Жуырда Шежін ауылдық модельді кітапханасында «Қыздар күні» мерекесіне орай жасөспірім қыздар арасында «Қыз - өмірдің қызғалдағы» атты сырласу сағаты өткізілді. Шара барысында оқырмандар өзара ой-пікірлерімен алмасып, қыз балаға жат қылықтардан аулақ болу керектігіне тоқталып, қыз балаға қатысты мақал-мәтелдермен бөлісіп, бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін, тілектерін білдірді.
Ауыл - дәстүрлі түрде халық мәдениетінің, дәстүрлері мен ғұрыптарының ошағы, қайнар көзі. Ауылдың қыздары үлкенді сыйлап, құрметтеп, кішілерге тірек болуға тырысқан. Олар өздерінің туған жерлерін сүйетін барлық құнды қасиеттерге ие, яғни ежелгі заманнан халықтың арасында қалыптасып, қадірленетін инабаттылық, мейірімділік, еңбекқорлық, үлкендерге деген құрмет қасиеттерімен көзге түскен. Қыз балаларға балалық шақтан бастап пәктік, ар-ұят сияқты қасиеттер бойына сіңіріліп, табиғатынан берілген әсемдік пен сұлулыққа тең келмейтін қылықтар мен әдеттерден жат ұстаған. Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қыз баланың бойына сіңіре отырып қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екендігін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мол мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа баулыған.
Ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу мақсатында шара соңында кітапханашы кітапханадағы қыз баланың тәрбиесіне қатысты кітаптар мен мерзімді басылымдарға шолу жасады.
М.Жұмашева
кітапхана меңгерушісі