26.10.2021, 9:23
Оқылды: 56

Тіліңе ие бол, мемқызметші!

Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылындағы М. Мәметова атындағы мектеп былтыр күрделі жөндеуден өткен. Сол кезде құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер "Энергия" құрылыс компаниясы" ЖШС өкілі  сатылымда 10 мың теңге тұратын  бейнебақылау камерасын 110-120 мың теңге деп жазып, жергілікті бағалау есебін (локальды смета) толтырған. Кейін тергеу жүргізіліп, мемлекетке  10 132 140  теңге залал келтірілгені анықталған. Соған орай өткен аптаның жұма күні  облыстық әдеп жөніндегі кеңес отырысында Бөкей ордасы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұркен Сабыровтың тәртіптік ісі  қаралды. Ол мектептің қабылдау актісіне немқұрайлы қарап, материалдар мен құрылыс жұмыстары құнын көтеру дерегіне көз жеткізбей, қол қойған. Сондай-ақ кеңес отырысында тіліне ие болмай, бейнеконференцияда бейәдеп сөйлеген облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бисенғали Хайруллиннің де тәртіптік ісі қаралды.

9942607d-cc3c-4fc8-b040-8372baed30f8

10 132 140  теңге кімнің «олжасы»?..

Облыстық әдеп жөніндегі кеңесте қызу талқыға түскен мәселенің бірі – Бөкей ордасы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұркен Сабыровтың тәртіптік ісі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Талғат Нұржановтың (суретте мінберде) мәлім-деуінше, Бөкей ордасы аудандық білім беру бөлімі мен мердігер «Энергия» құрылыс компаниясы» ЖШС М. Мәметова атындағы мектепті күрделі жөндеу бойынша 258 692 928 теңгеге келісімшарт жасасқан. Аталмыш нысан бойынша ауторлық қадағалау жүргізуге уәкілетті тұлға ретінде «МассивСтройКомпани» ЖШС-ның өкілі Н. Кенжәлиев пен техникалық қадағалау жүргізуге уәкілетті тұлға ретінде  "СТРОЙИНТЕГРАЦИЯ" құрылушы мекемелер дирекциясы" ЖШС өкілі К. Сералиев белгіленген. Сондай-ақ мердігер «Энергия» құрылыс компаниясы» ЖШС-ның өкілі Е. Үрмәшевке мектеп нысаны бойынша қаржы құжаттарын қоспағанда, барлық қажетті құжатқа қол қою құқығы берілген. Содан Е. Үрмәшев «СКФ  Отделстрой» ЖШС-ның өндірістік-техникалық бөлі-мінің басшысы Т. Коршеваға жолығып, материалдар мен жылыту жұмыстарының құнын көтеріп, қосымша жұмыс бойынша жергілікті бағалау есебіне (локальды сметаға) өзгеріс енгізуді сұраған. Өз кезегінде Т. Коршева  Е. Үрмәшевтің қылмыстық пиғылынан күдіктенбей, жергілікті бағалау есебіне өзгеріс енгізген. Тексеріс кезінде 10 мың теңге тұратын бір бейнебақылау камерасын сметалық құжатқа 110-120 мың теңге деп толтырғаны анықталған. Сметалық құжатта  33 бейнебақылау камерасы орнатылғаны көрсетіліп,  мемлекетке  10 млн 132 мың 140 теңге залал келтірілгені анықталған.

– 23 қыркүйек күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аудандық білім бөлімінің басшысы Н. Сабыровқа қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабымен қылмыстық іс қозғады. Алайда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болмауына байланысты іс тоқтатылды. Дей тұрғанмен, Н. Сабыров  мектептің құрылыс жұмысы мен  материалдардың құнын асыру дерегіне көз жеткізбей, қабылдау актісіне және қосымша жұмыстар бойынша сметаларға қол қойған. Содан ҚР Бюджет кодексінің 97-бабы 6-тармағының талаптары мен ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі
туралы» заңының 50-бабы 1-тармағы 4-тармақшасының (мемлекеттік қызметші шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету) талаптары бұзылған. Осылайша, Нұркен Қайроллаұлы өзіне жүктелген міндеттерге немқұрайлы қарап, шешім шығару барысында жоғарыда көрсетілген ЖШС-ға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткен,- деді Талғат Боранбайұлы.

Аталмыш мәселе бойынша Әдеп жөніндегі кеңес отырысында түсініктеме берген Нұркен Сабыров аудандық білім бөлімі басшысының қызметіне былтыр 1 қазан күні тағайындалғанын жеткізді. Оның мәліметінше, бөлім басшысы лауазымына тағайындалған кезде Сайқын ауылындағы М. Мәметова атындағы мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқтала келген.

– Басшылық қызметке тағайындалғанда, мектептің ішкі жұмыстары аяқталып, өрнектас (брусчатка) төселіп жатыр екен. Ішкі жұмыстарды тексерген кезде асхана мен кіреберіске төселген кафельдің және өрнектастың астына тек құм төселгені анықталды. Мердігерге сол кемшілікті жоюды ескерттік. Артынша мердігер олқылықты қалпына келтірді. Сметалық құжаттан бейнебақылау камераның бағасы қымбат екенін байқадым. Содан түнгі сағат 22.00-ге дейін отырып, интернеттегі бейнекамералардың бағасын салыстырдым. Сонда сапалы камералардың бағасы, шын мәнінде, қымбат екенін көрдім. Мердігер сапалы бейнебақылау камерасын орнататын шығар деп сендім. Кейін нысан бойынша техникалық және ауторлық қадағалауға жауапты мамандар қабылдау актісіне қол қойған соң, мен де қолымды қойдым, – деді Нұркен Қайроллаұлы.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев өз кезегінде Нұркен Сабыровтың тарапынан шын мәнінде ағаттық кеткенін және ол күрделі жөндеу жұмыстарын мұқият тексеруге тиіс екенін атап өтті.

– Ғаламтор арқылы камераның ныспысын (маркасын) жазып, шамамен құнын тексеруіңіз керек  еді. Бір жерде 10 000 теңге болуы мүмкін, келесісінде 15 мың теңгеден делік. Мұндай  жағдайда түсінер едік. Ал сіздің мектепке орнатылған 120 мың теңге делінген камераның сатылымдағы бағасы – 10 000 теңге. Сіз жоғары білімді, сауатты адамсыз. Құжаттарға қол қоймай, тексеріс ұйымдастырсаңыз, мұндай жағдайға тап болмас едіңіз. Егер сіз басшылық лауазымға тағайындалуға келіскен болсаңыз, демек  жауапкершілікке дайын болуыңыз шарт. Бұл мәселелердің барлығы мердігерге жергілікті сметаны дайындауды сеніп тапсырғаныңызға байланысты туындап отыр, – деді Ғалым Сұлтанұлы.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің көпшілігі Бөкей ордасы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Н. Сабыровқа "Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту" түріндегі тәртіптік жаза қолдануға дауыс берді. Бұл ұсыныс БҚО білім басқармасына жолданады және Әдеп кеңесінің ұсынысы талқылауға жатпайды.

Бейәдеп сөйлегенІ үшін – қатаң сөгіс!

Кеңес отырысында талқыланған келесі мәселе – Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма-сы басшысының орынбасары Бисенғали Хайруллинге қатысты тәртіптік іс. Ол биыл 16 тамызда облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаевтың төрағалығымен өткен бейнеконференцияда әр сөйлемнің соңында «Бесит уже, на...» деген балағат сөздер айтқан. Сондай-ақ аталмыш жиынға мемлекеттік басқарма басшылары мен бірқатар серіктестіктің өкілдері қатысқан.   Жиында «АВУАР- company» ЖШС-ға мемлекеттік орман қоры аумағындағы құм-қиыршық қоспасын игеру мен өндіру  үшін жер телімін беруден дәлелді бас тарту мәселесі талқыланған.  Бейнеконференцияда облыс әкімінің орынбасары А. Алпысбаев Б. Хайруллинге қызметтік әдепті сақтап, бейәдеп сөздерді қолданбауды ескерткен.

Әдеп жөніндегі кеңес отырысында басқарма басшысының орынбасары әлгіндей сөздерді айтқанын мойындады, бірақ  балағат сөздерді жиналысқа қатысушыларға қарата айтпағанын алға тартты. Б. Хайруллиннің мәліметінше, ол жарты жыл бойы үш адамның жұмысын істеген. Бұған себеп – мекеме басшысы қызметтен  кетіп, екінші орынбасар жүрегіне ота жасатуына байланысты жұмысқа жарамсыз болған.

– Техникалық ақауларға байланысты сол жиналыста компьютердің дыбысы шықпай қалды. Содан басқа кабинетке ауысқанда, бейнеконференция басталып кетті. Әріптестеріме «Бейнебайланысқа уақтылы дайындалмағансыңдар, «бесит уже» дедім. Жиынға қатысушылардың ар-намысына тиетін сөз айту ойымда болған жоқ, – деді ол.

Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев аталмыш былапыт сөздер төрт мәрте айтылғандығын атап өтті.

– Бұл сөздер байланыс нашарлаған кезде емес, сіз сөйлеп бола келе айтылды. «АВУАР-company» ЖШС өкіліне қаратып айттыңыз ба, оны білмейміз. Әйтеуір, «бесит уже, на...» деген тіркестерді төрт рет айтқансыз. Балағат сөз тіркесін қолданғаныңыз аудиожазбаны зерделеу барысында дәлелденіп отыр. Осыдан кейін сіздің бейнежазба жүргізілмейтін кезде, әріптестеріңізбен дұрыс сөйлесетініңізге күмәндануға мәжбүрмін. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік әдепті сақтауға міндетті, мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауы тиіс. Сізде қызметтік жүктеме көбейген шығар, бірақ бұл сөйлер сөзіңізге жауапкершіліктен құтқармайды, – деді Ғалым Сұлтанұлы.

Кеңес мүшелері төрағаның Бисенғали Хайруллинге қатаң сөгіс беру түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынысын бірауыздан мақұлдады.

Сондай-ақ басқосуда қызметтік әдептің сақталуын мониторингілеу және бақылауды жүзеге асыру мәселесі бойынша тоғыз айда атқарылған жұмыс талқыланды. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросы БҚО бойынша департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Роза Арыстаналиеваның баяндауынша, Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселесі бойынша 357 адамға жеке консультативті көмек көрсетілген. Бұқаралық ақпарат құралдарында мемқызметшіге қатысты 39 материал жарық көрсе, оның 38-і жағымды, біреуі мемлекеттік қызметшіге көңілі толмайтындығы баяндалған мақала. Сондай-ақ департаментпен Әдеп кодексі, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша 498 мәрте түсіндіру жұмысы жүргізілген. Оның 278-і дәріс түрінде, 23-і бейнесюжет, 19 мақала, 178-і интернет ресурстарда жарық көрген. Әдеп жөніндегі уәкілдің ұсынысы негізінде мемлекеттік құрылымның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан 67 қызметші көтермеленіп, бірқатары басшылық қызметке тағайындалған.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале