22.10.2021, 10:07
Оқылды: 74

«Аңыз болған абысындар» туған топырағында

(Х. Бөкеева  атындағы облыстық қазақ драма  театры Казталов ауданына гастрольдік сапармен барып қайтты).

Демді ішке алып,  әлде бір тылсымды  тосқан ерекше көңіл-күй... Ішкі әзірлік. Қуаныш һәм разылық сезім...

FB_IMG_1634436685057

«Хадиша театры Казталовта болады екен, «Аңыз болған абысындар» спектаклін қояды екен» дегенді естіп жан-жақтан, Қараоба, Жалпақтал, Көктерек ауылдарынан, әдейі арнап, ағылып келген қалың елдің отырысын көргендегі байқағаным бұл.  Театрдың сондай тартылыс күші бар,  иә.  Өзім де әр қойылым алдында сондай күйді бастан кешемін.  Керемет сезім. Спектакльдің басталу сәті  жақындағанын білдіретін шартты саз (позывной)  ойналған сайын жүрек дүрсілдеп,  тыпырши түсесің.

Хадиша театрының өрен жүйрік майталмандары сахналаған "Абысындар"  бірінші рет қаладан ұзап шығып, туған топырағына гастрольдік сапармен келді кеше. "Туған топырағына" дейтінім, бұл спектакльдің кейіпкерлері – Казталовтағы Қараоба  ауылының тұрғындары. Осы кітап ең көп тараған аудан (әкімнің орынбасары Зәйлім Исатайқызының еңбегі) болғасын ба көрерменнің бәрі өз оқырмандарым сияқты көрінді маған. Себебі автордың, режиссердің ойын, актердің ойынын  бір деммен,  қапысыз ұғуы бөлек. Ал бұл актерларға ерекше шабыт сыйлады. Қанша көрсем де, жалықпайтын, неше рет қарасам да, жыламай шықпайтын "іштен шыққан" туындым болса да, тілекші де сыншы өз жұртымның назарына ұсынғанда "Қалай қабылдар екен?"  деп толқығаным рас. Сол "реакцияларын" көзбен көру үшін де  Ақжайықтағы айтыстан қатты шаршап  шыққаныма қарамастан, тәуекел етіп Казталовқа жол тартқанмын.

Ғажайып кеш болды! Сөзбен айтып жеткізу қиын.

FB_IMG_1634436632557

"Спектакль аяқталған соң біразға дейін көңілім босап, толқынысымды баса алмадым. Мұндай жағдай сирек болады менде", – дейді Ділдә анамыздың рөлін сомдаған актриса Айнұр сіңлім. "Жанаргүлдің бүгінгі "шай сұрауы"  ерекше шықты», – дейді ол риясыз күлімсіреп. "Сахнаны мықтап сағынып қалған екенбіз, қанаттанып кеткендей болдық", – дейді Жанаргүл де құрбысын қостап. Үлкен мама – Әсел, Айсағали – Теміржан, емші-мишәр шеше Нұргүл (әрі қоюшы-режиссер), теңіз жағалауы күзетінің  басшысы Салауат, айырып жіберуге тырысқан тағдыр талқысына қанаттары дірілдеп қарсы тұрған жұп қарлығаш – бишілер Ақжол мен Назгүл,  жан-жақтан торыған тауқымет, қиыншылық пен зобалаңды бимен  бейнелеген жігіттер тобы – бәрі де айтарын жеткізіп,  астарын өнермен шебер көмкеріп шықты. Шабыт шын патшалық құрды. Соның бәрін түйсініп,  көңіл көзімен оқып отырған көрерменді айтсаңшы!  Жас та,  кәрі де,  бала да бірге отырып көргенде бірі қыбыр етпеді ғой,   қыбыр етпеді!

Үш таған, ошақтың үш бұты деген киені білдіретін  адалбақан іспетті үш бағанның аясында өткен бір үзік өмір көрінісі арқылы тұтас бір дәуірдің бейнесі,  сол оттың ішінен аман алып қалған басты кейіпкер – кең пейіл мен биік адамгершілік,  мейірбандық  келбеті мықтап ашылды бұл күнгі қойылымда да.

Қазір де дәуір өтіп жатыр басымыздан. Қиыншылық көрмей өскен буын едік,  індетке тап болып біраз әлсіредік. Жаппай шүберек бетперде таққанмен,  біраз табиғи бетперделер сыпырылып қалды...

Жақсы деген немене,  жаман деген немене екені айқын көрінетін халге жеттік.  Бәрінен бұрын  дерттен аман қалу уайым болды. "Уайым түбі – тұңғиық..."  енді, міне,  қауіп сәл сейілгенде  аудан-аудандардың басшылары елжұртының иммунитетін көтеріп алу үшін көңілдерін сергітіп, бір сілкінтіп алу жолдарын қарастыра бастады. Кәдімгі  "қираған шаруашылықты қалпына келтіру жылдарындағыдай" қаусаған көңіл күйді қалпына келтіру жұмыстары басталды.  Жыр-семсерлері жалақтап айтыс сарбаздары шықты алдыңғы шепке.  Теректі, Ақсай,  Жаңақала,  Ақжайық... облыстық ақындар айтысының эстафетасы осылайша көш түзеп,  жалғасып барады.

Ал Хадиша Бөкееваның туған жері Казталов – идеологиялық серпіліс қадамын театрдан бастады! Ұтымды да үйлесімді шықты және осы қадамдары.

Іске сәт, жерлестер! Мың алғыс, менің сүйікті театрым және сол театрдың Туын биік ұстаған дарынды іні-сіңлілерім. Жақсы көремін бәріңді.

Дариға Ғазезқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале