Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының ұлттық бірегейлікті сақтау бөлімінде әр ұлттың өз дәстүрі, мәдениеті, тарихы, әдебиеті болатыны, қазіргі өркениет дамыған заманда ұлттық рухымыздан айырылып қалмауымыз керек екені айтылады. Ұлт болып қалғымыз келсе, жас ұрпақты ұлттық тәрбиеден ажыратпаған жөн.
Жуырда Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен "Шың" музыкалық драма театры бірлесіп, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздан сыр шерткен тамаша шара ұйымдастырды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған игі шарада жас жеткіншектерге атадан мұра болған ат баптау өнерінен шеберлік сағаты көрсетіліп, ат әбзелдері таныстырылды. Ұлттық өнерімізден сыр шерткен шараға Қасым Аманжолов атындағы мектеп оқушылары мен Бәйтерек колледжінің студенттері қатысты.
Шара қатысушылары алдымен күні кеше ғана шымылдығы ашылған «Алтын Орда» этно ауыл кешенімен танысып, ескінің көзіндей болған құнды дүниелерді тамашалады. Кейін ауыл ақсақалы Сатыбалды Төлегенов жастарға ертоқым, үзеңгі, жүген, ноқта, шылбыр, қамшы секілді ат әбзелдерін көрсетіп, әрқайсысының мәніне жекелей тоқталып өтті. Ат әбзелдері жиналғанда құр таныстырылып қана қоймады. Әр затты қалай қолдану керектігі практикалық тұрғыда көрсетілді. Сатыбалды қария әр бұйым туралы түсінік берсе, аударыспақтан облыс чемпионатының күміс жүлдегері Манарбек Кенжеғалиев олардың қалай пайдаланылатынын көрсетті. Шара барысында қыз-жігіттер ерттеулі атқа жарыса мініп, серуен құрды.
Шеберлік сағатының соңында ақсақал атбегілік өнердің қарға тамырлас қазақ үшін қандай маңызды екенін айтып, жастарға ақ батасын берді.
-Бұл — біздің орталық жоспарлаған маңызды шаралардың басы. Алдағы уақытта жастарға аударыспақ, теңге ілу секілді ұлттық ойындарымызды көрсетіп, қызықты жарыстар ұйымдастырмақпыз,- дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жанар Губашева.
Назерке Сыйлыбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz