13.10.2021, 9:25
Оқылды: 98

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Бабаларымыз ат үстінде жүріп күн кешіп, оның бабын тауып отырған.

IMG-20211012-WA0029

Шынында, жылқы жарату - өзгеше өнер. Ілкі заманда қазақ жалпақ жонның қа­бырғасын қайыстырған үйір-үйір жылқының ішінен болашақ жүй­рік шығар тұлпарды құлын кезінен-ақ қапысыз танып, баптаған. Кез келген құлыннан жүйрік шықпай­тындығы белгілі. Әуелі тұқымына қа­рап бағаласа керек. Содан соң тұқы­мы тәуір құлынды мәпелеп күткен. Үйірге көп қоспаған, себебі жылқы үйездеп тұрған кезде ірілері ұсағын теуіп мертіктіруі де мүмкін. Тай кү­нін­де бәйгеге қосып сынап, құнан шық­қанда қолтығын жаздырып, құнан бәйгеге қосқан. Жылқы жайын жақсы білетін кәнігі атбегілер мұны жер таныту деп атаса керек. Бесті шыққанда қолға ұстап, қара жа­рыстарға қосқан. Бұл талапты бұрын­ғылар шаң көрсету деп атаған. Сол дәстүрді бұзбай, бүгінде үйір-үйір жылқы өсіріп, жарысқа сәйгүлік дайындап жүрген жандар бар.

IMG-20211012-WA0026

Бәйге десе қиқуламайтын қазақ жоқ шығар. Ал ол бәйгеге жүйрік жаратып, оның бабын тауып жүргендер туралы не білеміз? Ендеше баяндайық.

Бақ шаба ма, бап шаба ма...

Шалқар ауылдық округінің Рыбцех елді мекенінде тұратын Сатыбаевтар отбасымен атбегілікке ден қойған жандар. Бүгінде бәйгенің алдын бермей жүрген әулеттің жүйрік баптауда өзіндік әдіс-тәсілі бар.

Отағасы  Бақытжан Сатыбаев балаларымен бірге  қасына  шабандоз жігіттерді ертіп,  ата кәсіптің  қыр-сырын үйретіп жүр. «Әке көрген оқ жонар» деген, ұлы  Жанболат Мұхитов бүгінде жеке ат баптаушысы.

-Мен атқа 5 жасымнан міндім. Алғашында атты  ағам Нұржан жетектеп жүріп үйреткен болатын. Ол да мықты шабандоз. Қазір екеуміз де атбегіміз. Әкем баптаған жылқыларды жарысқа ағам екеуміз жаратып, қарымын байқап, бағамыз. Ат құлағында ойнайтың шабандоз жігіттер  - сарыөмірлік Қуаныш Құрманғазиев пен үлкенеңбектік Ренат Қуаныш бар қасымызда.

Бізде түрлі тұқымды жылқы бар. Ағылшын жылқыларын ұстаймыз, бәйгеге де сол жүйріктерді қосамыз. Ағылшын жылқыларын  Ресейден, Ақтөбеден  алдырдық. Қазір өзіміздің жылқылармен шағылыстырып, қолтума жасап отырмыз.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, алысқа, жақынға шабатын ат бар. Бәйге жолының қашықтығына қарай баптаймыз. Бәйгеге қосатын атты дұрыс жемдеп, дұрыс жарату міндет. Баптау әдісіміз де әртүрлі. Егер тілін түсініп баптай алмасаң, жүй­ріктің бағы таяды. Аламан бәйгеден (25-30 км) бастап, топ бәйге (21км), құнан бәйге (12-15 км), 6-8 шақырымдық тай бәйгенің бәріне қатысамыз. Бәйгеде абыройымызды көтеріп жүрген Абырой, Айтұмар,Тарлан, Көзайым, Бәрекелді деген жүйріктер бар. Көптеген сайыстарда жүлдемен оралып жүрміз. Соның ішінде өзіміздің жерлес апамыз А.Бақтыгерееваның 75 жылдық тойында Абыройымыз құнан бәйгеден I орын (150 000 теңге) алып, топ бәйгеде екінші болып (100 000 теңге) келіп мерейімізді тасытты. Тарланмен Сырым ауданында, Сұңқармен Көнеккеткен ауылында  тай жарыс пен топ жарыстан  жүлде алдық. 2019 жылы Аңқаты ауылында аламан, топ  бәйгеден де қанжығамыз майланды.

Бүгінде ат спортына дұрыс көңіл бөлінбей, ұлттық спорт көлеңкеде қалып қойып жатыр. Тек наурыз мерекесінде ғана ат шаптырмай,  басқа да күндері мемлекеттен қолдау болса, ауылда ат үйретіп  жүрген қаншама бала бар. Солардың арасында  елдің атын шығарар шабандоздар, қазақ дәстүрін танытар жүйріктер жүргені анық. Біз жылқы мінезді халықпыз. Осы қасиет бізді қазіргі уақыт көшінен қалдырмай, алға ұмты­луға жетелейді, -дейді жылқы сырын білетін Жанболат Бақытжанұлы.

Жүйріктің бағын ашар шабандоз

Жүйріктің  бағының жануы ша­бандозға да байланысты. Бәйге жолында жылқының күшін үнемдеп, тілдесе білу өзгеше өнер. Құстай ұшып бара жатқан жүйріктің шабысын реттеу тек тәжірибемен ғана қалыптасатын машық. Кейбір бала ат үстінде еркін отыра алмайды, қорқады. Аттың шабысына шыдамайды. Ал енді бір шабандоздар астындағы аттың шар­шағанына, шалдыққанына қарамай, далақтап шаба береді. Ақыр соңында бәйгеге қосқан атты түкке жаратпай тас­тайды. Сондықтан көп жай бәйге атына мінген балаға байланысты. Додада дес бермей, аттың құлағында ойнайтын сарыөмірлік Қуаныш Құрманғазиев ат спортын жанына серік еткен жігіт.

- Бәйге десе бір орында отыра алмай, делебесі қозып тұратын нағыз қазақы дәстүрдің қаймағы бұзылмаған үлкен отбасыдан шыққанмын. Отбасыда тұңғыш шөберемін, үлкен атам тыл ардагері. Бүгінде тоқсанның үстінде, біздің ақылшы, данамыз. Өзімнің атам мен әжем де еңбекке ерте араласқан жандар. Бүгінде әкем мен анам сол кісілердің бабын тауып, батасын алып, бізге де үлгі болып жүр.
«Ер қанаты - ат» демекші кішкентайымнан жылқыға құмармын. Ауылдас өзімнен үлкен ағаларымның  ат үйретіп жүргенің көріп қызығатынмын. Атам мен әкем сол қызығушылығымды көріп, атқа жайдақ мінуді үйретті. Жаз мезгілінде атпен қой бағуға, мал қайтаруға шығып жүріп, үйреніп кеттім. Жиын-тойларда ұйымдастырылатын ат жарыстарды көріп, шабандоз балаларға тамсанып қарайтынмын.

Менің  бәйгеге қызығушылығымды көріп Нұржан мен Жанболат ағаларым өздерінің құрамасына  шабандоз болуға шақырды. 2016 жылдан бері сол  кісілермен бірге жұмыстанып, жарыстарға шығып келемін. Бәйгеге Торытөбел атымен шығып жүрмін.

Болашақта ұлттық ойындар мен қазақы спорт түрлеріне көңіл бөлініп, көптеген жарыстар ұйымдастырылатыныңа сенеміз. Дәстүр дәріптелуі, жастарға бүтін күйінде жетуі тиіс, -дейді Қуаныш Арманұлы.

P/S: Жылқы баптаған атбегілер, желмен жарысқан шабандоздар ұлттық  спорттың көтерілгенің, оған көңіл бөлінгенін қалайды.  Алда үлкен мереке, ұлы тойлар келеді. Сол уақытта ат шаптырып, той қылсақ, нұр үстіне нұр болар еді...

Балнұр Қуанышқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале