28.09.2021, 10:33
Оқылды: 63

Кеңеске келелі міндеттер жүктелуде

Жуырда  қаламыздағы Достық үйінде БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті  отырысы өтіп, оның күн тәртібіне екі мәселе шығарылды. 

бауыржан аганын шарасы2

Алдымен аталмыш кеңестің жаңа төрағасы Аманкелді Дәулетжанов сөз алып, өзіне көрсетіліп отырған сенім жүгінің жеңіл еместігін, әрі келешекте бірлесе атқаратын жұмыстардың бірпарасын алға тартты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген ассамблея бүгінде елімізде жаңа бірегей қоғамдық және мемлекеттік интитутқа айналғанын  жеткізді.

Алғашқы кезекте «Ауыл – ел бесігі» жобасының облыс бойынша жүзеге асырылу барысы талқыланып, біраз жайлар ортаға салынды. Тақырып бойынша баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының өңірлік даму және мониторинг бөлімінің басшысы Райса Еркеғалиева бөлінген қаржының қайда, қалай жұмсалып жатқандығын соқыр көріп, саңырау еститіндей ғып, талдап, таразылап берді. Қойылған сауалдарға да салмақты һәм салиқалы жауап қайтарып, өзінің кәсіби біліктілігін таныта білді.

Бөлім басшысының мәлімдеуінше, аталған жоба бойынша жыл басында 1,8 млрд теңге қарастырылса, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасы негізінде республикалық бюджеттен қосымша 3,6 млрд теңге бөлініпті. Осылайша биылөңірімізде 16 ауылды (ондағы адам саны – 57,9 мың) одан әрі дамыту үшін белгіленген  36 жобаны іске асыруға 5,5 млрд теңге жоспарланса, қыркүйектің басында оның 2363,9 млн теңгесі (82,7%) игерілген. Аталмыш қаржы негізінен даму трансферттері бойынша 12 жобаға (2274,2 млн теңге), ауылішілік жол құрылысы бойынша 4 жобаға (1096,9 млн теңге), ауылішілік көлік жолдарын қайта жаңғырту бағыты бойынша 4 жобаға (824,9 млн теңге) және жаяу жүргіншілер жолы мен көшелерді жарықтандырудың 3 жобасына (172,7 млн теңге) бөлініпті. Қазіргі таңда аталған бағыттарда көптеген шаруа атқарылып, соған сай бөлінген қаражаттың да біраз бөлігі игерілген көрінеді.

Айта кетелік, бұл күнгі кеңесте «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жәнібек және Бәйтерек аудандарында тындырылған істер бойынша тиісті сала басшылары өз есептерін берді. Кеңес төрағасы мен мүшелерінің тарапынан сын-ескертпелер де болмай қалған жоқ.

«Этнос өкілдері арасында интеркультурализм принцип-терін ілгерілету мен қазақстандық ортақ мәдени код қалыптастыру» тақырыбы бойынша сөз алған «Қоғамдық келісім» КММ әлеуметтік бастамалар және қоғамдық келісім бөлімінің басшысы Бекқали Бержанов өз ой-пікірімен бөлісті. Бұл жерде негізінен ұлтаралық татулық төңірегінде салиқалы әңгіме қозғалды. Кеңесте аузы дуалы кейбір қарияларымыз енді   мемлекеттік тілге басымдық беріп, оның өрісін кеңейту қажеттігін ашық айтуы – құлаққа жағымды естілді. Мемлекет басшысының өзі биылғы Жолдауында «Ата Заң бойынша Қазақ-станда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деп ашық айтуы да тегін болмаса керек. Сонымен бірге қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретіндігін де ескертті емес пе?! Олай болса, көпті көрген көнекөздердің сөзіне құлақ асып, үлкенді-кішілі алқалы жиындарда ана тілімізді алдымен өзіміз аялай білгеніміз  жөн-ау,  ағайын!

Өзінің түйін сөзінде Аманкелді Медхатұлы айтылған ұсыныс-пікірлердің қай-қайсысы да орынды екендігіне және алдағы жұмыс жоспарындағы мәселелердің маңыздылығына тоқталып, кеңеске келелі міндеттер жүктеліп отырғандығын да жасырмады. Сондай-ақ сенім үддесінен шығу үшін бірлесе іс-әрекет етіп, әркез белсенділік таныта білу қажеттігін  айтты.

Бауыржан Махутұлы,

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале