Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тәжік-ауған шекарасынан қазақстандық батальонның шығарылғанына 20 жыл толуына орай М.Есламғалиұлы атындағы Сырым аудандық орталық кітапханасында «Есімдері елдің есінде» атты кездесу кеші өтті. Кешке Сырым аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Абат Дүйсембиев, тәжік-ауған соғысының ардагерлері Тұрар Надиров, Нұрлан Ешмұханов, Сырым колледжінің әскери дайындық пәнінің оқытушысы Тельман Исатаев, колледж студенттері қатысты. Кездесу кешін кітапханашы Гүлім Жантурина жүргізді.
Кеңес Одағы ыдырап, ондағы мемлекеттер тәуелсіздік алған жылдары Тәжікстанда азамат соғысы болып, билікке оппозиция тарапынан талас туды. Сол кезде әлі аяғынан нық тұрып кетпеген тәжік шекарасы арқылы Ауғанстан моджахедтері (талибтер) контрабандалық жолмен есірткіні ТМД мемлекеттеріне таратуды мақсат тұтты. Бұл кезде ТМД-ның Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей мемлекеттерінің әскерлері Тәжікстан шекарасын қорғауға көмекке жіберілді. Қос таудың ортасында орналасқан шекарада күнде соғыс болмаса да, қанды қақтығыстар жиі орын алып тұрды. Тәжік-ауған шекарасындағы ең үлкен ұрыс, ең көп адам шығыны болған қырғын 1995 жылы 7 сәуірде Пшихавр шатқалында орын алған еді. Бес сағатқа созылған қақтығыста 33 сарбаз жарақат алып, 17-сі опат болды. Осы соғысқа Сырым ауданынан жиырмаға жуық жауынгер қатысқан. Қазір ауданда есепте тұрғаны – сегіз.
Кездесу барысында тәжік-ауған шекарасындағы соғыс жайлы бейнефильм көрсетілді. Ержүрек ағалар естеліктерімен бөлісіп, студенттердің сауалдарына жауап берді.
Алғаш болып сөз алған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Абат Дүйсембиев Шыңғырлау ауданында дүниеге келіп, мектепті бітіріп, колледж оқып, әскерге аттанды. 1993-1995 жылдары әскери борышын өтеді. Шымкент қаласына жіберілді. Ол үш ай сайын қазақ роталары ауыстырылып жіберіліп тұратын Тәжікстанға екі рет барды. Алғаш барғанда Тәжікстанның Хорог қаласында болды. Ол жақ атыс-шабыстан тыныш болды. Екінші барғаны 1995 жылдың 3 наурызы еді. Онда Калай-Кум отрядына түсті. 1995 жылы 7 сәуірде Пяндж өзені жағасындағы Пшихавр шатқалында болған қақтығысқа Абат Мағажанұлы да қатысты. Оның айтуынша, талибтер қару-жарақ әкеле жатқан колоннаның алға кетпесін деп, алдыңғы жағын, артқа да кетпесін деп, соңын жарды. Ешқайда хабар бермесін деп, байланыс көлігінің күлін көкке ұшырды. Оқтың жаңбырша жауғаны сондай, 1 шаршы метр жерге 80-90 оқ тиген. Жедел жәрдем көмегін көрсететін санинструкторды да бірінші жаралады. Дәрі-дәрмек, бинт, бәрі өртеніп кетті. Сарбаздар өз-өздеріне жедел медициналық көмек көрсетті. Бес сағат үздіксіз бораған оқтан қалжыраған сарбаздар көпірдің астына тығылып, көмек келгенше, жан сақтады. Сол күні ауа райы жаңбырлы болып, таудың арасына барлау жасап, жауды шахмат жүрісі бойымен атып өтетін тікұшаққа да ұшуға мүмкіндік болмады. Шайтантұрбаның оғынан Абат Дүйсембиев жараланды. Оқтың сынығы тізесінде әлі де бар.
«Адам өлтіріп көрдіңіз бе?» деген студенттердің сұрағына Абат Мағажанұлы:
– Біз таудың етегінде тұрып аттық, қарсыластарымыз биік таудан атты. Менің атқан оғым адамға тиді ме, тимеді ме, оны төменде тұрып көре алмайсың. Таулы жердегі соғыстың мақсаты – неғұрлым жоғарыдан ату. Себебі төменнен жоғарыға атқаннан, жоғарыдан төменге атқан оңай, - деп жауап берді.
Тұрар Надиров 1995 жылы 24 қарашада 18-ге толған күні Отан алдындағы борышын өтеуге Шымкентке аттанды. Әскерде механик-жүргізуші болды. Тәжік-ауған шекарасына өзі сұранып, 12-рота құрамында барды. Блиндажда жатты. Күндіз 6, түнде 4 сағаттан постта тұрды.
– Екі күннен кейін «Катюша» Ауғанстанға қарай оқ жаудырғанда, бойымда «қайдан келдім» деген үрей де болғаны рас. Әскери шекара болғасын, рұқсатсыз кім өтсе де, ату керек болды. Таудың үстінен қарағанда өзеннің арғы бетінде Ауғанстанда кішкентай ұл-қыздарына дейін автомат, пистолетпен жүреді,- дейді Тұрар аға.
Нұрлан Ешмұханов училищеде оқып, әскерге Жымпитыдан аттанды. 1997 жылы Сарыөзектегі әскери қызметтен Тәжікстанға сұранды. Әскерде қаруды ұстауды, тауға мінуді үйренді. Нұрлан аға Тұрар аға екеуі бір көшеде, көрші боп өскен. Бір ауылдың екі баласы Тәжікстанда әр сейсенбі сайын баратын моншада ойда жоқта кездеседі. Нұрлан Ешмұханов үстінде бронежилет, басында каска, постта тұрды. Моншаға түсіп жатқан сарбаздардың қару-жарақтары қасында қалған болатын. Оны Тұрар Надиров көріп, қасына келіп, амандасады.
Шарада «Демалыс орталығының» әншілері Мерген Мұқанов пен Армат Алдамжаров «Қазақтың жігіттері», «Ақжайығым» әндерін домбырамен шырқады.
М.Есламғалиұлы атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Айнұр Уалиахметова сөз сөйлеп, ерлік көрсеткен ағаларға алғысын білдіріп, естелік сыйлық табыс етті.
Сырым колледжінің әскери дайындық пәнінің оқытушысы Тельман Исатаев та тағылымды кездесу кешінің әсерлі өткенін, жас буынға берер патриоттың тәрбиесі мол екенін айтып, өз лебізін жеткізді.
Шара соңында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Абат Дүйсембиев Тұрар Надировтің өңіріне «Қазақстан Республикасының дербес біріккен атқыштар батальонының Тәжікстан Республикасынан шығарылғанына 20 жыл» мерекелік төсбелгісін тағып, аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің алғысхатын табыстады.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz