Батыс Қазақстанда алғаш рет 16-17 қыркүйек күндері ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Орал қаласы күніне орай «JAIYQ» халықаралық қысқаметражды және деректі фильмдер кинофестивалі өтті. Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Қайыр» қоры ұйымдастырған фестиваль аясында тағылымы мол бірнеше іс-шараға куә болдық.
16 қыркүйек күні Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков фестиваль қонақтарымен кездесті. Кездесуге Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актрисасы, «Серпер» сыйлығының лауреаты Алтынай Нөгербек, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің «Үздік әйел рөлі» аталымының және «Ника» ұлттық киноматографиялық сыйлығының иегері Самал Еслямова, режиссер, сценарист, Қазақ Ұлттық Өнер университеті «Киноөнер және телевидение» факультетінің доценті Ерлан Нұрмахамбетов, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ вице-президенті, режиссер, продюссер Айдар Баталов, кино актрисасы Дариға Бадықова, қоюшы оператор, деректі фильмдердің режиссері Қазақ Ұлттық Өнер университеті «Киноөнер және телевидение» факультетінің доценті Талғат Тайша-нов, продюссер, деректі фильмдер режиссері Айгүл Черендинова, актер, әнші Олжас Абай, продюсер, сценарист, клипмейкер, режиссер Жеңісхан Момышев, медиаменеджер, продюссер, «Қайыр» қорының директоры Алпамыс Шәрімов қатысты.
– Жас режиссерлерге, актерлерге қолдау көрсету мақсатында осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға бел байладық. Кино түсіру үшін талант, ынта, жігер керек. Қазір мобилографияға, түрлі видео түсіруге қызығатын жастар көбейді. Біз сол жастарға кәсіби мамандар дайындаған туындыларды көрсету арқылы бағыт-бағдар беруді қалаймыз. Өңіріміз – әншілердің, жыршылар мен күйшілердің де отаны. Енді кино саласындағы мамандардың отанына айналғымыз келеді. Әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың біздің шағын фестивальдың қонағы болуы – үлкен қуаныш, – деген Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков фестиваль қонақтарына ризашылығын білдіріп, сыйлықтар тарту етті.
– Жастар фильмдерді ерекше түсіреді. Олар киносыз өмір сүре алмайды. Көзқарастары да басқа. Маған театр да, кино да жақын. Кино – ғажайып әлем. Қазір білімді, таланты жастарымыздың фильм түсіруіне мүмкіндік мол. Осы кинофестиваль режиссерлар мен әртістер үшін үлкен тәжірибе болатынына сенемін. Сапалы фильм түсіру үшін тынбай ізденіп, байқауларға қатысып, бағыңды сынап көруің керек. Фестиваль жыл сайын өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деді «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Қаратайқызы.
Іс-шара Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында жалғасты. Театрда Меруерт Өтекешова, Самал Еслямова, Дариға Бадықова, Алпамыс Шәрімов, Талғат Тайшанов өңір журналисттерімен кездесіп, аталмыш кинофестиваль және қазақ киноматографиясындағы жаңалықтар жайлы сөз қозғады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ашылған «Жас толқын» республикалық киножурналының таныстырылымы өтті.
«JAIYQ» халықаралық қысқаметражды және деректі фильмдер кинофестиваліне Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Франция, Беларусь елдерінен 100-ден астам туынды қабылданған.
Алпамыс Шәрімов:
– «JAIYQ» халықаралық фестивалін ұйымдастыруды қолға ала бастағанда: – «Неге мұндай деңгейдегі жоба Оралда өтеді?», – деген сұрақты қоюшылар көп болды. Орал – Европа мен Азияның тоғысындағы шаһар. Қала архитектурасы кино әлемі үшін дайын декорация. Халықаралық жобаларды Алматы мен Нұр-Сұлтанда ғана өткізе бермей, шалғай шағын қааларымызда өткізуді қолға алу дәстүрге айналуы керек. «Шағын шаһар» деп қоямын, әлемге бір ғана Канн кинофестивалімен танымал болған Канн қаласының тұрғыны 74 000 адам. Оралдың халқы 300 000 адам. Каннан үш есе үлкен қаланы неге әлемге танытуды қолға алмасқа?! Біз өз өңірімізді бағалай білуіміз керек.
«Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмінің тұсауы кесілді
16 қыркүйек Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «JAIYQ» кино-фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Фестивальге келген қонақтар, тартысты додада бақ сынауға бекінген жер-гілікті режиссерлар, мәдениет майталмандары қызыл - кілеммен жүріп өтіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовпен Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешованы сахна төріне шақырып, құрмет көрсетті.
– Бір апта бұрын Батыс Қазақстан облысы пандемия бойынша сары аймаққа еніп, фестиваль ұйымдастырушыларының жұмысы үдей түсті. Мойындау керек, карантин бізді рухани аш қалдырды. Біз театрды, киноны сағындық. Халықаралық деңгейдегі фестивальдың өзіміздің өңірде өтуі – қазақ киносының жаңа сатыға көтерілгендігінің айғағы, – деді Бақытжан Қаберұлы.
Іс-шарада елімізге танымал актерлер кино туралы өз ойларын ортаға салды. Байқауға қатысуға жолдама алған отыз бір фильмге шолу жасалып, «AQJAIYQ» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілді. Қырғызстан, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Франция, Беларусь елдерінен қатысқан үміт-керлер фестивальдың ашылу салтанатын тікелей эфир арқылы тамашалап, фестиваль қатысушыларына сәттілік тілеу үшін онлайн байланысқа шықты.
Іс-шара соңында «Қазақ-фильм» және жапондық «Tokyo New Cinema» компаниясы Қазақстанда тұңғыш рет бірге түсірген «Барымташылар. Уақыт жолдары» фильмінің тұсауы кесілді. Фильмде басты рөлдерді Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова, танымал қазақстандық актер Дулыға Ақмолда және жапондық актер Мирай Морияма, ал, әкесінен айырылған баланың рөлін Мәди Минайдаров сомдаған. Бұл фильм бұдан бұрын Пусан фестивалінде көрсетілген болатын.Ерлан Нұрмахамбетов пен Лиза Такэбаның фильмінде адамдардың сан алуан тағдыры, көп ішіндегі жалғыздығы көрініс табады.
Ерлан Нұрмахамбетов:
– Қазіргі заман жастары оқымайды, көреді. Көру арқылы фильмді толық түсіну үшін көру мәдениетін қалыптастыру керек. Көру мәдениеті осындай фестивальдерде қалыптасады. Қызығушылық та, кино түсіруге деген ұмтылыс та осындай байқауларда пайда болады. Сондықтан кинофестивальдерді көп өткізу керек. Жалпы әр киноның өзінің кодтары, сипаты, қалыбы, көрермені бар. Бір жері күлкілі, бір жері аянышты, бір жері түсініксіз болуы әбден мүмкін.
Меруерт Өтекешова:
– Кезінде «Қыз Жібек» фильмі қазақты әлемге танытты. Ал «JAIYQ» кинофестивалінде режиссерлар фильмдері арқылы өзінің талантын, елін төрткүл дүниеге таныстыра алады. Себебі, бұл фестивальді бірнеше мемлекеттің өкілдері тамашалап отыр. Туған жеріме келгеніме қатты қуаныштымын. Қазақ киноматографиясының дамуына үлесін қосқан қаншама дарынды адамдар бар. Оларды ұмытуға болмайды. Олар бағдаршамымыз секілді әрқашан бізге жол көрсетіп тұрады.
Әлияның қасіреті
Екі күн бойы «Cinema Park» кинотеатрында көрсетілген 31 фильмді асқан ыждағаттылықпен қарадық. Фестивальге жолданған фильмдерде отбасылық мәселелер, әлеуметтік тақырыптар қозғалған. Әсіресе бала психологиясындағы құбылыстарға баса назар аударылған. Қазақстандық режиссер Рүстем Дастанұлының «–5» фильмі баскетболды ұнататын ағайынды екі бала туралы. Ағасы інісіне қарағанда жақсы ойнайды. Ұпай санымен ылғи ұтып кетеді. Әрқашан жеңіске жете беру де адам баласын жалықтырады. «Ойнай алмайсың» деп інісін қатты сөгеді. «–5» дегеніміз – ұпай саны. Бес мәрте допты нысанаға дәлдей алмаған адам жеңіліп, ойыннан шығады. Інісі ағасына өкпелеп, алаңнан алыстай бастайды. Сол заматта ағасы кішкентай бала қақпаға бағыттаған допты әдейі өткізіп перзентіне қуаныш сыйлаған әкені көріп, қалың ойға шомады. Дереу інісінен кешірім сұрап, қайтадан ойынға шақырады. Інісіне допты қалай дұрыс лақтыру керек екенін үйретіп, жеңіле бастайды. Бауырының жүзінен қуаныш байқап, өз-өзіне іштей риза боп тұрады. Фильм режиссері адамның қашанда тума-туыстарының, жақындарының қолдауына зәру екенін жеткізгісі келген.
Сергей Батаевтың «Бойцовская рыбка» фильмінде әкесі ұлдарына аквариум сатып алып бергісі келеді. Бірақ қаражаты жетпейді. Балалары аквариумға қатты қызығып, оны сатып алу үшін түрлі жұмыс жасай бастайды. Ал Сухроб Қадыровтың «Шана» фильмінде екі дос шана жасатып, төбеден сырғанағысы келеді. Шана жасату үшін қолғаптарын сатады. Ақыры шанаға қол жеткізеді. Алайда ауырып жатқан жанды көріп, оны жылыту үшін құрғақ отын таба алмайды. Амал жоқ, шананы қиратып, от жағуға тура келеді. Шохжахон Субхоновтың «Анвар» фильміндегі басты кейіпкер әжесіне күн сайын күн шуағын тасиды. Ол күнде таңертең шатырға шығып, күнге алақанын тосып, науқас әжесіне жылу сыйлайды. Аталған үш фильмде де балалардың риясыз көңілі, қайсарлығы суреттелген.
Анастасия Буковскаяның «Бульмастиф» фильмі де ерекше. Соғыста психологиялық соққы алған жігіт ешкіммен араласпайды, томаға-тұйық күйде жалғыз өзі үйде жата береді. Соғыс көріністері санасынан өшпей, қайта-қайта мазасын алады. Қоршаған ортадағы тарсылдаған, дүрсілдеген дауыстар бомбаны, атылған мылтықтың дауысын есіне салады. Дронды майдан ұшақтарына ұқсатады. Бір күні сол жігіт көшеде бульмастиф тұқымына жататын ит тауып алады. Итті тапқаннан кейін өмірі өзгере бастайды. Иттің иесін іздеп, адамдармен тілдеседі. Хабарландырулар жасайды. Мұңға қамалып, жата беруге болмайтынын, қоршаған ортамен біте қайнасып, араласу керектігін түсінеді.
Валерий Гапеевтің «Автобус» әңгімесінің желісі бойынша түсірілген Агата Михайлованың «Маланка» фильмі маған қатты ұнады. Автобусқа отырған адамдар кенет бір жерден бірнеше мәрте өткендерін, уақыттың кері айналып бара жатқанын байқайды. Мүгедек қыз да арбасынан түсіп, жүріп кетеді. Кейін автобустың апатқа ұшырағаны, адамдардың ауруханаға жеткізілгені, жолаушылардың летаргиялық ұйқыға батқаны анықталады.
Фильмнің көпшілікке түсінікті болуы үшін летаргиялық ұйқы туралы аз-мұз ақпарат бере кетейік. Ұлы жазушы Николай Гоголь ұзақ уақыт ұйқыға кететінін іші сезсе керек, өлер алдында демі үзілгеннен кейін сүйегі шіріп, сасып кеткенше жер астына көмбеуін өсиет еткен. Соңғы тілегі орындалмай қалған. Ұйқысы ұзаққа кеткен адамды өлдіге балап, мәңгілік сапарына шығарып салған жұрт жазушының дертке шалдыққанын білмеген.
– «Аш табытты, сілейісіп қал бәрің,
Гоголь аунап түсіпті бүйіріне басқа бір,
Өсіп кеткен тырнақтары жыртыпты, етігінің астарын», – дейді Андрей Вознесенский!
– Әрбір адамда екі түрлі жан болады. Оның бірін «рух рауан» («кезбе жан»), екіншісін «рух сәкін» («ажырамас жан») деп атайды. «Рух рауан» адам денесіне кейде кіріп, кейде шығып жүреді. Рух рауан денеден шықса, адам ұйықтап кетеді, кірсе, оянады. Рух сәкін бойымызға әбден дарыған, сіңген жан. Егер рух сәкін денеден шықса, қайтып келмейді. Онда адам өледі. Рух рауанның іс-әрекеті бізге түс болып көрінеді, – дейді қаңлы руының қазағы Көбей Тоқболатов.
Летаргиялық ұйқының ең ұзаққа созылған уақыты 36 жыл екен. 36 жыл бойы физикалық тәні кереуеттен қозғалмаған адамның «рух рауанының» не көріп, не білгені, әрине, қызық. Ал біз Агата Михайлованың «Маланка» фильмінде «рух рауанның» серуеніне куә болдық.
Жасқайрат Валиуллиевтің «Қоңырау» фильмі ойлы, мағыналы туынды. Жалған құжат жасатып, жалған сөйлеп, пайдаға кенелетіндер қазіргі заманда көп-ақ. Сондайлардың кесірінен адал еңбек етіп, нәпақа тауып отырғандардың жапа шегетіні де рас.
Ал Аманат Ырзағалиевтің «Нағашымның әңгімесі» фильмі жақсы түсірілген. Дін мәселесі қашанда өзекті ғой. Адасып жүргендерге жөн сілтеуді мақсат тұтқан режиссердің жұмысы көңілге терең ой салды.
Манзарали Шералидің «Обуза» фильмі адам қиялын сан-саққа жүгіртеді. Обуза – ауыр міндет деген мағынаны білдіреді екен. Жүк тиелген ескі «Волга» аутокөлігінің иесі қарапайым такси жүргізушісі. Жүргізуші әлі емшектен шыға қоймаған ұл баласы бар әйелді төркініне апарады. Төркіні қабылдамай, кері келін боп түскен жеріне әкеледі. Ол жердегілер де үйге кіргізбейді. Такси жүргізушісі ашыла сөйлеп, өмірінің жүк тасумен өтіп бара жатқанын, төрт қызын осы кәсіп арқылы асырап отырғанын айтады. Сәлден соң кері жолға шығып, қайтадан әйелдің төркініне қарай тартып бара жатады. Кенет әйел көлікті тоқтатуын сұрап, баланы такси жүргізушісінің қолына ұста-тады да, өзі ізім-ғайым жоғалып кетеді. Маң далада жүк тиелген ескі «Волга» аутокөлігінің қасында такси жүргізуші сәбимен бірге қала барады.
Ал Әлия Досымқожаның «Әлия» фильмі ауылға келген мұғалім қызды алып қашудан басталады. Әлия өзін алып қашқан адамды танымайды да. Алайда үлкен кісілер оның кері кетуіне жол бермейді. Тұрмыс құруды іш-тей қаламаған Әлияның әрбір күні көңілсіз өтіп жатады. Оның үстіне «күйеуінің» жағымсыз іс-әрекеттері уайымын еселетіп, түнде ұйқысын, күндіз күлкісін ұрлайды. Фильм соңында өзін «келін» атандырған, таңдауына, көзқарасына көз жұма қараған үйді қызыл өртке орап, қайын інісін өзімен бірге ертіп кетеді. Үйді жалмаған отты су басар, алайда, Әлияның кеудесіндегі өртті ешкім де өшіре алмайды.
Алтынай Нөгербек:
– Осы фестивальдың аты шулы фестиваль болатынына сенемін. Жас режиссерлар ер мен әйел, ересектер мен балалар арасындағы кейбір ауыр қарым-қатынасты бүкпесіз, ашық көрсеткен. Тереңдікке баруға тырысқан. Қазылық ету – қашанда қиын. Өнер дегеніміз – оңашалық, жеке көзқарас. Қысқаметражды фильмдер ерекше жанр-
ға жатады. Себебі қысқа уақытқа көп нәрсені сыйғызу керек. Бұған үлкен дайындық қажет. Біз фильмдерді жан-жақты қараймыз. Фильмдегі ең маңызды нәрсе – режиссердің айтқысы келген ойы. Манзарали Шералидің «Обуза» фильмі өзіме қатты әсер етті.
Үздік фильм – Тәжікстанда!
17 қыркүйек күні екі күн бойы қала тұрғындарын сүйікті әртістерімен қауыштырып, әлемнің түкпір-түкпірінде түсірілген қысқаметражды және деректі фильмдермен таныстырған «JAIYQ» кинофестивалі қорытындыланды. Фестивальдың жабылу салтанаты Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті.
Қысқаметражды фильмдерге кино және театр актрисасы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешова, кино және театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек, режиссер, сценарист Ерлан Нұрмұхамбетов, 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің «Үздік әйел рөлі» аталымының және «Ника» ұлттық киноматографиялық сыйлығының иегері Самал Еслямова, режиссер, сценарист, продюсер Жеңісхан Момышев қазылық етсе, деректі фильмдерді танымал теле және кинооператор Талғат Тайшанов, «Ақжайық» телеарнасының директоры Асланбек Ғұбашев, продюсер, сценарист, көптеген деректі фильмдер режиссері Айгүл Черендинова қазылық етті. Олар «Cinema park» кинотеатрында 100-ден астам фильмнің ішінен іріктелген 31 фильмді тамашалап, бағалады. Фильмдер киносүйер қауымға ерекше әсер сыйлап, бір серпілтіп тастады. Байқау нәтижесінде тәжік режиссері Манзарали Шералидің «Обуза» фильмі фестиваль жеңімпазы атанып, «ҮЗДІК ФИЛЬМ» аталымын иеленді. Аламанға «Анвар» фильмін қосқан Шохжахон Субхонов (Өзбекстан) «ҮЗДІК РЕЖИССЕР» атанды. Ал, «ҮЗДІК СЦЕНАРИЙ» Ажар Серікбайдың (Қазақстан) «Құдаша қыз» фильмінің сценарийін жазған Әйгерім Қалмұқаметоваға тиесілі болды. «ҮЗДІК ЕР АДАМ БЕЙ-НЕСІ» Анастасия Буковская-ның (Украина) «Бульмастифінде» басты рольді сомдаған Евгений Ламахқа бұйырса, «ҮЗДІК ӘЙЕЛ БЕЙНЕСІНЕ» фестивальдың үздік фильмі «Обузадағы» Саодат Сафарова лайық деп танылды.
Самал Еслямова:
– Әлемнің біраз еліне бардым, алайда өз елімнің батыс аймағына алғаш рет келіп тұрмын. «JAIYQ» фестивалі Пусан, Канн фестивальдері секілді әлемге әйгілі болуы әбден мүмкін. Екі күн бойы бірнеше жақсы фильмді та-
машаладық. Екі күн бойы Орал тұрғындары бізге құрмет көрсетіп, ерекше ілтипат танытты. Фестивальдың «Үздік әйел адам бейнесі» аталымын жеңіп алған «Обуза» фильмінің басты кейіпкері Саодат Сафарова – ғажайып актриса. Оны жарқын болашақ күтіп тұр.
Жергілікті режиссер – жеңімпаз!
«Бульмастиф» фильмінің қоюшы-суретшісі Ольга Злобина «ҮЗДІК ҚОЮШЫ-СУРЕТШІ ЖҰМЫСЫ» аталымын, Мария Чернийдің (Грузия, Россия, Украина) «Ормо» фильмінің операторы Алиса Тареличова «ҮЗДІК ОПЕРАТОРЛЫҚ ЖҰМЫС» аталымын иеленді. Сергей Батаевтың (Россия) «Бойцовская рыбка» фильмі «КӨРЕРМЕН КӨЗАЙЫМЫ», Гүлнара Айтмаматованың (Қырғызстан) «Тайғақ жол» фильмі «ЕҢ ҮЗДІК ДЕРЕКТІ ФИЛЬМ» атанды. Ал жергілікті режиссер Аманат Ырзағалиевтің «Нағашымның әңгімесі» фильмімен «ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ АРНАЙЫ ЖҮЛДЕСІН» иеленуі біз үшін фестивальдың басты жаңалығы болды. Іс-шара соңында байқау қонақтары мен қала тұрғындары «ҮЗДІК ФИЛЬМ» атанған тәжік режиссері Манзарали Шералидің «Обузасын» тамашалады.
– Қазір кино түсіруге қызығушылық артып келеді. Қаламызды бүкіл әлемге көрсету, кино түсіретін қалаға айналдыру – басты мақсатымыз. Ескі ғимараттары көп Оралды дайын тұрған кино түсіру алаңы десек те болады. Әлішер Ғұмаров, Аманат Ырзағалиев, Жасқайрат Валиуллиев сынды кино түсіруге бет бұрып жүрген жастар үшін бұл фестиваль үлкен тәжірибе болатыны сөзсіз, – деді Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев.
«JAIYQ» фестивалі жоғары деңгейде өтті. Көптен мұндай мәдени-көпшілік шараға қатыспағаннан да болар, жақсы әсер қалдырды. Ғұмырлы фильмдер түсірген танымал режиссерлардың ізін жалғайтын жастардың бар екеніне көзіміз жетті.
Рамазан Амантай, актер, тележүргізуші, «Серпер» сыйлығының лауреаты:
– Қалайша тұра аламын өлең өрмей,
Бұл Орал шын бақытқа бөлегендей.
Қазақтың әрбір қызы Қыз Жібектей,
Қазақтың әр жігіті Төлегендей.
Дариға Бадықова, кино актрисасы:
– Бұл кинофестиваль келесі жылы да өтсе, келуге дайынбыз. Алпамыс Өскенбайұлының соңынан ерген іні-қарындастары осы бастаманы жалғастырады деп сенемін. Орал – көне қала. Тұрғындары да шынайы, қонақжай. Ал Хадиша театрының аурасы бөлек. Бұл аура әртістерге үлкен шабыт сыйлайды.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz