4.10.2021, 17:23
Оқылды: 46

Тақымыңа басқан «темір тұлпарыңды» тіркеттің бе?

  Бүгінде қос дөңгелекті «темір тұлпарды» тізгіндеген тұрғындардың қарасы артып, мотоқұмар жасөспірімдер көбейіп кеткен. Әр үйде қалаған жеріңе жүйткіп отырып жетіп баратын көліктің болғаны жақсы, әрине. Дегенмен сол көлікті жүргізушілер жол ережесін сақтап, құжаттарын түгелдеп алса нұр үстіне нұр. Алайда күн сайын құстай ұшып жүрген мотоциклдердің  тіркеуде жоқ екенін естігенде үстінде отырғандардың да құжаты түгел емес-ау деген ойға қаласың. Сонда тақымына басқан тұлпарын тіркетіп, құжат алудың соншалықты қиын болғаны ма?

FAB2E32E-7F8B-4167-83F3-54AAE6765ADB

Аудандық полиция бөлімінің қызметкері, полиция лейтенанты Бекболат Есімовтің айтуынша, көпшілік тұрғындар В, С санатты жүргізуші куәлігімен мотоцикл жүргізуге болады деп ойлайды екен.

-Мотоцикл және басқа да мотокөлік құралдарын А санатты жүргізуші куәлігі бар 18 жасқа толғандар ғана жүргізе алады. Қаншалықты тәжірибесі болғанына қарамастан, осы жасқа толмаған балаларға немесе куәліксіз мұндай көлікті жүргізу заңсыздық болып саналады. Сонымен қауіпсіздікке де аса мән берген жөн. Мотоцикл иелері көліктерін тіркету үшін Орал қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына (автоцон) баруы керек. Құн салығын төлеп, мемлекеттік нөмір алулары тиіс. Бірақ бұған ешкім бас қатырып жатқан жоқ. «Мал бағуға не құжат, не тіркеу керек» деген жаңсақ оймен техникасы барын жасырып, мойындарына артық міндет алудан қашады, - дейді Бекболат Назымұлы.

Жылдамдығы сағатына 50 километрден аспайтын көліктер болады. Мұндай көліктерге мопедтер жатады. Мопедтер үшін жүргізуші куәлігі талап етілмейді екен. Ең бастысы, қауіпсіздік шараларына көңіл бөліп, басқа шлем, қол-аяққа жарақаттан қорғайтын арнайы қорғаныс киімдерін киген жөн. Себебі «жаман айтпай, жақсы жоқ», жолда неше түрлі оқиғалар болуы мүмкін.

-Аудан бойынша ағымдағы жылдың басынан бері кәмелеттік жасқа толмағандар арасында бір дерек анықталып, ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылды. Алайда қазіргі таңда «темір тұлпарлардың» көпшілігі Ресей мен Қытайдан әкелініп, тіркеуде жоқ болғандықтан, оларға шара қолданылмайды. Яғни белгілі иесі, тіркеу нөмірі болмағандықтан, олар қашып кеткен жағдайда қайта тауып алу қиын. Ал егер көлік тіркелген, мемлекеттік нөмірі болса, жол ережесін бұзған немесе оны басқаруға құқығы жоқ азаматтарға ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 612-бабының 1-2-бөлімдеріне сәйкес шаралар қолданылады, - дейді полиция лейтенанты.

Оның сөзінше, осындай ескертулерге қарамастан мотоцикл тізгіндеген жасөспірімдер жол апатына жиі ұшырап жататын көрінеді. Жуырда ғана облыс орталығында он бес жасар бозбала осы темір тұлпардан құлап мерт болыпты. Ауданда мотоциклмен болған жол апаттары мен жарақат алу сынды деректер ресми түрде тіркелмегенімен, ауыл-аймақтарда кездесіп жатады. Алайда тұрғындар мұндайға немқұрайлылық танытып, ата-аналар балаларының көлік жүргізуіне тыйым салмайды. Керісінше, «мал қарасын, қой бақсын» деп өздері алып береді.

-Кейбір мотоцикл мінген жасөспірімдер жол ережесін бұзғаннан соң, оқиға орнынан қашып кетуге тырысады. Кейде біздің ескертуімізге де құлақ аспайды. Бірақ ондай жағдай болған кезде мотоцикл жүргізушісі полиция қызметкері автомашинаның дыбыстық сигналы мен жарықшамын қосып белгі берген кезде тоқтауға міндетті. Ал біз жүргізуші толық тоқтағаннан кейін ғана әрі қарай оның құқықтары мен міндеттері және қандай құқықбұзушылық жасағаны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Жүргізуші тоқтамаған жағдайда, басында шлем және арнаулы қорғаныс киімдері болмаса біз оны қуа алмаймыз, - дейді Бекболат Есімов.

Қос дөңгелекті «темір тұлпарды» басқару оңай болғанымен, апатқа ұшыраған жағдайда жарақат алу көрсеткіші жоғары екенін әсте естен шығармайық. Жол ережесін сақтап, абай болайық!

 А.Есіркепов,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале