8.10.2021, 10:38
Оқылды: 43

Нан неге қымбаттады?

Оралда нан бағасы 10-15 теңгеге қымбаттады. Оған ілесе макарон бағасы  да 22%-ға көтерілді.    Наубайханалардағылар ұн бағасының өскенін, шаруалар бидайдың түсімі нашарлығын алға  тартады. Ұн өндірушілер бидай бағасының аспандап кеткенін, сондықтан бағаның әлі де шарықтауы  ықтимал  екендігін  жеткізді. Тіпті, шикізат  тапшылығынан  наубайханалар жабылып қалуы мүмкін деседі. «Ас  атасы  –  нан»  демекші, дастарқандағы дәмнің үлкенінің бағасы неге қымбаттады, жергілікті  атқарушы құрылымдар басты өнімнің бағасын  ұстап тұра ала ма?  Міне, осы тақырыптағы түйткілді  мәселелер облыстық  кәсіпкерлер палатасының  алаңында  талқыланды. Басқосуда кәсіпкерлік пен  билік өкілдері бағаның өсу себептерін түсіндірді.   

нан неге кымбаттады

Биыл да қуаңшылықтан егін шықпай, ырысын жерден іздеген диқандар қауымының салы суға кетті. Кейбір егін егетін аудандарда әр гектардан үш центнер ғана өнім жиналды. Бидайдың тапшылығына байланысты  астық пен ұн бағасы өсті. 1 қазаннан бастап Орал қаласындағы көптеген дүкенде жоғары сұрыпты  нанның бағасы бұрынғы бағасымен салыстырғанда 20 теңгеге көтеріліп, 160-165 теңге болды. Нан өндірушілер мұның бәрін ұн бағасының өсуімен байланыстырады. Облыс нарығындағы 3-4-сұрыпты бидайдың бағасы 80 теңгеден 120 теңгеге дейін шарықтады.  Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының пікірінше, бидай бағасының қалыптасуына іргелес  Ресей нарығы әсер етуде.  Ал бидай тапшылығының астарында  өңдеушілер мен астықты экспортқа жіберумен айналысатын шикізат сатып алушылар арасындағы көзге көрінбес  күрес  те  бар.

– Астық сатып алушы делдалдар, яғни трейдерлер мен диірменшілер арасында теңсіздік жағдай қалыптасып отыр. Астық саудагерлері өнім құнының 12%-ын құрайтын қосымша құн салығын толық өтей алады. Ал диірменшілер тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілгендіктен, дайын өнімді экспорттау кезінде салықты толық өтей алмайды. Біз ресейлік астыққа тәуелдіміз. Көрші елден бидай импорттау кезінде бұрын өнім экспортынан алынған ҚҚС-ны пайдалана алмаймыз, оны қайтадан төлеуге мәжбүрміз. Ішкі нарық өнімнің 20-30%-ын тұтынады. Негізгі өзіндік құн мен кіріс бөлігі экспорттық өнімдерден түседі. Бізге экспорттық нарықтың есігі жабылды – дейді «Белес-Маркет» ЖШС-ның коммерциялық директоры Талғат Құбаев. Оның айтуынша, өнім бағасының өсуіне дизель отынының қымбаттауы да әсерін тигізді. Ауыл шаруашылығы саласындағы науқандық жұмыстар кезінде дизель отыны көп жұмсалады. Сонымен қатар тасымалдаушылар да өз қызметтерінің бағасын көтерді. Айтқандай, бір тонна ұн өндіру үшін 1,3 тонна  астықты қайта өңдеу қажет.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашев құрғақшылыққа байланысты биыл егіннен өнім жылдағыдан әлдеқайда аз жиналғанын, алайда жағдай бақылауда болатынына  сендірді.

Барлығы 124 мың тонна бидай жиналды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе аз.

– Мұндай келеңсіз жағдай тұтастай Қазақстанда және Ресейдің көршілес аймақтарында қалыптасты. Облыс әкімдігі астық өндіруші кәсіпорындарды азық-түліктік бидаймен толық қамтамасыз ету үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ға қосымша бидай бөлу жөнінде тапсырыс берді. Қазіргі кезде облыста азық-түліктік бидай, жемдік дән мен күнбағыс қорын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Дизель отынының бағасы өзгеруде, тасымалдаушылар көлік қызметінің бағасын 30%-ға көтерді. Бүгінде азық-түліктік бидай 95 мың теңгеден сатып алынып, өндірілген ұнның келісі 135 теңгеден жіберіледі. Одан басқа қорға 250 тонна азық-түліктік бидай сатып алынды. Тұрақтандыру қоры есепшотында   550 миллион теңге бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін қосымша 1,2 миллиард теңге бөлінеді деп күтілуде, – деді Д. Омашев.

Өзара пікір алмасқан нан өндірушілер әлеуметтік нан қымбаттамайды деген шешімге тоқайласты.  Олар жоғары сұрыпты  нанға сұраныстың көптігін айтып, осы нанның бағасы өсетінін жасырмады. Қаладағы 7 наубайхананың көпшілігі бағаны көтеріп жіберген. Олай істемесе, шығынға батады, жалақы төлей алмайды.

– Нан мен нан өнімдерінің бағасы ұн бағасына тікелей байланысты. Әрине жанама шығындар да барын жоққа шығармаймыз. Электр қуаты мен газ бағасы бірнеше есе өсті. Нан бағасының қымбаттаған себебі – ұнның қымбаттауынан. Шілде айында жоғары сұрыпты ұнның келісі 145 теңге болса, қазір – 187 теңге. Бірінші сұрыпты  нан бағасын көтермейміз, сөзімді бердім, сөзіме тұрамын. «Желаев нан» сауда нүктелерімізде әлеуметтік нанды бір адамға бір бөлкесін 80 теңгеден ұсынамыз. Бұл, әрине, бізге тиімсіз. Өйткені бірінші сұрыпты нанның бағасы 105 теңге. Біз бағаны тұрғындарға қайырымдылық көмек ретінде ұстап отырмыз. Жаңа жылдан кейін бір бөлкенің бағасы 90 теңге болуы мүмкін. Біздің компания ақ нанның құнын әлі көтерген жоқ, бірақ бағаны көтеруге тура келеді. Жазда сатып алған ұн қоры таусылды, енді ұнды  187 теңгеден   сатып алудамыз. Соңғы айларда нан пісіруде пайдаланылатын басқа да қоспалар қымбаттап кетті, – дейді кәсіпкер Олег Талецкий.

Жиынға қатысушылар ұн бағасының өсуі макарон өнімдерінің  бағасының көтерілуіне сөзсіз әсер ететінін
атап өтті. «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ-ның қаржы-талдау бөлімі бастығы Талап Сапин макарон өнімдерінің бағасы одан да қымбаттап кетуі мүмкін екенін айтады. Себебі макарон өндірісінде ұн көбірек тұтынылады, сонымен қатар басқа да шығындар бар.

– Егер астықтың сатып алу бағасы көтерілсе, онда барлық дайын өнімнің бағасы өседі. Біздің кәсіпорын ай сайын 5000-нан 6000 тоннаға дейін астық өңдейді. Енді бұдан әрі өңдейтін  астық қорымыз түгесілді. Егер  8 000 тонна астықты өңдей бастасақ, екі айдан кейін тоқтаймыз. 530 адам жұмыссыз қалады. Өткен жылдың қараша айынан бастап 1-сұрыпты ұн бағасы бір-ақ рет 8%-ға өсті. Жоғары сұрыпты ұн 6 теңгеге өсті, бұрын 176 теңге болса, қазір 182 теңге, бұл шамалы өсім. Былтырастықтың тоннасын 80 мың теңгеден алсақ, биыл 120 мың теңгеге жетті. Бидай 45-50%-ға, ұн 8%-ға ғана қымбаттаған. Оның үстіне астық жетіспейді, біз астықты Ресейден алудамыз, – деді Талап Сапин.

Басқосуда әркім өз саласындағы түйткілді мәселелерді ортаға салды. Нан өндірушілер ұнның бағасы өсті десе, шаруалар егін шығымсыз десті. Сонымен қатар дизель отынының тапшылығы, жанар-жағармай бағасының өсуі де бағаның өсуінесебеп болды. Ендігі бар үміт – азық-түлік бағасының өсуін тоқтатуға күш салатын жергілікті атқарушы құрылымдарда. Билік осы бағытта жұ-мыстануда. Әйтпесе қарапайым тұрғындардың, қоғамдағы әлжуаз топтардың қиналып қалары сөзсіз.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале