Ақ Жайық өңірінің әсем табиғаты, көпғасырлық тарихы күллі ғаламға танымал тұлғалардың еңбектерінде көрініс тапқан. Кезінде өлкеміздің әдебиетін, географиясын, этнографиясын, мәдениетін зерттеуге орыс классиктері білек сыбана кіріскен. Олар көптеген тарихи, әдеби, ғылыми еңбек жазып қалдырған.
П.Паллас, И.Лепехин, П.Рычков, А.Левшин, Н.Харузин Ақ Жайық өңірін аса қызығушылықпен зерттеген. Кейін олардың қатарын ресейлік П.Карелин, М.Бородин толықтырды.
Екі ғасыр бұрын орыс әдебиетіндегі ақын-жазушылар туындыларын өңірімізде жаза бастады. И. Крылов, Г.Державин, А.Пушкин, В.Жуковский, В.Даль, А.Плещеев, Т.Шевченко, Н.Лесков, Л.Толстой, М. Михайлов, С.Максимов, Г. Потанин, В.Короленко, С.Есенин, К.Федина, Д.Фурманов, Л.Сейфуллина, В.Правдухин, И.Селвинский, В.Бианки, А.Гайдар, М.Шолохов Орал қаласы жайында көркем ойларын хатқа түсірген. Көне қаламыз осы қаламгерлерді керемет әсерге бөлеген. Олардың кейбіреуі ұзақ, кейбіреуі қысқа мерзімге келген. И.Крылов, К.Фе-дин, В.Правдухин, М.Шолохов өмірінің тұтас бір бөлігін Оралда өткізген. Сонымен бірге В.Даль, В.Жуковский, М.Михайлов, Н.Лесков, С.Максимов, И.Сельвинский алдағы уақытта жазылатын жұмысына ақпарат жинаған. Ал Л. Толстой мен А. Толстойға шаһарымыз үлкен шабыт сыйлаған.
Жазушылардың шабытын маздатқан Жайық үлкен мәнге ие. Біз үшін Жайықтың орыс жазушыларының шығармашылығындағы рөлі мен орнын анықтау маңызды.
Жайық туралы жазылған әдеби шығармалар да өлкенің тарихын, тұрғындарының тағдырын суреттеп, әлеуметтік мәселелерді баяндады. Олардың ішіндегі ең маңызды оқиғалар – XVIII ғасырдағы Пугачев көтерілісі мен XX ғасырдағы Азамат соғысы. Бұл кезеңдердегі халықтың жанайқайы мен күйзелісі орыс жазушыларының шығармаларында бейнеленген.
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында орыстың алдыңғы қатарлы ғалымдары мен жазушылары қазақ халқының тұрмысын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қызыға зерттеді.
Орыс әдебиетінде мысал жанрын биік сатыға көтерген жазушы, ақын Иван Крылов балалық шағын Орал қаласында өткізген. 1773-1774 жылдары Пугачев бастаған көтерілістің куәгері болды. Кейіннен Ақ Жайық өңірі туралы көрген-білгендерін А. Пушкинге баяндаған.
Орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне байланысты мәлімет жинау үшін 1833 жылы қасына Владимир Дальді ертіп, Орынбор мен Оралға келген. Сөйтіп, қазақ халқының өмірімен, тұрмысымен, ауыз әдебиетінің кейбір үлгілерімен танысып,«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасының сюжетін жазып алған. Қозы мен Баянның өмірі, махаббаты, күйініші ұлы ақынды қатты толғандырған. Өзінің Пугачев бастаған көтеріліс жайындағыеңбегінде және «Капитан қызы» повесінде қазақтар мен башқұрттардың көтеріліске қатысқанын, қазақ ханы Нұралының патша үкіметін қолдағандығын жазған. Орыс жазушысы, лексикограф, этнограф Владимир Даль да қазақ ауылдарын аралап, олардың тұрмыс-тіршілігі туралы «Бикей мен Мәулен» повестін жазған. Бөкей ордасына жиі барған. Оның қазақтар арасында сыйлы, беделді болғаны 1836-1838 жылдардағы көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлының Орынбор генерал-губернаторына жазған хатынан аңғарылады. Хатта «Біз өзіміздің арыз-шағымдарымызды подполковник Даль мырзаның тексеруін өтінеміз» делінген. Бүгінгі таңда Орал қаласындағы Даль тоқтаған үйдің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатылған.
Жазушы, драматург, саяси қуғын-сүргін құрбаны Валериан Правдухин Жайық өзені бойымен Орынбордан Орал қаласына дейінгі аралықты қайықпен жүзіп өтіп, осы саяхаттан алған әсерін 1937 жылы «Яик уходит в море» кітабында жазды.
Ал ХІХ ғасырдың соңында жазушы Владимир Короленко шаруалар революциясын зерттеген. Тарихи көзқарасы, жазу мәнері мен стилі айқын көрінетін шығармасында Пугачев образы сәтті ашылған. Жайық Короленканың «Қашқын патша» тарихи романында көрініс тапты.
Михаил Шолоховтың да Ақ Жайық өңіріне демалуға, бой жазып, тынығуға, шығармашылықпен айналысуға талай мәрте келгені белгілі. Елдің әлеуметтік хал-ахуалын біліп, тарихымызбен, әдет-ғұрпымызбен танысқан. Батырлар жырын, жырау жырларын, қисса-дастандарды тыңдағанды жақсы көрген.
1942 жылы Михаил Шолохов отбасымен Приурал ауданының Даринск ауылына қоныс аударады. Қазір оның үйінде аудандық музей орналасқан. Шолоховтың тарихи-өлкетану музейі 1979 жылы 24 қыркүйекте ашылған. Бұл үйде жазушы отбасымен 15 айдан астам уақыт тұрған. Музейдегі Михаил Шолоховтың жұмыс кабинеті, жатын бөлмесі қайта жасақталған. Сондай-ақ жазушының күнделікті тұрмыста қолданған заттары, саятшылық кезінде пайдаланған құралдары, оның Ақ Жайық өңірімен байланысын көрсететін суреттері, оралдықтарға жазған хаттары, жолдаған құттықтаулары мен сыйлықтары, әр тілде жарық көрген шығармалары қойылған. Орал қаласының оңтүстігінде жазушының аңшылық үйі сақталған.
Кітап – әлемдегі ғылым мен білімнің жиынтығы. Түпсіз терең тұңғиығына батсаң, небір жауһарға тап боласың. Ал кітапты сақтап, оқырманға жеткізетін алтын көпір – кітапханада. Олар тарих көші ілгері жылжыған сайын мемлекеттің рухани байлығы ретінде толығуда. Облысымыздың рухани мұраларын шашау шығармай, бойына жинай білген ең көне кітапханалардың бірі – Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық кітапханаға биыл 150 жыл.
ХХ ғасырда облыстың әдеби өмірі әлеуметтік-саяси және экономикалық өзгерістердің ықпалымен үлкен өзгеріске ұшырады. Соған қарамастан орыс классиктерінің, зерттеушілерінің қызығушылығы арта түсті. Кітапхана қорының құнды бөлігі болып саналатын жоғарыда аталған еңбектер оқырман сұранысына ие.
Ақ Жайық өңірі әдеби естеліктерге өте бай. Естеліктің әр парағы сүйікті шығармаларды еске салады. Орыс классиктері мен зерттеушілердің өңіріміз жайлы жазылған еңбектерінің құпиясы әлі ашылған жоқ. Мұның сырын ашу – болашақтың міндеті.
Динара Шакелова,
Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жетекші маманы