8.10.2021, 9:52
Оқылды: 59

Алаяқтарға арбалып қалмаңыз!

Бүгінгі таңда алаяқтық Қазақстанда ең көп таралған қылмыс түрлерінің бірі. Алаяқтықтың түрлері мен жасалу нысандары әртүрлі болуы мүмкін. Ақпараттық технологиялардың дамуымен және оларды қолдану аясының кеңеюімен қатар алаяқтықтың, соның ішінде интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болуда.

Биылғы жылдың 8 айында статистикаға сәйкес Орал қаласының аумағында барлығы 895 алаяқтық дерегі тіркелген. Соның ішінде 51,6% немесе 445 (2020 ж. - 289) дерек интернет-алаяқтық санатына жатады.  

11932861-3DBE-4C86-AE12-C9B215CFF9B6

Интернет-алаяқтықтың бір ерекшелігі – қылмыскерлер тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де әрекет ете береді, яғни қылмыстың бұл түрі халықаралық  сипатқа ие.

Аталмыш қылмыстарды ашу өте қиынға соғады. Өйткені оларды ақпараттық технологиялардың көмегімен жасайды. Олар тіркелу кезінде де, ақша алу кезінде де дербес деректерін жасырын ұстайды.

Карта аударымдарын зерделеу үшін асқан мұқияттылықты, тынымсыз терең талдауды, ақыл-ой сергектігін, ұзақ уақытты қажет ететін көптеген операциялар мен басқа да рәсімдік іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс.

Азаматтардың интернет-алаяқтық туралы әрбір өтініші бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі. Ол үшін біздің тарапымыздан белгілі бір сот-тергеу тәжірибесі жолға қойылып, қылмыстарды ашу және тергеу әдістемесі  әзірленеді.

Кез келген азамат жасына, тұрмыстық жағдайына, ұлтына қарамастан осындай қолсұғушылық құрбаны болуы мүмкін.

33BB1864-5647-4B30-941B-0701F0C99992

Интернеттегі алаяқтықтың көп  таралған негізгі түрлері:

 Банктің қауіпсіздік қызметтері – Алаяқтар банк клиенттеріне «банктің қауіпсіздік қызметі» немесе «қаржы мониторингі қызметі» деген желеумен қоңырау шалып, карта бойынша күдікті операция жүріп жатқанын хабарлайды. Ақшалай қаражатқа араша түскен сыңай танытып, клиенттің шотынан ақша ұрлау үшін оны бірқатар әрекеттер жасауға мәжбүр етеді. Сондай-ақ бәрі шынайы болып көрінуі үшін олар банктердің және басқа да құрылымдардың ауысып кеткен нөмірлерінен қоңырау шалады. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден Қазақстан Республикасының абоненттік және стационарлық нөмірлеріне хабарласуы мүмкін. Әрі қарай алаяқтық оқиғаның желісі бірнеше сценарийлер бойынша жүреді.

Алаяқтар картаның төлем деректерін (16 таңбалы нөмір, иесінің аты-жөні, жарамдылық мерзімі және артқы жағындағы үш таңбалы код, сондай-ақ банктен СМС-пен келген код) біліп алуға тырысады немесе жеке кабинет-ке кіретін деректерді алдау арқылы  қолға  түсіреді.

Кейде сөйлесу кезінде алаяқтар «телефон жақсырақ қорғалуы үшін» арнайы қосымшаны (мысалы, AniDesk, TeamViewer) орнатуға кеңес береді. Олар осы қашықтан кіру және басқару бағдарламасының көмегімен жәбірленушінің онлайн-банкіндегі жеке кабинетіне кіріп, сол жердегі ақшаны өз  шотына  аударып  алады.

Қашықтан қол жеткізу бағдарламалары сақтаулы тұрған барлық ақшаны ұрлауға ғана емес, сонымен қатар мобильді қосымша көмегімен клиентке ұсынылатын несиені мақұлдатудың амалын тауып, қарызға алынған қаражатты «қалтаға басуға» көмектеседі.

Сондай-ақ қоңырау шалу кезінде алаяқтар өз құрбанын банкоматтағы ақшаны шешіп алып, оны «қаражатты құтқаруға арналған арнайы  шотқа» салуға  көндіреді.

Сатып алу туралы хабарландыру – Интернетте алаяқтар көптеген жарнамаларды зерделеп отырады. Кезекті «құрбанды» нысанаға алып, олар мессенджер арқылы онымен хат алмасады және сатып алуға келіседі. Ақша аудару үшін алаяқтар сілтеме жібереді. Былай қарағанда, сілтеме ешқандай күдік тудырмайды, бірақ оны басқан кезде пайдаланушы фишинг сайттан бір шығады. Бұл сайтта банк картасын, CVV-кодын, ЖСН көрсете отырып, сауалнаманы толтырып, ақша аударымын күту ұсынылады. Алайда банк картасының деректемелері толтырылғаннан кейін ақша ізім-қайым жоғалады. Жоғарыда көрсетілген деректемелерді қолға түсірген алаяқтар карта шотындағы барлық ақшалай қаражатты лезде ұрлап кетеді. Осыдан кейін сайт бірнеше секунд ішінде бұғатталады және ізі де қалмайды.

Тауарларды әлеуметтік желілерде жарнамалау және сату – Алаяқтар «ОLX», «krisha.kz», «kolesa.kz» және т.б. әлеуметтік желілерге жалған тауарлар туралы, оның ішінде автомашиналарға, қосалқы бөлшектерге нарықтан төмен тиімді бағамен тапсырыс беру туралы жарнамалар орналастырады (олар алғытөлем немесе толық сома алынғаннан кейін жоқ болып кетеді). Сізді аяқ астынан дүрліктіреді. Сатып алушыға алдын ала төлем жасамасаңыз, бұл өнімді алғысы келетіндердің саны көп деген  уәж  айтылады (бұл жағдайда  сатушымен бейнеқоңырау арқылы хабарласыңыз немесе осы тауарды қолыңызға алмайынша, алдын ала төлем жібермеңіз). Онлайн-несие рәсімдеу – Алаяқтар әртүрлі жолмен, соның ішінде үшінші тұлғалар арқылы толық банк деректемелерін (банк картасының нөмірі, ЖСН, жеке куәлік нөмірі) «Біреу ақша жібереуі керек, өзімнің банк картам жоқ немесе уақытша бұғатталған» деген сылтаумен біліп алуға тырысады. Толық деректемелерді біліп алғаннан кейін сол адамның атына ұялы байланыс құралдары арқылы немесе дербес компьютер арқылы онлайн-несиелер ресімдейді.

Пәтерді тәулікке немесе ұзақ мерзімге жалға алу – Тұрғын үй жалдау нарығындағы алаяқтар пандемиядан да пайда алуды үйренді. Интернетте «жалға алудағы алаяқтар» белсенді бола бастады. Олар керемет жөнделген пәтердің фотосуреттерін қойып, сенгіш сатып алушыларды тарту үшін оны арзан бағамен ұсынады. Премиум үлгідегі пәтер пан-демияға байланысты «төмен» бағамен ұсынылғандай кейіп танытады. Осыдан кейін алаяқтар әлеуетті клиенттерден пәтерді «ұстап тұру үшін» шағын соманы банк картасына аударуды сұрайды. Төлем жасағаннан кейін пәтерді жалға алушылар мұндай пәтердің жоқ екеніне немесе мекенжайдың жалған екеніне көз жеткізіп, сан соғып қалады.

Табысқа жеткізу – Алаяқтар бұдан басқа да психологиялық тәсілдерге жүгінеді. Мысалы, бір бума ақшаның (жалған) және қымбат автокөліктің (өзінің емес) суретін, көбісі кепілдік үшін өз төлқұжатының суретін салғандай болады. Бірақ төлқұжаттағы адам мен алаяқ екеуі екі адам болып шығады. Әлеуметтік желілердегі парақшаларда көптеген риза болған клиенттердің пікірлері де бар. Бірақ оларға иланбағаныңыз жөн. Бұл жалған, яғни фейк парақшалар әсіре мақтау үшін арнайы құрылған. Бұл пікірлердің  бәрі  де  шындық  емес.

Интернет-қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін келесі қауіпсіздік шараларын сақтап жүріңіз:

– өзіңіздің төлқұжат және өзге де дербес деректеріңізбен бөліспеңіз, өзін банк қызметкерімін деп таныстырса да, банк карталарыңыздың нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келіп түскен SMS құпиясөздерді ешкімге хабарламаңыз.

– жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығыңыз, әсіресе ұсақ жазуларға көңіл бөліңіз.

– тиімді ұсыныстарға сын көзбен қараңыз, елемей кетсеңіз тіпті жақсы – ақшаңыз қалтаңызда қалады.

– тауар сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз;

– белгісіз адамдардың атына ақша аудармаңыз;

– тым тартымды немесе күмәнді шарттармен мәміле жасауға асықпаңыз.

– қашықтан төлем жасау кезінде картаға шығын лимитін орнатыңыз және жасалатын транзакциялар санын шектеңіз;

– өз құжаттарыңызға (жеке куәлік, банк картасы) мұқият болыңыз, құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермегеніңіз жөн, өйткені бұдан кейін қастық ойлаушы қаржы ұйымдарында сіздің атыңызға микроқарыз ресімдеу мүмкіндігін мүлт  жібермеуі мүмкін.

Мейірбек Тілеулиев,

Орал қаласының прокуроры

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале