Жабайы деген сөзден сонша үркіп, секем алмай-ақ қойыңыздар. Негізі, әңгіменің шынайылығына баққанда белгілі бір дәрежеде бәріміз де «жабайы» санатында болуымыз бек мүмкін. Бұл сипатты тек табиғилық сөзінің баламасы ретінде қабылдаған абзал. Бізді сол әркімнің бойында әуелден бар ілкі қасиетімізден шекаралап бөліп тұрған, керек емес жерде еріксіз тұтып қалатын, байырғы табиғи болмыс, бітімді жасырып, кейде шынайы (натур) қалыптан алыстатыңқырап, шалғай жіберетін «мәдениет» деп аталатын биттің қабығынан да жұқа бірдеңе ғана.
Әрине, мұның барлығы дәстүрлі үлгіден алшақ, бір кезде заманауи жаңа жүйеге ілесе келген орыс пен Еуропа салтындағы сауат ашу, кейінгі оқу мен соны әсіре тоқудан, кеңестік қоғамда қалып алған жаңа ұстындардан болған ұлттық ділімізден тыс тұрған әлсіз бірдеңе. Кейде адам баласының болмысы өзінің табиғи тегін іздеп буырқанғанда әлгінің сіз бенен біз үшін ешқандай қамсау болуға жарамай қалатыны да сондықтан. Мен өнер жағдайында болатын, өнер адамының табиғат, болмысына тән, сахнада, көрерменнің көз алдында өткен осындай бір ерекше буырқану жайында айтпақпын.
Сөздің әлхамы Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және осы облыстың мәдениет басқармасының мұрындық болуымен облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Мәулет Жұбатов басы-қасында жүріп өткізген «Жыр дүлдүлі – Марабай» атты аймақтық жыршылар байқауындағы елге ерекше әсер еткен орындаушы һәм осы байқаудың негізгі олжасы (фишка) төңірегінде. Теректі ауданының әкімі, (бүгіндері облыс әкімінің бірінші орынбасары), ұлтжанды азамат Арман Өтеғұлов беташар сөзін айтқан бұл жиынға Қызылорда, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысынан алты жыршы қатысты. Әрине, осының өзі қазақтағы эпикалық жыршылық дәстүрдің күйреп, күнделікті өмір салтымыздан ығысыңқырап бара жатқанын білдіреді. Байқаудың негізгі шарты бойынша сайысқа қатысушы бірінші кезекте «Қыз Жібек» лиро-эпосын жырлау керек. Ал екінші айналымда әркім өз қалауы бойынша тағы бір эпикалық жырдан үзінді айтуы тиіс. Демек, Қазақстан бойынша «Қыз Жібек» жырын айтатын орындаушылар тым сирек деген сөз. Әрине, бұл сайысқа кейбір аталмыш жырды білетін жыршылар мінәйі себептермен қатыса алмағаны да белгілі болды.
Мына додада бой көрсетіп тұрған орындаушылардың деңгейінде мін жоқ, кілең «сен тұр мен атайын», иненің көзінен өткендей жылмиған кәсіби сахнаның жүйріктері. Бірақ шынымды айтайын, көз қарықтыратын осы сықиған «сахна мәдениетінің» өзі ұшталып дамыған сайын тыңдаушы мен айтушының арасын тым қашықтатып бара жатқанын ескеру қажет сияқты. Бұрынғы дала жыршыларының бітім-болмысы мен жүріс-тұрысы мұндай шегенді шектеулерден азат еді. Біз әуелде осы жағына мән беріңкіремей, онсыз да күні қусырылып, ауқым-аясы тарылып бара жатқан жыршылық өнерді керек емес «стандарт» қалыпқа қуып тыққан сияқтымыз. Келешекте мәселенің осы жағын әлде де қарастырып, сөйтіп жыршыларға лайық өзіндік шешім шығарған мақұл болар еді.
Қанша айтқанмен заманауи оқу, сауат, сахна мәдениеті араласқан жерде дәстүрдің жүгін арқалаған қандай өнерпаз болсын өзін тордағы тотыдай сезіне беретіні жасырын емес. Өйткені, біздегі оқу жүйесінде дәстүр және онымен тығыз байланысты ұғым-түсініктерге сәйкес келмейтін шектеулер өте көп. Мұндағы ең басты тосқауыл: өнерпаздың еркіндігін шектеп, «олай айт, былай қыл, өйтпе, бүйтпе» деп, біржола шерлетіп тастау. Мұны қалай және қай жағынан ақтап алудың амалын ойластырсаңыз да, біз оны кәсіби сахнаның жайын, қазақы жыршылықтың сипаты (формасы) мен өмір сүру үрдісін бір адамдай білетін болмыс иесінің табиғатымен сезінеміз.
Кейде эпикалық туындыны жырлап шығу үдерісінде сахналық мәдениет, киім кию үлгісі, өзін ұстай білу тәртібі сияқты сіресіп қалған бейтабиғи нәрселер алдыңғы қатарға (планға) шыққанда, жасыратыны жоқ, өнерпаз шын қысыла бастайды. Тіпті ең сорақысы, біздегі сахнаны техникалық жағынан жабдықтаушы мамандар жыршыға қай кезде айту қолайлы екенін сұрау жайын былай қойғанда, «Сіз қалай отырып айтқанды қалар едіңіз?» деген қарапайым сұрақты да қоймайды. Ал еуропа сахналарында керісінше, алдымен айтушы өнерпаздың жағдайы жасалады, содан соң барып тыңдаушының талабы күйттеледі. Мүмкін жыршы қазақы жағдайда малдас құрып отырып немесе тұрып айтқанды қалайтын шығар? Жоқ, біздегі стандарт: бір орындық, қос микрофон, болды, басқа жағдай қарастырылмаған. Жарайды, мәселенің ол жағы өз алдына бөлек әңгіме.
Міне, тап осы кезде Теректі ауданы мәдениет үйінің сахна төріне алақ-жұлақ еткен, алдыр-салдырлау, қарапайым бір қазақ шыға келді. Сахнадағы жыр додасын жүргізіп тұрған аудандық «Теректі жаңалығы» газетінің бас редакторы, ақын Әділет Орынбасаров мына орындаушыны Сәкен Жанғазиев (суретте) есімді суретші деп хабарлады. Иә, дәл осылай деп хабарлату орындаушының жеке өтініші екен. Бұл мамандық иесін айтса, ойыма Маралтай дос түсетін әдет емес пе? Айтқандай-ақ, тап соның өзі болмаса да, алыстау бір жамағайыны сияқтанған, өзі аздап «қожанасырлау», кәсіби сахнагер емес екені бұл саладан хабары жоқ адамға да беп-белгілі, домбыра тартуы орашолақтау, мақам саздауы өзіне ғана жарасатын, жыршы Мұхтар Өтебаевты тыңдамаған, саздың тегіне арырақ үңілмеген адам «Бізде де мынадай мақам бар ма еді, өзі?» деген сұрақ тудыратындай, маңдайын күн қаққан қазақ келіп қонжиды орындыққа.
Мына тұғыр-тақ үс-тінде ол өзін сәл-пәл қолайсыздау сезініп отырғанын байқап отырмын. Көзінің аңғалағын бірде жайып, бірде сықситып, әупілдек құстай әуп-әуп етіп, домбырасын сабалап, қолапайсыздау көтерген дауысы мен іліп алған алғашқы нотасынан бастап ерекше ден қоя тыңдадым. Сахнада өзін ұстауы тым қарабайыр, тіпті қызық, жыр айтып отырып концерт залынан шығып бара жатқан қыз-келіншектерді қу көзінің бір қиығымен шығарып салып, содан соң есікті мықтап жауып алып, «Олай-бұлай кіріп-шығып, онша мазаны ала бермеңдер-ей!» дегендей сыңай танытып қала береді екен. Мұнысы айтып отырған жырына онша зиянды әсерін тигізе де қоймайды, сондай табиғи әрі осы қылығы өзіне ғана жарасымды. «Ә» дегеннен тыңдаушы жұрттың ықыласын, біздің назарымызды өзіне қаратып, оны риясыз қоштап, «Өй, пәлі!» деп көтермелеп отыруға себепші болған да мына «жабайы» орындаушының кісі таңқаларлық дәрежедегі жырды жүрекпен сезініп, ішіне түсіп айту ерекшелігі болатын.
Бұл жерде бірнеше мәселенің басын ашыңқырап алу керек. Салғаннан ол өзін суретші деп хабарлауды өтінді ғой. Неге? Өйткені, өзінің қазіргілердің ұғым-түсінігіндегі іші мен тысы қатар жылтыраған «кәсіби жыршы» емес екенін оның да іші жақсы сезеді. Біздің қазіргі талғам-түсінігімізде оны сездіретіндей ерекше бір кертелердің бары рас. Орындаушының мұнысы қазылар алқасында отырған мамандарға «Мені басқалардан оқшау бағаларсыңдар» дегендей болып көрінді. Шынымен де, оны ақтөбелік Өмірхан, қызылордалық Күнсұлу, Марат сияқты сахнаға әбден төселген, олардың ізін өкшелеп келе жатқан Мәлика, Еркебұлан сияқты өнерпаздар аясында қарастыру дұрыс болмас еді. Өйткені, бұл мына суретші жыршының кемшілігі емес, керісінше, біздің қазіргі қоғамдағы жыршы-орындаушыға деген дұрыс емес калька көзқарастардың қалыптасып қалуынан деп түсінген абзалырақ.
Менің оң жағымда отырып, сахнада жырлап отырған мына жыршының жайынан суыртпақтап мәлімет беріп отырған Альберт Сафуллиннің сөзіне құлақ түріп отырсам, бұл суретші бірнеше салалы эпикалық шығармаларды жатқа соғады екен. Соның мысалын ол мына сахнада біршама көрсетті, «Қыз Жібек» лиро-эпосының өзі жаттаған тұсынан емес, халық сұраған жерінен үзінді айтты. Сөйтіп, ғашықтық жырдың соңғы күрмеу нүктесіндегі Сансызбай мен Қорен қалмақтың жекпе-жегі, «Лалай лама лоқ-лоқ» деп, жау жақтың батырының Сансызбайдың найзасынан ажал құшатын эпизодты ерекше шабытпен әсерлі жырлап, оның ақырын сұлу Жібек жеңгесін Сансызбай қайын інісіне қосып бір күрмеді.
Екінші айналымда Сәкен жыршы «Қобыланды батыр» жырынан үзінді айтты. Бұл өзі бала кезінен бері айтып, жаттығып, өзінің ортасында сан мәрте жырлап, әбден машыққан туынды екені көрініп тұрды. Бір жағынан оның орындаған репертуарының мазмұны сайыстың шартына да беттесе кетті. Өйткені, қазақтың қаһармандық эпосы «Қобыланды батыр» сюжетіндегі ең бір есте қаларлық көрініс «Тайбурылдың шабысы» алғаш рет эпик жыршы Марабайдың орындауынан хатқа түсіп, баспа жүзінде жарияланған болатын. Сонау бір жылдары фольклортанушы ғалым Оразгүл Нұрмағамбетова Мәскеуде осы жырдың асыл нұсқасын орысша, қазақша басып шығарғанда, кейін 9 мың жолдық толықтырылған канондық мәтінін жасағанда Марабай мен Мергенбай жырлаған нұсқадан ортақ мәтін түзген болатын. Әрине, ғылыми тұрғыда екі нұсқаны біріктіру онша дұрыс тәсіл болмағанымен, сол кезде жырды көпшілікке таныстырып, көзайым ету мақсатында аталмыш жұмыс айтарлықтай қолдау тапқаны анық. Менің суретшім бұл жолы да шыға шауып, өз биігінде көсілді. Көсілгені сол, жұрттың қолпашына арқаланып алған орындаушыны, ақыры алдынан арқан кергендей етіп әрең тоқтатып алдық.
Сол сәт менің санамда ақын Өтежан Нұрғалиевтің «Біздің өлген күніміз, Қағазға төнген күніміз» деген ғажап жолдары жылт ете қалды. Мұны эпикалық жыршылық дәстүрдің тегі мен табиғатына қатысты айтып отырмын. Арабша сауаттары бола тұра, «Жазуға сенген жаңылшақ» деп, миллиондаған жыр жолдарын бір-бірінен ауызша үйренген далалық жыршылар кітәби сауат жанды жыршылық дәстүрдің тамырына балта шабатынын жақсы білген. ХХ ғасырдың отызыншы жылдары серб-хорват жұртындағы жыршы-гуслярларға қатысты зерттеу жұмысын бастап, арада 30 жыл өткенде 1960 жылы шыққан монографиясында американ ғалымы Альберт Бейтс Лордтың «Жазба (кітәби) мәдениет ауызша дәстүрдің көрін қазушы» деген байламды пікір білдіруінде үлкен мән бар еді. Жыршылық өнерді барлай зерттеген маман мұндай кесімді ойды бекер айтпаса керек. Қазақ фольклористикасының қасіреті сол, әлемдік ғылым мәселе етіп көтерген жыршы табиғатын жіліктеп көрсететін осы ғылыми әдіс-тәсілге тіпті де ден қоймады. Ақырында жеткен «жетістігіміз» белгілі, жыршылық дәстүрдің тамырына балта тиді.
Біздің қазіргі бір орынсыздау түсінігіміз: мейлі ол әнші, күйші, жыршы болсын, сахнадағы өнерпаз атаулыдан иненің көзінен өткендей тым жасанды сұлулық көргіміз келеді. Сөз жоқ, егер табиғилық тым шектен шығып кетер болса, ол да бір қасірет. Мәселе сонда, өнерпаз таразының қос басын ойша теңестіре алуы шарт. Өкінішке қарай, ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мен Теректіде тыңдаған жыршы-суретшінің бойында осы артықшылықтар мен кемшіліктердің бәрі қоса-қабат тұрды. Байырғы эпикалық жыршылықты тұтынған айтқыштардың репертуарынан орын алған, өкінішке қарай, қазіргілердің сөз қорынан өте сирек кездесетін «Қыз Жібек», «Қобыланды» сияқты бірнеше салалы жырды жатқа соғып тұрған орындаушыны жыршы санатына жатқызбауға дәтің бармайды (бұл менің сол сәтте тыңдағандарым ғана, оның білетіні әлдеқайда көп болуы да мүмкін. Өйткені, осы күндері телефон арқылы тілдескенімізде туған бауыры Ерлан Жанғазин ағасы Сәкеннің кезінде күйтабақтан жаттаған «Айман – Шолпан», «Алпамыс», «Ер Тарғынды» толық, ал «Арқалық батыр» мен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудан» үзінді айтатынын жеткізген болатын). Тіпті қазіргі таңда консерватория бітіріп шықса да, бір жырды басынан аяғына дейін толық айтып шыға алмайтын жарымжан орындаушылар қаншама? Олардың қасында, сөз жоқ, менің суретшім озық жыршылар қатарында. Ал оны кәсібилер тізіміне қосуға домбыра тарту мен мақам айтудан айтарлықтай ақсайтынын тағы жасыра алмайсың. Негізі, кәсіби жыршының деңгейі әркімнен алған алғысхат, атақ-дәрежемен емес, оның білетін эпикалық жырларының санымен, көлемімен өлшенуі тиіс. Ол жағынан келгенде дүниені бейнелі түрде һәм барлық бояуымен қабылдап, осы психотехникалық ерекшеліктерді жыр айтуда ажарлама ретінде шебер пайдалана алатын, мим өнерін жетік меңгерген мына суретшінің мойыны бірталай сахнагерден оқ бойы озық тұрғанын айту парыз.
Қай нәрсе де өз ізінен шығады. Аз уақыт ішінде түртпектеп сұрап білгенім, мені таңқалдырған суретші әйгілі Құрманғазының жолын ашқан алаша Ұзақ күйшінің бауырынан өрген ұрпақтың жұрағаты екен. Міне, өзегінде бар хас таланттың дәнегі бойында байыздап, қанында жүріп, ақыры бір күні жарқ ете қалатыны, жарқ етпесе де бір көрініп, «күнмін» деп жүргендердің де көзін қарықтырып өтетінінің жарқын мысалы осы. Теректі топырағында өткен Марабайға арналған жыр сайысында жүлделі 1-орын иеленген суретші жыршыны осы сайыстың басты жаңалығы, негізгі олжасы деп бағалауға болады. Шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат та Батыс Қазақстан өңіріндегі күлге айнала бастаған жыр қозының көзін ашу, бір заманда эпикалық жыршылық дәстүрдің туын тіккен өңірде жылт еткен шоқты тауып, қатарға қосу еді ғой. Мұнан былайғы жерде аламан бәйгеге түсерсің, бәлки түспессің, жүлделі орын аларсың, мүмкін мүлдем алмассың, мәселе онда емес. Ең бастысы, сен жыршылық дәстүрдегі қарапайым қағидаттардың дәлелі бола білдің, суретшім.
Эпикалық жыршылық дәстүр өзінің байтақ тарихында жырды белгілі бір аспаптың сүйемелінсіз, әсем әуен, сұлу да биік дауыссыз-ақ, бір бүйірін таянып алып, бір қолына қамшы ұстап, екі қолын алма-кезек оңды-солды сермей отырып, белгілі бір ырғақтың сорабына түсіп алып, ең бастысы мим әрекеті арқылы жырдағы түрлі образдарға кіре отырып бірсарын айтып, түнді таңға ұластырған талай тарландарды біледі. Сенің санаңа бекіп ұя салған, тек өзіңе ғана жарасып тұрған Сәкендік әуен соның белгісі. Бұл – балталасаң бұзылмайтын заңдылық. Ендігі жерде саған тыңнан түрен салып жыр саздарын үйреніп те керегі жоқ шығар, оны қанша қыстағанмен қабылдай алмауың да мүмкін. Өйткені сен әуелде көкірек көзің көрсеткен уілдің рухына еріп, бүгінгі білетін жырларыңды әлгі қарапайым қоңыр әуеннің ығында отырып жаттадың. Олай болса, сол сартап сарыныңнан танбағайсың!
Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы, филология ғылымдарының кандидаты,
ТҮРІКСОЙ-дың «Мұрагер» сыйлығының лауреаты,
Алматы қаласы