15.10.2021, 9:40
Оқылды: 64

Ерен еңбекке – ерекше құрмет!

Әбу Сембаев

WhatsApp Image 2021-10-15 at 09.35.52

Әбу Сембаев 1887 жылы Тайпақ ауданында туған. Ол еңбек жолын шопан болып бастап 1936-1957 жылдар аралығында «Социализм» ұжымшарында жылқы бақты.

Малшы әулетінен шыққан ол зайыбы Рабиғамен бірге  жылқышы болды. Ұлы Отан соғысы ке-зінде ондаған таңдаулы жылқыны Қарулы күштер қатарындағы жауынгерлерге тарту еткен. Еңбек десе, ерінбейтін ол әскерден келген талай жас буынды тәрбиелеп шығарды. 1947 жылы ең жоғары еңбек көрсеткішіне қол жеткізді. Жылқышы 56 биеден 56 құлын алып, еңбек озаты атанды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1948 жылғы 23 шілдедегі жарлығымен Әбу Сембаевқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.

Бүгінде оның ұрпақтары Чапаев ауданына қарасты Сарытоғай ауылдық округінің орталығы Жанама ауылында тұрады. «Ауылда атамыздың Орынбасар деген ұлынан тараған немерелерінен мен өзім және Асқар, Асан бар. Атамыздың қара шаңырағын інім Асан ұстап отыр. Әбу ақсақалды жерлестеріміздің бәрі біледі. Ертеректе ол кісінің құрметіне ат шаптырып, той өткізетін. Кейін бір көшеге есімі берілді», – дейді Қайрат Әбуов.

Кенжебек Меңдәлиев

Ол 1914 жылы бұрынғы Жымпиты ауданының Қаратөбе ауылында дүниеге келген.

WhatsApp Image 2021-10-15 at 09.35.51

Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітірген ол еңбек жолын 1934 жылы механизаторлықтан бастаған. 1938-1942 жылдары Батыс Қазақстан облыстық кеңесі атқару комитеті мен облыстық партия комитетінде нұсқаушы, 1942-1947 жылдары Қазақстан КП Орал облысының комитетінде сектор меңгерушісі қызметін атқарды. 1947-1962 жылдары бұрынғы Орда және Чапаев аудандарында, 1962-1978 жылдары Фурманов аудандық партия  комитетінің  1-хатшысы  болды. Ол аудандарды басқарған уақыттарда ауыл шаруашылығы саласы ұдайы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген. Мәселен, 1956 жылы Чапаев ауданы Отан қамбасына 4,5 миллион пұт астық тапсырса, 1965-1968 жылдары Фурманов ауданы ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден республикада алдыңғы орында болған.

Қоғам қайраткеріне 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Қайраткер 1985 жылы Казталов ауданы Жалпақтал ауылында дүние салған. Жалпақталда, Сырым ауданында К. Меңдәлиев есімімен аталатын көше бар.
Оның ұрпақтары мен аталас ағайындары бүгінде Жымпиты ауылы мен Орал қаласында тұрады.

Виктор  Шубин

WhatsApp Image 2021-10-15 at 09.35.51 (1)

Виктор Игнатьевич 1919 жылы Ресейдің Красноярск өлкесіндегі Усин ауданының Жоғарғы Усин селосында туған. Еңбек жолын 1935 жылы Оңтүстік Батыс теміржолы Коростень депосында паровоз машинисінің көмекшісі болып бастады. 1942 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіргеннен кейін Целиноград облысының «Восточный» совхозында аға зоотехник болып істеді. 1942-1946 жылдары Кеңес әскері қатарында болып,  Ұлы Отан соғысына қатысты.

Майданнан  оралған соң Шымкент облысындағы №122 зауыты директорының орынбасары, Көкшетау облысындағы №111 жылқы зауытында аға зоотехник болды. 1950 жылдан №117 жылқы зауытының, кейін Орал облысының Жымпиты ауданындағы «Правда» газеті атындағы кеңшар құрылғанда соның директоры болды. Бұл қызметті 1995 жылы зейнеткерлікке  шыққанға  дейін  абыроймен  атқарды.

Ол соғыстан кейінгі жылдардан бастап өндіріс үдерісін жаңаша ұйымдастыра бастады. Барлық  күш-жігерін кеңшар өндірісін өркендетуге, тиімді жұмыс істеуге, ауыл тұрғындарының мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсартуға жұмсады. Соның арқасында кеңшар ұжымы тамаша көрсеткіштерге қол жеткізді. Қысқа мерзім ішінде көп салалы озат шаруашылықтардың қатарына қосылды. Тың жерді игеру нәтижесінде  егіс көлемі ұлғайды. Мемлекетке тапсырылатын астық мөлшері артты. 1956 жылы кеңшар бұрын болып көрмеген мол өнім жинап, мемлекетке 1 млн 800 мың пұт астық өткізді. Сонымен бірге мал шаруашылығы да қарқын алды. Тоғанас ауылында бірнеше әлеуметтік нысан салынып, 1968 жылы үлгілі шаруашылықтардың қатарынан  көрінді.

Соғыс ардагері Виктор Игнатьевич «Ұлы Отан соғысы», 4 рет «Ленин» және «Октябрь революциясы» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірудегі сіңірген ерен еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1957 жылғы 14 қаңтардағы қаулысымен Виктор Шубинге Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ол – Сырым  ауданының құрметті азаматы.  Қазір Сырым ауданындағы Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы  Тоғанас  ауылында В.Шубин атындағы орта мектеп бар.  Мектеп мұражайында Еңбек Ерінің құрметіне арнайы бұрыш жасақталған. Сондай-ақ мектепте абзал азаматтың бюсі мен мемориал тақта да орналасқан. Орал қаласындағы бір көшеге еңбек майталманының есімі берілген.

Уәлиахмет  Шоқанов

WhatsApp Image 2021-10-15 at 09.35.50

Уәлиахмет Шоқанов 1933 жылы Сырым ауданының «Көгеріс» колхозында дүниеге келген. Соғыстан кейінгі елді қалпына келтіруге байланысты 13 жасынан колхоз жұмысына араласқан. Еңбек  жолын механизтор болып бастайды. 1948 жылы тракторшы мамандығын алып, «Көгеріс» колхозында еңбек еткен. 1952-1955 жылдары Кеңес әскері қатарындағы борышын өтеп келіп, механизаторлықты жалғастырады. 1960 жылдан «ДЭУ-43» Жымпиты жол пайдалану мекемесінде әуелі тракторшы болып, кейін бульдозер, автогрейдер жүргізеді. Оның үздік еңбегі бағаланып, «Құрметті жолшы» атағы берілген.

Еселі еңбек еткен азамат 1966 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Сондай-ақ КСРО Жоғарғы Президиумының 1974 жылы 23 қаңтардағы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин орденімен бірге «Алтын Жұлдыз» қоса тапсырылған. Әйгілі машинистің есімі республикалық сала министрлігінің Құрмет тақтасында жазылған. Сырым ауданының құрметті азаматы атанған ол 1997 жылы 5 қыркүйекте қайтыс болды.

– Бұл шаңыраққа 1990 жылы келін болып түскен едім. Қайын атам өте жайлы, өзіне жа-расатын қуақылығы бар жақсы кісі болды. Еңбекқор еді. Ауылдастары арасында  сыйлы азамат болды. Енем екеуі тату-тәтті тірлігімен біз-ге үлгі-өнеге көрсетті. Қазір Жымпиты ауы-лында ұрпақтары тұрады. Осындағы бір көшеге есімі берілді, – деп ерен еңбек иесін есіне алады келіні Гүлнар Құспанова.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале