26.10.2021, 9:33
Оқылды: 87

Шалқар қырларының құпиялары

Бас

Қызыл топыраққа кірш-кірш қадалған  ағаш сапты, жалпақбас өткір пышақ («мар­шалтаун»  деген атауы бар екен өзінің)  жер қазып отырған жігіттің қолында лыпыл қағады.  Шұқылай қазып, ақтарып  отырғаны жай жер емес, лақат... 

Әнекей, ағараңдап бірдеңе көрінді. 

Бас!

Шекелігі  шодырайған адамның басы...  Сәлден кейін адырайып  екі көздің  ұясы  аршылды... Бұдан әрі  үңіле қарап  тұра беруге дәтім шыдамай, бұрылып кеттім... Көрген-баққанымды жаза алмай екі күн жүрдім сосын. Бұл – үстіміздегі жылдың қыркүйегінің  оныншы жұлдызында бастан кешкен бір сәт еді.

????????????????????????????????????

Шалқар. Кәдімгі, Батыс Қазақстан облысының Шалқары. Сарыөмір ауылының іргесіне  көлбей қонған жоталы Сасай тауынан әрі 25 шақырымдай асқанда алдыңнан шығатын дөңес-дөңес обалардың бірінде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарын көзіммен көрермін деп әсте ойламағам. Менің іздегенім – Яна! 2018 жылы «Тақсай ханшайымын» ашқан кезінен бері жақынырақ танысып-біліскім келіп жүрген археолог Яна Лұқпанова. Соның сәті бүгін түсіп тұрғанын қарасаңызшы. Осыдан бір ай бұрын Теректіде өткен ақындар айтысында кездестіргенмін Янаны. 2018 жылдың қазан айындағы Долинный қыратында, Тақсай ханшайымының басында кездескеннен бері көріп тұрғаным.

Біріншіде орыс тілділеу, ғалым адамдарға тән жұмбақжандылау көрінген Янаның айтысты бастан-аяқ тап­жылмай отырып тамашалағаны  мені өзіне одан сайын тарта түскені рас. Бір қағаберісте амандасып,  телефон алмасып, әңгімелеспек ойым барын жеткіздім.

«Тақсай ханшайымынан»  соң өзін іздегенімді айтып жатсам, «Мен де сол, сізді көргім келді содан кейін...»  дейді толқып.

Сөйткенше,  тағы бір ай зулап өтіп кетіпті арада. Қарасам, археолог Яна Шалқарда тағы бір жаңалық ашып жатыр екен. «Жарайсың, қызым!  – деп,  сүйсініп,  – қолы босаған соң асықпай  бір әңгімеге шақыруға келісімін алайын» деген оймен қоңырау шалмаймын ба? Кешке таманғы уақыт еді.

Янаның жігерге толы даусы естілді. Аз-кем сөйлескеннен-ақ баурап, тартып барады. Байқаймын, телефон вацабының «дауысты хабарламасына» да  сиятын емес әңгіме ауаны.

– Яна, мен саған барып қайтсам қайтеді, қазір қайдасың? – деймін әңгіме желісін үзіп.

– Сарыөмірдемін. Келіңіз. Ертең Айгүл Түркина келеді,  - деген  жауап түсті іле.

Таң қалдым... Білгендей дәл уақытында хабарласуымды қарашы!

«Сабақты ине – сәтімен»,  шұғыл жиналып,  ертеңіне «Егемен Қазақстанның»  арнаулы тілшісі,  қарымды журналист,  зерттеуші Қазбек Құттымұратұлы,  қалалық мәслихат депутаты,  «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Айгүл Түркина, оператор,  жүргізушімен бес адам болып  жолға шығып түс әлетінде келіп тұрғанымыз осы.

Келе Янамен шұрқырай  амандасып, төбе басына беттедік. Ана төртеуі батыл жүріп барады алда.  Әлденеден
сескенгендей аяғымды кібіртіктей басып, білген аятымды күбірлей оқып,  арттарынан жайлап еріп келемін.

Келгенде көргенім – белуардан қазылған үй аумағындай  кең сарайдың орны.  Күйдірілген кірпіштен қаланған қабырғалары теп-тегіс. Тастары мұқалмақ  түгілі, міні құрымаған!  Бір тастың бетінен саусақпен сызып салған ойыңқы  із көрінеді. «Тастардың қай жерге қалануы керегін ажырататын маркировкалары болып тұр ғой...»  дейді Қазбек таң-тамаша қалып.

Саусағымды әлгі  ізге қойып мен тұрмын, қызық емес пе,  сонау XIІ-XIV  ғасырда, дәл  осы жерде ғұмыр кешкен   қышкүйдіруші шебердің қолын алғандай болу! XXI ғасырдан  сәлем жолдағандай  сезімді бастан кешіру!

Бұл бір үлкен де биік, еңселі  кесененің алдыңғы бөлмесі екен.  Кім де болса,  жай адамемес  шығар  иесі. Биіктігі екі метрге жақын қабырғасы, үстінде тастан қаланған күмбезі болған екен кезінде. Бөлме төрінен келесі бөліккеөтетін есіктің табалдырық сұлбасы  көрінеді. Ол жақ, шамасы,  мүрдехана болуы керек.  Ал  онда жатқан мүрде бұл есіктен емес, сырттан, үстінен келіп қазылып алынған.  Ең әуелі,  бұл жердің қозғалуына да сол мүрденің ашы­лып қалғаны себеп болыпты.  Ол туралы сәл кейінірек...

Дөңгелек кесене

Қос бөлмелі мазардың  жі­гін ашып, айналасын аршып жатқанда іргеден екінші ке­сененің  сұлбасы білінген. Құрылысы өзгеше, қабырғасы дөңгелете қаланған, құбыла жақ алдыңғы  тұсына тақай көмілген бірнеше жылқының бас сүйектері көрініп жатыр.Біз осы дөңгелек кесенеге жерленген адамның  мүрдесі ашылатын сәтке арнайы келгендей  тап болған екенбіз... «Бисмилламды» айтып,  мүрдеден кешірім сұрап, түршігіп, біртүрлі болып кеттім.

Тапқан жаңалықтарын естігенде  былайғы  жұрт  бір шу етіп,  содан соң қоя салатын археолог дегеннің неткен қиын да күрделі мамандық екеніне көзім енді жете бастағандай мына жерде.

Дөңгелек  кесененің қабырғасы күйдірілген кірпіштен емес,  шымнан қиылып алынған тастан қаланған секілді. Біздің жақта осындай  тамыры шығып тұратын жер-тастан салынған шым қоралар болатын. Кей тамырлардан шөп те көктеп өсіп тұратын еді салбырап.  «Кім білсін,  бұл кесене  обаға айналып шөгіп кетпей  тұрып,  қабырғаларын жасыл шөп көмкерген ерекше зират болған шығар... Әулие адам жерленген болар, басына әкеп жылқы шалғандарына қарағанда...» деген ойлар  онсыз да қорқып тұрған өн бойымды билеп,  тезірек әрірекке  жылыстадым. Өзім ойша  «әулие» деп  тұспалдап қойған адамның  қаңқасы ашылғанын көруге батылым жетпеді.

Обаның жағдайын, қазба жұмыстарының  барысын баяндаған  Янаны тыңдап та, суретке түсіріп те жатырмыз. Алтын орда дәуіріне  не себепті жатқызылатынын мөр басқандай  қылып жеткізуімен, кесене қабырғасындағы із-таңбаларды кітапша оқыған білгірлігімен тәнті қылып,  ұйытып  әкеткен Янаға  өзімізді қызықтырған сұрақтарды да  қойып,  шағын сұхбат құрдық. Содан соң онымен бірге  Шалқар даласын шарлап, шамалы саяхат жасауға аттандық. Ол көрген қызықтар өз алдына бөлек әңгіме.

...Күн кешке айналғанда  Янаның шайға шақыруымен Сарыөмірдегі  археологтар тұрағына келіп, аз-кем аялдадық. Жасақ жігіттері де жұмыстан оралып, ас-ауқаттарын ішіп болып, демалып отыр екен. Сүйектің дене мүшелері бүтін екенін, ертеңге дейін бетін  жабынмен жауып кеткендерін, мүрдені ораған әлдебір материалдың  қалдығынан басқа қосымша ештеңе шықпағанын  айтып жатыр жетекшілеріне.  – Таңдайында  тиын жоқ па екен? –деп сұрайды Яна жайлап қа­на болса да  үнінен құштарлық естіліп.

– Жағы ашылмаған күйі жатқасын қозғаған жоқпыз, – дейді  көмекшісі.

Елең ете қалдым.  Тиыны несі?  Сөйтсем,  ерте заманда, ежелгі Грек, Рим елдерінен  бас­талып, Жер бетіндегі біраз елдерге таралған  дәстүр болған екенсондай. Аңыз бойынша, өлген адамның  жанын  жанартау құдайы, алтын қанатты Эреб пен түн құдайы Никстен туған Харон атты  қабағы қалың, ашулы паромшы Стикс деген жер асты тозақ суларынан теңіздерге өткізеді екен-мыс. Сол еңбегі үшін  бір обол (ең ұсақ тиын) ақы сұрайды екен дейді. Харонтек  сүйегі  зиратта мәңгі тыныштық тапқандардың жанын (көлеңкесін) ғана  тасиды екен дейтіні тағы бар. Қысқасы, сол Харонға беретін ақыны қайтқан кісінің тілінің астына салып жіберетін дәстүр болған. Тіпті орыс халқында марқұмның басының астына алтын немесе  күміс тиын салып жіберу салты әлі де  бар дейді.

Янаның елеңдеп отырғаны,  егер тиын табылса,  оның бетінде қандай да болса таңба, жазба сияқты дерек шығады ғой. Зерттеуші-ғалымдар үшін ол – үлкен олжа.  Со­нымен, тиынның бар-жоғы ертеңге қалған болды, таң азанда бастап,  түс ауа жұмыстарын аяқтайды екен қазушылар.  Кешке дейін жүруге болмайды...

Жұмбақ үңгір

Шалқар деп келсек шалқыған судан басқа ештеңеге көзіміз түспей жүре береді екенбіз ғой.  Бара жатқанда со­надайдан көрінген Сынтас тауы,  одан табылған белгісіз батырдың қылышы туралы әңгімелер, жолда кездескен «шеген»  сөзімен тіркескен («Тасашеген», «Сатымшеген»)елді мекендер  атаулары,  одан келе бергенде  Жаңабай обасындағы шеген-мазарда жерленген марқұмның  жарық дүние бетін қайта көру сәті үстінен әдейі  көздегендей дәл шығуымыз – бәрі әлдебір тылсым жұмбақтармен бетпе-бет келтіргендей,  беймағлұм әлемнің алдында шөкімдей  ғана тірлік иелері еке­німізді  ұқтырғандай.

«Бұл жердің кереметі көп.  Асықпай жүріп араласаңыз ашыла береді. Мына жақта Шалқар, анау жақта қысы-жазы қардай аппақ тұз шығарып, алыстан ағара көрініп  жататын Әлжансор... Тым  болмаса уақыттарыңызды бөліп, мына жақын жердегі үңгірді көріп кетсеңіздерші», – деді Яна тағы бір  тылсымның ұштығын шығарып. «Жақын жерде болса...» – деп келісе кеттік біз де.

О, тоба,  мына жердің  рельефі бара қалсаң өзіңді ғарышта жүргендей сезіндіретін Маңқыстау аңғарларына ұқсай мА-ау, ақселеу мен қоңырбас араласа өскен шалғынды дала демесең,   ойдым-ойдым ойпаттар,  дөңесдөңес жоталар бағзы заманда   Каспий теңізінің  түбі болып,  су тартылып кеткен соң құрлық (қырлық емес бірақ) жерге айналған   сол жақтарды еске түсіреді... Үңгірді іздеп келеміз. Жоқ.  Таптыратын емес.  Янаның қолында навигаторкарта, көзі де сұр даланы  қырандай жіті шалады. Жоқ. «Сол үңгір туралы айтуға да, баруға да  осы жердің адамдары қорқады. Мен кездейсоқ үстінен  түсіп, алғашқыда үңгірдің аузына жақындай бере талып құлап қалғанмын. Ол кезде жүкті едім,  содан болар дедім де қойдым.  Содан кейін тағы бір-екі рет барып ем,  қасымдағылар ішіне кірмеді,  мені де жібермеді. Не сыры барын білмедім. Кино түсіруге болатын жер...»  дейді Яна  одан сайын қызықтырып. Жүріп келеміз жолмен де, жолсызбен де  төмпе-төмпені қуалап... Бір төбенің қасынан өте бере тоқтадық. «Осы маңатта болуы керек еді,  жаяу түсіп көрейікші»  деген археологтар. «ГАЗель»   тоқ­таған бойда түсіп, айналаны шолуға олар жөнелгенде  біз  де  түсе-түсе қалып, даланың саф ауасын сіміре жұтып тұрмыз. Анадайдан көрінген   едәуір биік  төбеге беттедік содан соң.  Жазыққа шоқтығы биік жерден қарап тұрып,  «селфилеткіміз»  келді ме, кім білсін. Таяп барсақ,  төбе дегеніміз  жан-жағы арнайы биіктетіле  сырт көзден тасалауға қамал қылып топырақ үйілгендей, ортасы шұңқыршақтау, бөлекше қойнау  екен.  Ал сол ортада  жер астынан  шыға келгендей немесе аспаннан түсе қалғандай дөңбек-дөңбек, үлкен-үлкен,  гранитше  жылтыраған қой­тастар дүңкиіп жатыр.  Алуан формада. Табиғаттың өзі желмен қашап,  сумен үңгіп,  күнмен бояп «сөйлетіп»  қойған.  Таң-тамаша болдық. Кәдімгі теңіз түбіндегі жартастардың сынып түскен  бөлшектері тәрізді не қылған тастар бұл?  Кішкентай жұдырықтай біреуін  көтеріп қалсаң, қорғасындай ап-ауыр. Кім әкеліп тастаған мұнда? Айнала көз-көрім жерде қыбыр еткен тіршілік байқалмайды.

... Үңгірді жаяу  іздеп кеткен археологтар ақыры таппай, «ауылға барып, жолын біле­тін біреуді ертіп шығайық» деген ұйғарыммен оралды. «Адасып» жүріп, әдейі іздесек таптырмас тастарға кез болғанымыз жайлы сөз қозғадым мен жол үстінде,  мың сұрағым  маза  бермей.

«Бұл жерлерде бағзы заманда, бұдан 145 миллион жыл бұрын аяқталған  Юра кезеңінде  Хвалы  теңізі болған.  Хвалы – Каспий теңізінің көне атауы. Шалқар көлі – сол теңізден бөлініп  қалған су деген болжам бар»  дейді Яна тағы бір сырды шет жағалай  тарқатып.

Біз мекендеген Жер-ананың қандай кәрі, қандай мәңгілік екенін, бүкіл болмысын сезінгендей сыбырлап қалдық, тіліміз байланып. Сол күйі  Сарыөмірге жеттік.

Шалқарлықтармен сөйлесу

Шөбін шауып, шөмелеле­рін салып, пішенін үйіп,  төктерін төгіп,  аула-қораларына текшелеп жинап қойған малды ауылда  сыртта  жүрген көп адам көрінбейді. «Интернеті,  телевизоры бар жұрттың бір-бірімен ісі бола ма, жатқан шығар телміріп» деп ойлайсың өзің де қолыңнан «соткаң»  түспей отырып.

Клубтың жанында үш-төрт ер адам отыр екен,  мал қарсылауға шыққандар сияқты. Біреуі велосипедпен келіп тұр.  Солардың қасына  тоқтадық. Яна ауыл әкіміне қоңырау шалып,  жолбасшы сұрап жатыр.  Біз әлгі отырғандарға жақындап,  амандасып, танысып дегендей  шүйіркелесуге кірістік.

Өздері де әңгімеге тарқатылып тұрғандар екен, біздің неғып жүрген  жандар екенімізді білген соң,  «ішіміз пысып тұрғанда жақсы болды ғой» дегендей,  ананы-мынаны айтып,  тарихты  қозғап,  шешіліп сала берді.

«Екінші дүниежүзілік соғыстың не себепті басталғанын білесіңдер ме?»  деп қадап сұрақ қояды  бірі.  «Білмеймін...»  дейді Қазбек  байсалды қалпын бұзбай. – Әмір Темірдің көрін қазып,  аруағын мазалағаннан болған...» дейді әлгі адам өз сұрағына өзі жауап беріп. Сөз астарын түсінген Қазбек А. Фетисовтың «Проклятие Тамерлана» фильмінің нобайын қысқаша әңгімелеп,  әңгімені әріге ұзатты.

«Бұрында жаман ауру, аштықтан қырылған елдің жерленген жерін оба қылып көміп,  ол жерді ашуға болмайды деп тыйым салған. Оба десе, адамдардың айналып жүретіні сол»  деп екінші әңгімені велосипедші бастады.

– Яна,  айтшы,   сондай обаларды бір-бірінен қалай ажыратасыңдар? Шынымен қатерлі жерлердің картасы дегендей,  болжайтын құрал-жарақтарыңыз бар ма?  – деп сұрадым ауыл адамдарының көмейінде тұрғанды өзім лық еткізіп. Басқаны білмесе де, қорқуды мықтап меңгерген ауылдықтар  үн-түнсіз Янаға қарап қалған.

– Әрине,  біз тарихи обаларды өзіміз танимыз. Ауру-індет көздерінің есебі, картасы  санэпид қызметі саласындағылардың қолында шығар, ал біздің оларды ажырататын өз тәсілдеріміз бар.  Көмілуінің өзіндегі үлкен айырмашылықты алыстан байқаймыз  және көрінген обаны бұзып, қаза да бермейміз. Мысалы, мына Жаңабай обасын қазуымызға оны бізден бұрын  екі-үш рет осы ауылда тұратын біреудің бұзып, қопарып тастағаны себеп болды. Бір келгенде мүрденің бір иығын,  екінші келгенімізде екінші иығын жұлып әкеткенін көріп,  қайта көміп кеткенбіз. Үшінші келгенде тобығын шығарып  жібергенін көргесін,  ақыры  өзіміз қазып алып,  зертханаға жіберуге ұйғардық.  Қазына іздейтін шығар,  баяғы.  Бірақ  бұл обаларда қазына жоқ. Естеріңізде болсын,  ислам діні орнаған соң адамның сүйегін алтынмен,  дүние-байлықпен бірге жерлеуге тыйым салынған, – деді  Яна «ауылға жеткізіңдерші осыны»  дегендей  әр сөзін нығарлап, қайталай айтып. – Бұл зираттар біз үшін  өздері өмір сүрген заман тарихының  хабаршы-белгілері ғана...

– Кімді айтып тұрғаныңызды білемін, – деді велосипедші көз түкпірінде сәл ғана  жарқыл пайда болып,  ол кісі бұл жерден көшіп кетті. Атын да айтар едім,  жоқ болған соң енді айтудың қажеті де  жоқ...

«Тұра алмаған шығар,  мүрдені анадай қып аяусыз  қорлаған  адам оңа ма»  деген ой жылт етті,  Янаның  «Тақсай ханшайымы» обаларының төңірегін  егін салуға жыртып жүріп қазынаға іліккен тракторшы туралы  әңгімесі есіме түсіп. Басқа алтын-күмістің барлығын музейге тапсырып, бір үлкен алтын балдақты өзіне алып қалған ғой пендешілікпен. Тағдыры оңбай кетіпті содан соң байғұстың, қасіретке ұшырап,  өзі де бұл дүниемен ерте қоштасыпты...

Сонымен, «жол көрсетушіні үйінен келіп алып кетіңдер» деген  хабар да жетті-ау манадан күтіп тұрған  ауыл әкімінен.  «Жолсеріктің»  атын естігенде «Ой, ол апара алмайды  үңгірге,  көрсетпейді жолын»  деп қалды аяқты педальге салып тұрған  велосипедші.

– Неге? Сол үңгірден қорқады дейді ғой  жұрт? — деп  қадала кетемін ғой баяғы.

– Ешкім қорықпайды...

– Қорқатын бір сыры болып тұр. Айтуға  міне, өзіңіз де қорқып  тұрсыз, – деп қайрай түсемін.

– Ол үңгірден түнде жылаған баланың үні естіледі, қасына барса саусақтарымен жарды тырналап,  шыға алмай жүрген кішкентай балалар көрінеді деген әңгімені еститінбіз әжелерімізден. Соны естіп өскен соң,  ол жаққа жоламаймыз. Ауызға да алмауға тырысамыз, – деді әлгінде саңқылдап отырған жігіт үні әрең шығып.

Сонымен, «жолсерікті» алға отырғызып, «Шешінген судан тайынбас»  деп тағы да далалыққа тарттық. «Ол үң­гірдің бір қасиеті – кей күні көрініп,  кей күні  жасырынып, келген адамды адастырып жібереді. Білмеймін, бү­гін таптырса, қарайық»  деп сөйлеп келеді  әкімнің әрең тауып берген адамы.

Дариға Мұштанова

(Жалғасы бар)

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале