8.10.2021, 12:02
Оқылды: 110

Ауылдағы ақжолтай той

Өткен сенбіде Ақжайық ауданы Ілбішін ауылында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай еңбек құдіретін, туған жерінің көркеюіне үлес қосқан ардақты азаматтардың есімін ұлағаттаған тағылымды іс шаралар өтті. Бүгінгі күні үлкен округтің орталығы болып қалыптасқан ауылдың өткеніне еңбек сіңіргендер ардақталып, қазіргі кездегі туған мекенінің тыныс-тіршілігіне үлес қосқандар марапатталды.

WhatsApp Image 2021-10-08 at 11.55.19

Шараға жиналғандар алдымен ауылдағы Қаршы орта мектебі ішінде жасақталған, КСРО спорт шебері, ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушысының спорттық жарыстар жолындағы жетістіктерінен сыр шертетін шағын мұражайды өзімен бірге тамашалады.

Одан соң мәдениет үйіне табан тіреген қонақтар мен ауыл тұрғындары ауылдық кітапханада өткен «Дархан даланың дарабозы» кітабының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Аталмыш  басылым кезінде кеңшарды ұзақ жылдар басқарып, экономикасы  мен халықтың әл-ауқатының артуына үлесін тигізген КСРО еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, «Еңбек Қызыл Туы», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, Жаңақала, Ақжайық аудандарының «Құрметті азаматы»  Мүсір Айтасовтың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертеді. Былтырғы жылы 85 жасында өмірден озған М.Иманқұлұлын  еске алуға арналған Орал қаласындағы   шаралардан кейін ат басын бірден осы ауылға бұрған зайыбы Мүсір ағамыздың еңбексүйгіштігі, адамгершілігі мен жүрегінің тазалығын, қай жерде еңбек  етсе де, барын сала кіріскенін әңгімелей келе, осы ауылда өзінің де қолтаңбасы қалғанын айтты.

WhatsApp Image 2021-10-08 at 11.54.53

Одан соң аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражовпен бірге кітаптың лентасын қиып, он данасын ауылдық кітапханаға табыстады. Бұл шараға еңбек ардагерінің қос бірдей немересі қатысты.

Шараға ауыл азаматтары тыңғылықты дайындалыпты. Мәдениет үйі алдына құрылған киіз үй ауылдың көркін ажарландырып, келгендерге мерекелік көңіл күй сыйлап тұр. Ауылдың жастары алтыбақанда тербеліп, алаңда құлдыраңдай жүгірген балалар қызықтап, мәз-мәйрам. Карантинде мәдени-бұқаралық шаралар шектеліп, жұртшылықтың рухани азықтан тарыққаны әбден байқалады. Бұл осы күні мәдениет үйінде өткізілген «Ауылым алтын бесігім» атты концертке ағылған ілбішіндіктердің легінен анық көрінді. Мұнда алдымен округтің өткені мен бүгінгі  тыныс-тіршілігінен хабар беретін бейнефильм көрсетілді.

Округ әкімі Дәурен Нұрқожа Ақжол ауылдық округінің негізіндегі Ілбішін кеңшарының 90 жылдық тарихын баяндап, Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерге тоқталды. Ілбішін кеңшарының орталығы болған бұл ауылдың іргетасы 1931 қаланыпты. Алғашында елді мекенді жұрт Қарсы деп атайды. Осы ауылдың аумағындағы Аммосов кеңшарынан бөлініп шыққан жаңа кеңшардың алғашқы председательі И.П Зрячкин сол кездің өзінде ауылдық кеңес ғимараты, кітапхана, клуб, емхана салдыртады. Отызыншы жылдардың ашаршылығында ауылдастар киерге киім, ішерге тамақ жоқ кездің қиындықтарына төтеп береді. Таң білінгенен қара кешке дейін жұмыстан өзгені білмеген аға буын, яғни алғашқы кеңшаршылардың  еңбегі ерлікке папа-пар екені анық. Көп ұзамай басталған Ұлы Отан соғысы жылдарында барлық ерлер майданға аттанып кеткенде, әйелдер, зейнеткерлер, балалардың арқасында кеңшардың тірлігі тұралап қалған жоқ. Трактор тізгіндеген Үміт Өтемісова, Қайша Беркенова, Кәкима Шаймардановалардың атқарған қызметтері ұрпаққа үлгі.

WhatsApp Image 2021-10-08 at 11.55.01

1972 жылы кеңшар қаракөл елтірісін өндірумен қатар етті бағыттағы мүйізді ірі қараның басын көбейтумен айналысады. Талай мәрте социалистік жарыстарда топ жарып, кеңшардың даңқы республика көлеміне тарауы сол кездегі еңбекшілердің арқасы.  Тәуелсіздік жылдарында ауылдың абырой-мәртебесін уыстан шығармай, туған жерінің әлеуетінің артуына да тынбай еңбектеніп жүргендер – сол еңбек ардагерлерінің ұрпақтары. Ленин орденімен марапатталған қос бірдей озат шопан, еңбек ардагерлері Қабыл Қамешов пен Ишанғали Тіналиевтің атымен округтегі елдімекендерге берілген.

Концерттік бағдарлама аясында аудандық мәдениет үйі қызметкерлері тамылжыта ән салып, мың бұрала би биледі. Айтыскер ақын, сол ауылдың тумасы Бекболат Қаленов ақ тілегін ауылдастарына жырымен жеткізді. Ауылдың бүгінгі дамуында еңбегі зор жандар да ескерусіз қалған  жоқ. «Мерейлі отбасы-2021» байқауының аудандық кезеңінің жеңімпазы, облыстық кезеңінде ұлттық тәрбиенің өнегесін көрсете білген Жұлхашевтер отбасына облыс әкімі Ғ.Нәжімеденовтің алғысхаты табысталды. Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың алғысхаты ауылдың гүлденіп көркеюі жолында аянбай қызмет еткен еңбек ардагерлері Қожахмет Айсахаев, Балғаным Кәкімова, Асқар Шораев, Әжгерей Мұқанов, Төлеген Қадешов, Кеңес Ақмоншақов, Қадырғали Өтегенов, Жәмила Нұрғалиева, Абат Тастаев, Марат Ажғалиев, Алексей Веселовтарға табысталды.

Округ әкімі Д.Нұрқожа спорт, білім саласында жетістіктерге жеткен жастар мен командаларды өзінің алғысхатымен марапатталды. Шара барлық ілбішіндіктердің ықыласына бөленген  «Атамекен» әнімен әдемі түйінделді.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале