15.10.2021, 10:14
Оқылды: 83

Әкесін өнеге тұтқан азамат жайлы үзік сыр

Біздің өңірде оны танымайтын замандастары некен-саяқ шығар. Кеңестік дәуірде аудан, кейін  облыс комсомолдарының көшбасшысы, облыстық партия комитеті бірінші хатшысының  көмекшісі сықылды лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған. Кейін білдей бір  ауданның  тізгінін ұстап әкім де, облыс әкімдігінің аппарат басшысы да болып, соңғы жылдарда  облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жетекшілік  етті. Кейіпкеріміз Аманкелді Дәулетжанов бүгінде зейнеткерлік жасына толып отыр. 

даулетжанов

Жастар жетекшісі

Балдәурен балалық шағын шырайлы Шыңғырлау өңірінде өткерген ол Шилі орта мектебін бітірген жылы-ақ Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына оқуға түскен. Бес жылдан соң, зооинженер мамандығы бойынша еңбек жолын өскен ортасында бастаған. Ісіне тиянақты һәм елгезек жасты аудан басшылары да сырттай бақылап жүрсе керек, тура бір жылдан соң оны комсомол комитетіне қызметке жібереді. Алғашқыда жүрексінгенмен, қарапайым  нұсқаушылық  қызметте жүріп-ақ, ұйымдастырушылық қабілетімен көрінген ол бөлім меңгерушісі, хатшы лауазымына  дейін  көтерілді. Араға екі жыл салып,  аудандық  комсомол  комитетінің бірінші хатшылығына  сайланды. Сол жылдарда ауданда егін жақсы шығып, алынған өнімді уақтылы жинап алуға диқандар күші жеткіліксіз болатын. Мұндай сәттерде Аманкелдінің жетекшілігімен ауыл жастары көмекке баратын. Ауыл шаруашылығы саласындағы қандай жұмыстар болмасын, аудан жастары сол жерден табылатын.

Аманкелді Медхатұлының ұйымдастырушылық және көшбасшылық қасиеттері ескеріліп, 1986 жылдың қараша айында ол Орал облыстық комсомол қызметінің бірінші хатшы  қызметіне сайланады.

Арызқойдың  әлегі

Облыс комсомолдарының 28 жастағы жетекшісі жаңа қызметіне білек сыбана кіріскен еді. Әттең, шаш ал десе, бас алатын кезеңнің құйтырқы саясаты болмаса. Республика комсомолының сиезіне қатысу үшін облыстан сайланған делегаттар Алматыға жолға шығады. Сол кезде көршілес  облыстардың делегаттары  да жолшыбай пойызға мінеді ғой. Өңкей жастар бас қосқан соң бір-бірлеріне қонаққа неге бармасқа? Оның үстіне жол ұзақ дегендей. Ортақ әңгімелерін айтып, ән салып отырып, Алатау бекетіне жетеді.

Ертесіне өткен алқалы жиын үстінде біздің өңірден барған бір делегат сөз сұрап, қос облыстың комсомол жетекшілері пойыздағы уақыттарын берекетсіз өткізген деген бағытта арыз айтқан. Компартияның «қызыл қаны» тамып тұрған дәуірде үлкен мінберден  айтылған сөз елге тез тарап жатты. Тіпті сол кезде Қазақстан Компартиясын басқарған Колбиннің өзі «мұндай комсомол жетекшілерінен тез арылуға міндеттіміз» деген сыңайлы сес  көрсеткен. Осылайша, көршілес облыстың комсомол жетекшілерімен бірге Аманкелді  Медхатұлы  да Колбиннің қаһарына ұшыраған еді.

Әрине, бұл оқиғадан кейін кейіпкеріміз қызметінен босатылды. Бірақ  салы суға кетерліктей мойыған жоқ. Еңсесін тік ұстап, жаңа кәсіпке ден қойды. 1989 жылдың сәуір айында Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Есқалиев Аманкелді Медхатұлын  өзіне көмекшілікке бекітті. Өзара  түсіністікпен  қызмет атқарған ол Оралдағы 1991 жылдың айтулы қыркүйек оқиғасы кезінде де өңір басшысының жанында болған.

Кейін жеке кәсіпке бет бұрған  ол  отандық туризмді дамыту мақсатымен «Яссауи» компаниясына жетекшілік етіп, облыстық «Шалқар көлі»  қорын басқарды. Ел тәуелсіздігінің елең-алаң шақтарында өңірдегі Шалқар көлінің жағалауына ұлттық нақыштағы киіз үйлерді орнатқан да өзі болатын.

Төрт жылдай Орал қаласы әкімінің аппаратын басқарған кезде жаңадан  сайланатын қалалық мәслихат депутаттарының  сапалық  құрамына зор мән  беруге атсалысып,  кенттік  округтерде «Қала  әкімінің  күні» жобасын тәжірибеге енгізген еді.

Өскен өңірде

2006 жылдың қазан айында кейіпкерімізді тағы бір сынақ күтіп тұрған болатын. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес  тұңғыш мәрте тәжірибе түрінде аудан әкімдерін сайлау өтті. Біздің өңірден Сырым, Бөкей ордасы, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандары қамтылды. Шыңғырлау ауданының әкімі лауазымына үш үміткердің бірі болып Аманкелді де тіркелді. Аудандық мәслихат депутаттарының жабық-жасырын дауыс беруі нәтижесінде А. Дәулетжанов аудан әкімі болып сайланды. Осылайша, араға жиырма жыл салып, өскен өңіріне оралды.

Ауданды басқару кім-кімге де оңай болмасы түсінікті. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын оңтайландыруды басты мақсат еткен әкім біраз шаруаның басы-қасында жүрді. Аудан орталығына көгілдір отын кіргізу  басталды. Төрт көшеге қатқыл жол төселіп, жарықтандыру жұмыстары қолға алынды. Жаңа балабақша, наубайхана мен қоғамдық  монша іске қосылды. Сол кездің өзінде азық-түлік өнімдерін төмендетілген бағамен сататын қоғамдық дүкен  де жұмыс істеген. Аудан орталығындағы теміржол бекеті жекенің иелігінен мемлекеттік меншікке қайтарылып, күрделі жөнделген. Ақсай-Шыңғырлау тасжолының жөнделе бастауы да сол жылдардың еншісіндегі жұмыс болатын.

Өскен өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қоса білген  Аманкелді Медхатұлын облыс басшылығы жаңа қызметке ауыстырды. Облыс әкімдігі аппаратының басшысы лауазымын төрт жыл атқарғанда ұйымдастырушылық қабілетін тағы бір мәрте дәлелдеді десек, артық айтқандық болмас. Мәселен, 2008-2010 жылдар  аралығында дағдарысқа қарсы республикалық деңгейдегі бағдарламаны жасақтап, жүзеге асыруға, сайлаулардың жоғары деңгейде өтуіне қомақты үлес қосты.

Зейнет жасына шыққанға дейін облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасын басқарған кейіпкеріміз мемлекеттік орман, қорық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға да айтарлықтай еңбек сіңірді. Оны, әсіресе, өңірдің  экологиялық жағдайы қатты  алаңдататын. Көгалдандыруға, қылқан  жапырақты  ағаштар  отырғызуға  зор  мән  беріп, жыл сайын «Таза орман», «Таза жағалау»  акцияларын  өткізуді  дәстүрге  айналдырған.

Әкесі  бақилық  болғанда Аманкелді  үш  жаста болған екен. Үш жасар ұлына әкесінің  айтарлықтай тәрбие беріп үлгермегені түсінікті  жайт. Солай десек те, кейіпкеріміз әкесінің өмір жолын өзіне  өнеге тұтып  келеді. Қазақстанның  батыс  өңіріне  зор еңбегін  сіңірген  жарқын  тұлғалардың  бірі – Медхат  Батырұлын  аға  ұрпақ  жақсы  біледі. 1930-1961  жылдар аралығында  өңірдің  ауыл  шаруашылығы саласында  басшылық  қызметтер  атқарып, бар өмірін адал еңбек етуге арнаған аяулы азамат.

Міне,  сондай айтулы тұлғаның  ұлы әкесімен мақтанса, несі айып. Әке өмірінен сыр шертетін  тарихи  деректерге толы жинақ құрастырып, бейнебаян жасатқан.

Аманкелді Медхатұлының өңір экономикасына қосқан үлесі ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан  Республикасының Құрмет грамотасымен  марапатталып, өңіріне «Ерен еңбегі үшін» медалін  тақты. Мерекелік  медальдардың  түрі  сан  алуан.

Аймақтағы қоғамдық-саяси іс-шаралардың бел ортасында жүретін Әбекең зейнетке шықтым деп, қол қусырып отырған жоқ. Бүгінде БҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағына жетекшілік етеді. Жергілікті өзін-өзі басқару және экологиялық қауіпсіздік мәселелерімен ұдайы айналысып жүрген ол – «Медет – Опора» қоғамдық қорының құрылтайшысы. Сондай-ақ БҚО ҚХА қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Пайғамбар жасына жетсе де кең  пейілді, ақжарқын азаматтың қай қызметке де білім-білігі мен күш-жігерін аямай жұмсары кәміл.

Сырымбек Жәрдемұлы,

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале