24.09.2021, 13:00
Оқылды: 53

Мия зауытын "тірілтсек"...

Елдің даму бағыты мен экономикалық, әлеуметтік бағдарын айқындайтын Жолдауда Президент мемлекеттің барлық саласына назар аударды. Соның ішінде «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мен фармацевтика өнеркәсібін өркендетуге қомақты қаржы құю керек» деп шегелеп айтқаны осы салада жүрген мен үшін жағымды жаңалық. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеттілігі мен қауіпсіздігі үшін маңызды екенін Президентіміз атап көрсеткен болатын. Бүгінде еліміздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. Дәрі-дәрмекті жүздеген миллиард долларға шетелдерден сатып алып отырмыз. Соның ішінде антибиотиктер, сульфаниламидтер, вирусқа қарсы дәрілер, гормондық дәрілер елімізде шығарылмайды.

155

Қазақстан дәрілік өсімдіктерге өте бай ел болып саналады, сондықтан фармацевтикалық зауыттар мен фармацевтикалық фабрикалар салынуы қажет. Мұндай қадам отандық фармацевтикалық нарықтың бәсекеге қабілеттілігін күрт арттырады. Бұрын Орал қаласында мия зауыты болды. Сол зауыт әлдеқашан тыныс-тіршілігін тоқтатты. Біз сол зауытты қайтадан «тірілтсек», нұр үстіне нұр болар еді. Медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді  қолға алмасақ болмайды. Бір  қуанарлық жағдай, Жолдауда отандық фармацевтикалық өнімдерді 2025 жылға қарай 50 пайызға жеткізу қажет делінген. Лайым, бұл мақсат орындалғай.

Шүкір, Қазақстанда мықты ғалымдар, ғылыми орталықтар бар. Оған Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі болғаны дәлел бола алады. Естеріңізде болса, «құс тұмауына» да Қазақстанымыз қарсы вакцина шығарып, бұл ауруды тоқтатқан болатын. Біздің QazVac-тың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазіргі кезде QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде.

Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтардың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттің бұған қолы жетпей отыр. Сонымен бірге Президент медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес екенін атап айтты.

Жолдауда «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхана жоғары технологиялық құралдармен жабдықталуы қажет екендігі қадап айтылған. Сол мақсатқа қол жеткізсек, зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ Жолдауда әр сала бойынша, оның ішінде медицина мен фармацевтика саласы бойынша нақты қабылданатын шаралар жайын екпін түсіріп айтқан ел Президенті денсаулық қызметкерлерін қанаттандырып отыр. Енді оларды жүзеге асыру мемлекеттік құрылымдарға үлкен сын емтихан екені даусыз.

Мақсот Берген,

КСРО және ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі 

Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале