24.09.2021, 12:31
Оқылды: 85

Өнегелі Өтеміс еді...

Тау алыстаған сайын биік­тейді» дегендей, бүгінде өмір­ден озғанына 16 жыл болған Өтеміс досымның азаматтық бейнесі уақыт озған сайын биіктей түскендей күй кешемін. Ол ішкі жан дүниесі таза, ниеті мен көңілі кең, достыққа адал жан еді. Біз екеуміз Орда совхозына қарасты Сейітқали ауылында құлынтайдай тебісіп, бірге өстік. Бастауыш мектептің бірінші сыныбына бірге бардық. Жазғы демалыс кезінде шопандар қойды көпкіге түсіргеннен кейін, ферма зоотехнигінің тапсырмасы бойынша отар-отар қойларды бағатын едік. Қайран балалық шақ-ай десең­ші, жалаң бас, жалаң аяқ жүріп, күнге әбден қарайып кеткен біздерге еңбегіміз үшін бес тиын беретін. Біз оны ауылға жылжымалы кино қондырғысы келгенде, киноға кіру үшін төлейтін едік. Бала кезімізде Сейітқали ауылында бір ғана құрдасымызда велосипед болды. Обалы не керек, ол оны біздердің бір айналып теуіп келуіміз үшін қызғаныш жасаған жоқ. Ауылдың іргесінде Әлпеш және Хасен тақыры деп аталып кеткен теп-тегіс жазық бар еді. Сол тұсқа барып велосипедті кезекпе-кезек тебуші едік. Оның шекарасын белгілеп, ешқайсымызда сол сызық шегінен аспаушы едік. Мұндай әділеттілікті белгілеп беретін Өтеміс болатын.12Ол бастауыш сыныпта  оқып жүрген кезінен бастап оқуға зерек екенін танытты. Өте ұқыпты, қай кезде де киімін таза ұстай білетін. Сабаққа кешікпей үнемі уақытында келетін. Мұғалімнің үйге берген тапсырмаларын да мұқият орындайтын. Өтірік немесе шындыққа жанаспайтын көлденең әңгімені қосып айту о бастан-ақ Өтемістің табиғатына жат болатын. Ол өзінен көмек сұрай қалған дос-жарандары мен құрбы-құрдастарының тілегін еш уақытта аяқсыз қалдырған емес. Өзім деген адамға өзегін суырып беруге әзір тұрушы еді. Өтемістің жолдас, дос дегенде етігін жолай сұғынатын жан екенін бала кезінен-ақ танып өстік. Сирек кездесетін мұндай адами бітім-болмысы мектепте оқып жүрген кезінде одан әрі айқындала түсті. Бейнелеп айтқанда, Өтеміс екеуміз Еділ мен Жайық секілді бір жаққа бет алған өзендер се­кілді едік. Мен оны басымды күн шалған кезде де, бұлт басқан күні де қасымнан табылатын сирек достықтың иесі деп санаймын.

Ақын болмағанымен, өмірдің әсем құбылыстарына сүйіспеншілікпен қарай білетін ақынжандылық қасиет пен табиғат біраз қандастарымыздан табылатыны анық. Кей кездерде өзімді де осы санатқа қосқым келіп тұратынын жасырғым келмейді. Осындай бір сыршыл сезім күйіне беріліп отырған сәтте бір жылы туған төлдер, яғни 1956 жылы өмірге келген құрдастарыма арнап төмендегідей жыр-шумақтарын  шығарып  едім:

1956 жылы туғандар,

Әке жолын,  ана жолын қуғандар.

Арттырып елдің ырысы мен байлығын.

Қарышты қадам, қанатты қағып самғаңдар.

1956 жылы туғандар.

Өткізіп босқа өмірді қапы қалмаңдар.

Халыққа бойлай қалтқысыз қызмет көрсетіп,

Еңбекте ешбір шалдығып, қажып талмаңдар.

1956 жылы туғандар,

Әке жолын, ана жолын қуғандар.

Мейірімді болып, үлкенге де, кішіге,

Сүйікті жарға қырдың гүлін сыйлаңдар.

Осы өлең шумақтарындағы алғашқы жолды тектен-тек келтіріп тұрғаным жоқ. Өйткені біз жарық дүниеге көрінген 1956 жылы Қазақстан Отан қамбасына тұңғыш рет миллиард пұт астық құйған екен. Бұл сол дәуірдің өлшемінде бұрын-соңды қол жетіп көрмеген тамаша жетістік, асқаралы асу еді. Халыққа ерекше серпін беріп, шексіз қуаныш сыйлаған осы оқиғаға байланысты композитор Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным» әні де дәл сол 1956 жылы жазылғаны біз үшін бір мәртебе.

Осы орайда айтайын дегенім, 1956 жылы ел қамын көксеп, ел үшін қызмет жасай алатын халқымыздың мақтан тұтар ұлдары да өмірге көбірек келгенін айтқым келеді. Оның бастауында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов тұрса, осы қатардың бел ортасынан Өтеміс Мырзағалиев те ойып тұрып  орын  алатыны  анық.

2003 жылдың сәуір айында Ө.Мырзағалиев өзі туып өскен Бөкей ордасы ауданының әкімі болып тағайындалды. Көп кешікпей Өтеміс Уәлиұлы аудан орталығын көркейту және көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге бел шеше кірісіп кетті. Оның бастамасымен ескі ғимараттар қайтадан жаңғыртылды. Әрі кәсіптік-техникалық колледж құрылып, пайдалануға берілді. Ол жылдарда жұмыссыздық деңгейін азайту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері күн тәртібінде тұрған еді. Осыны ескерген аудан басшысы Сайхынның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының ескі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіп, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыратын мекеменің құзырына берді. Ө. Мырзағалиев ауыл шаруашылығы маманы бола тұра, тұрмыс мәдениетін көтеруге, елдік мінез-құлық­ты қалыптастыруға, тазалық пен ұқыптылықтың сақталуына үнемі көңіл бөліп отырды. Ал аудан экономикасын одан әрі дамыту ісіндегі Өтақаңның тыңдырған ісі өз алдына бір бөлек әңгіме. Әсіресе бұл тұста мал шаруашылығы жақсы өркендеп, мал өсіретін шаруа қожалықтарының табысы молая түсті. Өтемістің басқару мәнеріне тән басты қасиеттірінің бірі ешкімге дауыс көтермейтіні. Халқымыздың ойлы, мағыналы сөздерімен-ақ шектен шыққан талайларды тәубесіне түсіргеніне куә болдым. Тіпті, ойынан шыға қоймаған шикілікті және жарымжартылай аяқталмай қалған істерді көргенде: «Жігіттер, аттың жемін жеп, тайдың ойынын ойнауды қою керек»деп отыратын. Ал бәзбіреулер берген тапсырмасын орындамай, аяқ асты қылған жағдайда «Нағыз ит құйрығымен ине алған» деп шендестіретін еді.

Ажалға мүлдем қимайтын, қай кезде де өз жаратылысы мен дағдысынан айнымай, табандылық таныта білетін адал достың өмірден өткеніне де биыл 16 жылдың жүзі болды. Жазмыш деген осы да. Егер арамызда аман-сау жүрсе, қайран дос осы күзде 65 жасқа толатын еді. Беу, жалған дүние-ай десеңші...

 

Тілеген Арыстанбеков,

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале