30.09.2021, 9:58
Оқылды: 134

«Жүректегі жалыным, лаула, бүгін лапылда!»

Қазақ айтысы тағы бір олжасынан айырылды.

Иә, бір кездері айтыс та кеңестік идеологияның құралына айналған-ды. Дегенмен, қазақ айтысымен қауышқанына разы еді. Қай сөздің ақындық жүректен туғанын, қай сөздің заманның буы айтқызғанын тыңдарман біліп, саралап отырды. Осы шақта атамұра өнердің туын көтеріп, сөз сарбаздарының сапында жүрген ақын, аудандық, облыстық айтыстардың жүлдегері, сырымдық Зәкария Молдағалиев 84 жасында бақилық болды.
WhatsApp Image 2021-09-30 at 09.55.47

Зәкария Молдағалиев 1937 жылы дүниеге келген. Мектепті аяқтағаннан кейін, 1 жылдық бухгалтерлік курсты бітіріп, қатардағы есепші болып еңбек жолын бастап, кейін Жосалы кеңшарында 40 жылдай жұмыс жасады.

Ол кезде аудандық айтысқа қатысуға жолдама алудың өзі оңай емес еді. Әуелі фермалардағы ақындар айтысып, кеңшардың үздігін анықтайтын. Үздік ақын аудандық айтысқа қатысады.

1979 жылы Зәкария Молдағалиев сол кездегі Абай атындағы кеңшардың ақыны, бүгінде белгілі қаламгер Махмет Қажиахметовпен айтысып, Жымпиты ауданының мәдени жетістігін жырлады.

1982 жылы өткен айтыс – Зәкария ақын үшін тарихи маңызы бар сөзсайыс еді. Осы айтыста ол «қазақ айтысының қарлығашы» Жаңыл Жұрмағамбетовамен сөз қағыстырып, ІІІ орын алды. Ақынның Кәкім Самихов, Екпін Сүйінғарин, Есен Баймұхамбетовпен айтыстары елдің есінде.

Ол кезде басшылар ақындар айтыста айтқан сын мен мін айтып қала ма деп қатты алаңдайтын. Содан да болар, ақынның әр сөзінен нәтиже шығатын.

Зәкария ақынның Жаңылмен айтысындағы:

«Ішінде «детсадыңның» қырық тіреу,

Ұялар жоғарыдан көрсе біреу.

Тездетіп, кешіктірмей орын аудар,

Астында қалып жүрер әлде біреу» - деген шумақтары кеңшар басшылары үшін тапсырма іспетті еді.

2018 жылы Батыс Қазақстан облысындағы айтыс өнерінің 60 жылдығына орай бірқатар ақындарға, алғашқы айтысты ұйымдастырушыларға «Жайық айтысына 60 жыл» мерекелік медалі берілді. Қуандық. Дегенмен, осы медальдің кейін айтысқа түк қатысы жоқ адамдарға, тіпті Батыс Қазақстанда алғашқы айтыс өткен уақытта сахнаның қасынан өтіп бара жатқан кісілерге де табыс етіліп, сөз өнеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдардың кеудесінде жүргені кішкене көңіл кірбің ұялатып еді.  Еңбегіміз бар ма, жоқ па оны білмедік, кейінгі толқын деп, осы медаль біздің де өңірімізге тағылды.

Ал, айтыстың ХХ ғасырдағы тынысын ашып, ұлттық өнерді кеңестің көпірімен жаңа ғасырға аман жеткізген жосалылық Зәкария Молдағалиев, олардың ізін алған ақын, тағдырлы талант бұлдыртылық Қуаныш Қапанов сияқты дарындар осы тұста ескерілмей қалды. «Өз елі өз ерлерін ескермесе...» дегендей, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газеті редакциясының атынан жаңағы ақындарды елеп - ескеру жөнінде облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Мәулет Жұбатов мырзаға ұсыныс бердік.  Мәулет мырза екі сөзге келместен, марапатты жеткізетінін айтты.

Кейін белгілі ақын, журналист, Қ.Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, Айтыс ақындары мен жыршы – термешілер Одағының Батыс аймағы бойынша төрағасы Бауыржан Халиолла Жымпитыға арнайы келіп, аудан әкімдігінің актив жиынында ақын Қуаныш Қапановқа «Жайық айтысына - 60 жыл» мерейтойлық медалін тақты. Зәкария ақын салтанатты шараға денсаулығына байланысты қатыса алмады. Жиналыстан кейін Бауыржан Халиоллла мен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев ерінбей Жосалы ауылдық округіне, Зәкария Молдағалиевтің шаңырағына аяқтай барып, марапатты ауыл ақсақалдарының алдында табыс етті. Сексеннің сеңгіріндегі ақын сол кезде балаша қуанған. Қолына қызылқара домбырасын алып  жіберіп, алғысын жырмен жеткізген. Осы тамаша сәтке біз де куә болып едік.

Зәкария ақынның Сырым ауданындағы айтыстың тарихын түгендеуге де үлкен септігі тиді. Қарттың ұрпақтарының қолында айтыстар басылған әр жылдардағы «Қызыл ту» газетінің сандары, әкелерінің айтыстарының, арнауларының жазбаша нұсқалары бар екен. Одан бөлек, Зәкария қарт біздің ауданнан шыққан, кезінде Жамбылмен айтысқан Мүбіш ақын туралы дерек айтып еді.

«Құлағың сал даусыма,

Жақында, жұртым жақында.

Жүректегі жалыным,

Лаула, бүгін лапылда!» - деп жырлаған Зәкария ақынның жүрегіндегі жалыны – жыры елі мен жұртының жадында мәңгілік жалындайды. Бақұл бол, қазақ айтысының жауынгері!

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің редакторы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале