Айтматов адам жанына микроскоппен үңілмейді. Оның кейіпкерлері екіұдайылықты білмейтін, дүдәмалдан аулақ, кесек, сом тұлғалар да, суреттейтіні үлкен жан күйзелісі, ірі отты сезімдердің қақтығысы.
Тахауи Ахтанов
«Адамзаттың Айтматовы» атанған тың шығармалары көркемдігімен, шынайылығымен, мұң мен сырға толы тылсым сөз байламдарымен ерекшеленеді. Оның өмірдің ащы шындығы, халық тағдыры, жан-жануар, табиғат пен адам арасындағы көзге көрінбейтін байланыс, ізгілік пен адамның ішкі арпалысы арқау болатын көркем туындыларынан оның адам жанын әбден зерттегені аңғарылады. Әлемнің түкпір-түкпіріне даңқы жеткен заманның заңғар жазушысы Шыңғыстың шығармалары бүгіндері 150-ден астам тілге аударылған екен.
«Қош бол, Гүлсары» повесінде соғыстан еліне, отбасына аман-сау оралған колхозшы-коммунист Танабайдың өзімен қоса арқалап келген үміті мен жарқын болашаққа деген аңсары баяндалады. Еңсесін соғыстан енді жиған халық «Коммунизм орнатамыз!» деген арман мен билік ортасында тентірейді. Аттың құлағында ойнайтын Танабайға жылқы бағу бұйырып, Торғай қария бағып жүрген колхоздың жылқысын қабылдап алады. Әп дегеннен көп жылқының ішінен көзге бір құлын ерекше ілігеді.
«Болар бала бесікте бұлқынар,
Болар құлын желіде жұлқынар» демекші, құлынның бәйгеге түссе, бірінші келетін сәйгүлік болатынын бірден байқап, Торғай қарт Гүлсарыны жылқышыға аманаттап кетеді. Әрі қарай Гүлсары мен Танабай арасындағы байланыс нығайып, боз құлын бәйгеде оза шапқан нағыз арғымаққа айналады. Мұндай тұлпардың қарапайым жылқышының тақымында жүргенін қызғанған жергілікті атқамінерлер екеуінің тағдырын талан-таражға түсіреді. Гүлсарыдай сәйгүліктің тағдыры арқылы сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік ахуал сипатталады.
Ауыздығымен алысып, ноқтаны керіп, еркіндікке ұмтылған Гүлсары секілді Танабай жастығының буымен серілік те құрады. Жылдардың тасасына тығылған, алауы бәсеңдеген ғашықтық сезім қайта лаулап, өмірі өзгеріске ұшырағандай болады. Алайда жан жарасын емдеген, қайғысын бөліскен, өмірдің ыстық-суығын бірге көтерген аяулы жары қиындықтың бәрін жеңуге көмектеседі.
Бұл комммунистік партияның дәурені жүріп тұрған дәуір еді. Шаруаның жағдайын жақсартуды емес
ащы тілімен жанын жаралауды мақсат тұтқан биліктің кейбір өкілдеріне ызаланған, әбден шаршаған, шыдамы таусылған Танабай кезекті рет үйірін іздеп қашып келген Гүлсарыны қайтадан алып кетуге келген шолақ белсенділерді соққының астына алады. Осының өзі халықтың бұдан әрі езгіге шыдауға қауқары жоқ екенін көрсетеді. Бұл маған таяу жылдарда жүзеге асар төңкерістің белгісі тәрізді көрінді. Автор да соны меңзегендей.
Гүлсары мен Танабайға ортақ ерекше бір қасиет бар. Ол – еркіндікке, кеңдікке ұмтылу. Екеуінің басты ұқсастығы да - осы.
Аталмыш повесть желісі бойынша түсірілген Ардақ Әмірқұловтың фильмі бар. Сөйте тұра «Орал өңірінің» барша оқырманына осы шығарманы кітаби нұсқада оқуға кеңес берер едім. Уақытыңыз еш кетпейтініне, ерекше әсерге бөленетініңізге еш шүбәм жоқ.
Ақжібек Сағынбай,
мектептен тыс жұмыстар орталығындағы
«Жас тілші» үйірмесінің мүшесі,
Орал қаласы