандықтың басты зарарларының бірі замандас халықтардан кейін қалу болады. Білікті халықтар ілгері озып кеткенде, надан халықтар ере алмай, кейін қалады.
...Қазіргі заманда бүтін дүние жүзі бір базар хүкіміне кірді – дүниенің бір шетіндегі бір адам бұ шетіндегі екінші бір адамға бір дастарқан басында бірге отырғандай сөйлесіп, алыс-беріс қарым-қатынасын жасайды. Бүтін дүниежүзіндегі адамдарды бір базардағы адамдардеп айтсақ қателеспейміз. Бір майданда қарым-қатынас еткен адамдардың білімі бір дәрежеде болмаса, білгендерге білімсіздер пар келе алмайды...
Сондай-ақ бұл дүние майданында да өнерлі біліктілер білімсіздерді басып, жаншып озады, пайдалы нәрселерді күн ілгері өз қолдарына жиып алады... Қазіргі заманда білікті халықтар ілгері озып кеткенде, надан халықтар ере алмай, кейін қалады. Кейін қалу – жалқаулықтан, өнерсіздіктен, білімсіздіктен, надандықтан келеді», - деген ой-толғамдары бүгінгі қазақ жастарын да парасатты ақылға жетелейді.
Алайда саналы ғұмырын қазақ халқының жарқын келешегіне арнаған Ғұмар Қараш 1921 жылы 21 сәуірде адам аузы айтуға бармайтын айуандықпен азаптап өлтірілді. 1947 жылы 21 қаңтарда атышулы қаулыдан кейін есімін айтуға, шығармаларын оқуға тыйым салынған қазақ зиялыларының қатарында Ғұмар Қараш та болды. Ғалым Қ.Сыдиықовтың құрастыруымен 1989 жылы Ғұмар Қараш шығармаларының жинағы «Замана» кітабы шығарылып, алаш тұлғасы халқымен қайта табысты.
Ел Тәуелсіздігінің арқасында ұзақ уақыт көмбеде жатқан Ғұмар Қараштың жеке өмірі мен артында қалдырған мол мұрасы ғалымдардың, өлкетанушылардың зерттеу нысанына алынып, ғылыми еңбектер жарияланды. 2018 жылы Ғұмар Қараш шығармаларының үш томдық жинағы шығарылды. Десек те, ұлы тұлғаның кейінгі жазған қолжазбалары мен еңбектері, атап айтқанда, мұғалімдер үшін ең алғашқы жазылған әдістемелік «Педагогика» еңбегі толық күйінде жетпеді. Сондай-ақ «Шолпан» романы (1912 ж.), «Қырғи» (1918-1920 ж.ж.) атты өлеңдер жинағы және «Қан мен жан» (1919 ж.) философиялық трактаты, ел ішінен жиналған аңыз әңгімелері, аудармалары мен сатиралық өлеңдері табылған жоқ.
Ғұмар Қараштың өліміне қатысты да түрлі деректер айтылып келеді. 2019 жылы дүниеден озған Ғұмар Қараштың немересі Нәдия Бұрханқызының айтуынша, Ғұмар Қарашты өлтірген қарақшылар тобы оның уез милициясы қызметін атқарған үлкен ұлы Қадырді, одан кейін 1922 жылы анасы мен әйелін де өлтіріп, үй-мүлкін өртеген. Демек, 1919 жылы коммунистік партия қатарына өтіп, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласқан қайраткер Ғұмар Қараш және оның жанұясы коммунистер мен кеңестік белсенділерге өшіккен кеңес өкіметінің дұшпандарының хайуандық әрекетінің құрбаны болды.
Ғұмар Қараштың ұрпақтары жөнінде тың деректерге тоқталсақ, Ғұмар Қараштың төрт ұл, екі қызы болған. Үлкен ұлы жоғарыда айтылған Қадыр 32 жасында жау қолынан қаза болды. Екінші ұлы Басыр Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясы қатарында, Қарағанды шахтасында қызмет етеді. Соғыстан кейін Алматы қаласында тұрып, 1974 жылы қайтыс болады. Басырдың жалғыз ұлы Болат 1938-2000 жылдар аралығында өмір сүрген.
Үшінші қызы Нәзия 70 жасында қайтыс болған. Оның жалғыз қызы Балхия (1928-1990 ж.ж.) жанұясымен Ақтөбе облысының Алға ауылында тұрған.
Төртінші ұлы Бұрхан (1904-1967 ж.ж.) Мәскеудің Тимирзев атындағы академиясын бітірген соң Алматыға келіп, Қазақ ССР ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет атқарады. Алайда жоғарыда айтылғандай, 1947 жылғы қаулыдан кейін ол Талдықорған облысының шалғайда жатқан орыс ауылында бойтасалап, сол ауылдағы ауыл шаруашылығы техникумын он жыл басқарады. Кейін Алматыға келіп, мемлекеттік жер пайдалану басқармасының бастығы қызметі атқарады.
Бесінші қызы Хамида 12 жасында қайтыс болған. Алтыншы, кіші ұлы Әлихан 21 жасында Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға аттанып, хабар-ошарсыз кетеді. Әлихан Ғұмарұлы соғысқа дейінгі жылдары Қазақстанда дойбы ойынының чемпионы болған екен.
Ғұмар Қараштың Бұрханнан тарайтын немерелерінің үлкені Нәдия Бұрханқызы Қарашева туралы айтсақ, ол 1930 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Кейін Алматы қаласына қоныс аударып, орыс орта мектебін бітірген соң, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері факультетіне қабылданады. 1953 жылы университетті қызыл дипломмен бітіріп, Алматыдағы Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтында он жыл қызмет етеді. «ХХ ғасыр басындағы қазақ көркемсөзіндегі грамматикалық тіл ерекшеліктерін» («Айқап» журналының деректері негізінде) тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. 1962 жылы дипломатиялық қызметте жүрген жолдасымен бірге Мәскеу қаласына қоныс аударады. Зейнет демалысына шыққанға дейін Ресей Білім академиясының филологиялық орталығының ғалым хатшысы болды. 120-дан астам ғылыми еңбектердің авторы. Нәдия Қарашева 2019 жылы 30 қаңтарда дүниеден озды. Түйіндеп айтқанда, ұлт қамын ойлаған Ғұмар Қараш 45 жыл ғана өмір сүрген еді. Алайда ол артына өшпес мұра қалдырды. Сондықтан алаш азаматы Ғұмар Қараштың өмірі мен қызметін кең көлемде зерттеп, халыққа таныстыру – бүгінгі тарих ғылымының міндеті. Тарихи тұлғаларды естен шығармау, оларды танып-білу тарихи сананы қалыптастырудың бірден-бір қайнар көзі.
Бақтылы БОРАНБАЕВА,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты