26.10.2021, 10:23
Оқылды: 52

Қарашығанақ  игілігі Тәуелсіздік  талаптарына  сай пайдаланыла  бастады

Өткен  XX  ғасырдағы  сексенінші  жылдардың  бас  кезіне  дейін  Батыс  Қазақстан  облысының  экономикасына,  негізінен,  ауыл  шаруашылығы  өндірісі  тән  еді.  Бұдан  кейінгі  жылдарда  Орал  өңірінде  Қарашығанақтың  игеріле  бастауына  байланысты  газ,  конденсат  және  мұнай  өндіру  ісі  де  өңір  экономикасының  тағы  бір  тармағын  құрады.

7

Қарашығанақ - аталған стратегиялық шикізат көздері қоры жөнінен әлемдегі ең үлкен кен орны екендігі айтылып та, жазылып та жүр. Бұған тағы бір деректі қоса кетсек, мұнда еліміздегі конденсаттың 91 пайызы және газдың 66 пайызы шоғырланған екен. Оның үстіне әр жылдары кеніштен рекордтық өнім жиналды деген асқақ, жоғары пафоспен айтылатын хабарды да естіп келеміз. Алайда қазыналы өңірден шыққан шикізат экспорттаушыларға қандай бағамен өткізілгені, ел игілігін көтеру үшін нендей пайдасын тигізгені жария жасала бермейді.

2004 жылдың мамырынан бастап Қарашығанақ өнімдері Каспий турба консорциумы жүйесі арқылы әлемдік нарыққа қарай жол тартқаны мәлім. Бұл кезде кеніш өнімдерін әлемдік бағамен өткізуге мүмкіндік туды ма? Бұл жағы да ашық айтыла бермейді. Егер расымен де отандық өнімге қойылған баға ойдағыдай болса, ел-жұрттың Қарашығанақ игілігін көруге мүмкіндігі туар еді.

Ауызды қу шөппен сүрте берудің де жөні жоқ секілді. Сәл шегініс жасар болсақ, 1997 жылдың 18 қарашасында Вашингтонда қол қойылған өнімді бөлу жөніндегі негізгі келісімге (ӨБНК) сәйкес Қарашығанақтың кенішін игеру төрт кезеңге бөлінгенін айта кеткеніміз жөн. Ал бірінші кезең 1995 жылы Қазақстан мен Қарашығанақ бірлескен ұйымы (ҚБҰ) арасында жасалған. Сөйтіп, 1997 жылы аталған тараптар қырық жылдық мерзімге арналған ӨБНК-ға қол қойды.

Міне, бар гәп дәл осы тұстан тамыр тартады. Өнімді бөлісу жөніндегі негізгі келісімге сәйкес ҚБҰ жыл сайын облыстың әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалары үшін он миллион АҚШ долларын бөлетін болды. 2000 жылдардың бас кезінде ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Қырымбек Көшербаев сол кезде кеніште құрылған бірлескен басқару комитетінің (ББК) мүшесі болып тағайындалды да, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бөлінген қаражат мөлшерін үш есеге жуық өсіруге ықпалын тигізді.

Сонымен бірге өңір басшысы шетелдік Альянс есебінен өңір экономикасын көтеруге қатысты өзге де қаражат көздерін тарта білді. Осы орайда аталған басқару құрылымының тағы бір ерекшелігін айта кетуге болады. Яғни оның мүшелерінің бірі қабылданған шешімге қарсы болса, бұл құжат қабылданбайды. Қырымбек Елеуұлының аз уақыт болса да осы ұрымтал сәтті облыс мүддесі үшін ұтымды түрде пайдалана білгені де елге деген жанашырлықтың бір белгісіндей көрінеді.

Тәуелсіздіктің іргетасын  нығайту кезеңіндегі Қарашығанақ кеніші туралы әңгіме қозғаған кезде, ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған Қарашығанақ-Орал газ құбыры жобасы ойға оралады. Бұл баға жетпес әлеуметтік жобаны Батыс Қазақстан облысының әкімдігі, КПО б.в  «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ және кенішті  игеруші мердігер компаниялар бірлесіп қолға алған еді.

Соған сәйкес облыс тұрғындары жыл сайын 500 миллион текше метрге дейін табиғи газды тұтыну мүмкіндігін иеленді. Сонымен бірге аталған жобаның арқасында Бөрлі, Зеленов және Теректі аудандарына қарасты газсыз отырған ауыл тұрғындары да көгілдір отынның игілігін көре бастады. Бұдан кейінгі кезеңде мұндай игілікке Сырым және Қаратөбе аудандарының тұрғындары да кенелді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында батысқазақстандықтар, соның ішінде мұндағы барлық заңды және жеке тұлғалар энергетикалық тұрғыдан Ресейге тәуелді еді. Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесі Орал өңірінен тым қашықта орналасқандықтан, бұған қосылу мүмкіндігі болмады. Сөйтіп, электр қуаты үзіліспен берілді. Бұлай болатын себебі - жергілікті энергетиктердің бұған төлейтін қаражаты да жетіспеді. Осындай қысылтаяң шақта ҚБҰ есебінен 3,5 және қырық мегабайттық электр энергиясын алдын ала және түбегейлі өндіру қондырғылары орнатылды. Соның нәтижесінде көп кешікпей Батыс Қазақстан облысы толық энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізді. Бұған қоса еліміздің батыс қақпасы бүгінде энергияны көршілес аймақтарға экспорттауға мүмкіндік алып отыр. Бұл айтылғандарға қарағанда өнімді бөлісу жөніндегі негізгі келісімге қол қойған «БритишГаз» интернешнл» , «Аджип», «Тексако» және «Лукойл» компанияларымен өндірістік жұмыстарын атқару үшін осы аталған компаниялардың КПО б.в атты қазақстандық филиалы ел-жұртқа біраз шапағатын тигізгенін көреміз.

Келесі кезекте альянс шеңберіндегі қазақстандық үлестің көлемі жөніндегі мәселеге тоқталғанды жөн көреміз. Бұдан алты-жеті жыл бұрынғы жағдаймен салыстыра қарағанда, жергілікті қамтудың жәй-күйі әжептәуір жақсара түскені байқалады. Айталық, тәуелсіздіктің екінші онжылдығының орта шенінде қазақстандық қамтудың көлемі тым шектеулі екені жөнінде КПО б.в компаниясының атына сын-ескертпелер  аз  айтылмайтын.

Сондай-ақ кеніште өткізілетін бірқатар тендерлердің бүркемелі сипат алып, оған ашықтық, жариялылық пен мөлдірлік жетісе бермейтіні де тілге тиек болып жатушы еді. Бұл кезеңде шетелдік инвесторлар жергілікті өндірісшілерге тым жоғары талап қоятынынан да хабардар едік.

Ойдан ой туады. 2014 жылдың наурыз айында облыстық әкімдікте сол кездегі Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалинның қатысуымен ел аумағындағы кеніштерде тендер өткізу тәсілдерін жетілдіру жөнінде келелі кеңес өткені ойға оралып отыр. Сол басқосуда  тендер талабына сәйкес отан-дық өндірісшілер мүмкіндігі жобалау жұмыстары басталмай-ақ ескерілетіні айтылған еді. Әрі келісімшартта олардың қызметі мен өндіретін тауарларының түрі де нақты көрсетілетіні әңгіме арқауына айналған  болатын.

Мұндай тың, өміршең тендер тәсілі Қарашығанақ жобасына қатысты да қолға алынғаны, отандық үлесті көтеруге әжептәуір қозғау салғаны анық. Тәуелсіздік тұсындағы тәжірибелер төмендегіні көрсетеді. Инвесторлар жергілікті қамтушыларға «Шекесінен қарайды» дей берудің де қисынға келе бермейтіні. Бұл үшін жергілікті тауарлар мен жабдықтар әлемдік стандартқа сәйкес болуы қажет. Егер одан ақау шығып, ыңғайсыз жағдай орын алатын болса, екінші рет шетелдік жергілікті жабдықтаушыларға сұраныс бере қоюы екі талай.

Сондай-ақ бұған дейінгі тәжірибеде кен орнын пайдаланушыларға өте қысқа мерзімде жабдық пен материалдар қажет болған сәттерде, олар қазақстандық кәсіпорынға құны төмен бағамен сұраныс береді екен. Мұндай жағдайда жауапкершілігі  төмен жабдықтаушылардың «қара тізіміне» ілігіп қалмау үшін олар кен орнын игерушілердің шарттарымен келісуге мәжбүр болады. Қарашығанақ кенішіне қатысты алғанда да мұндай келеңсіз тәжірибенің келмеске кеткені тағы бір мерей.

Бұған қоса Қарашығанақ жобасына қатысты қолданылатын жаңа тариф саясаты да қазақстандық үлестің көтерілуіне оң әсерін тигізді десек, қателесе қоймаспыз. Қысқасы, биылғы 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында жасалған келісімшарттарға сәйкес КПО б.в. компаниясы жергілікті қамтудың үлесін 72 пайызға жеткізген. Бұл дерек олардың өздерінен алдыртатын құрал-жабдықтар көлемі тек 28 пайыз ғана екенін айғақтайды.

Сөз жоқ, мұның өзі қанағат етуге тұрарлық дейтіндей деңгейден де биік тұратын нәтиже. Ал қаржылай сомаға шаққанда оның мөлшері 296,6 миллион АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ кенішті игеру басталған мерзімнен бері КПО б.в. компаниясы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға 439 миллиард АҚШ долларын жұмсағаны да оң бағаға лайықты. Сондай-ақ аталған компания бұдан 6-7 жыл бұрын өздері салған инвестицияның қайтарымын жасағаны белгілі болып отыр. Мұндай жағдай кен орыннан түскен пайданың ара салмағын алмастыруға алғышарт қалағаны анық. Талас жоқ, осы арқылы бюджет қаражатын толықтыруға және қосымша түсетін қаражат көздерін көбейтуге жол ашылғаны анық. Оның игілігін, ең алдымен, Жайықтың бойын жайлаған қалың ел көріп жатса, нұр үстіне нұр.

Қарашығанақ кеніші жөніндегі бүгінгі әңгімеміздің түйінін мемлекеттік мәні мен маңызы жоғары - ұлттандыруға, жергілікті кадрлар мен мамандар әзірлеуге қатысты қойғымыз келеді. Айталық, ӨБНК жөніндегі келісім қырық жылға есептелгенін ескерсек, оның 25 жылы өтіп, 15 жылы қалғаны белгілі. Кеніш қызметін жүргізу тізгіні толық өз қолымызға тиген кезде, абдырап қалмау үшін де біліктілігі жоғары өз мамандарымыз қажет болмайма?!

Кенішті ұлттандыру – ӨБНК-де қол қойылған негізгі шарттардың бірі. Ең алғаш рет 1997 жылы Қарашығанақ бірлескен ұйымы тарапынан бұл мақсатқа 500 мың АҚШ доллары бөлінген екен. Мұны аз деп те, көп деп те айта алмаймыз. Бұдан кейінгі деректер қолымызға түспей тұрғаны. Қалай дегенде де бүгінгі күні Қарашығанақ кенішіндегі шетелдік мамандардың орнын өз отандастарымыз алмастыруда. Кенішке қызметке алынған қазақстандықтар шетелде біліктілігін жетілдіруде. Альянстағы негізгі лауазымды орындарды жергілікті кадрлар қазірдің өзінде алмастыра бастағаны белгілі болып отыр. Осы өзгерістің түбегейлі болуын  қалар  едік.

Осылай деп көңілді демдей тұрсақ та, кеніштегі аталған істің бүгінгі жәй-күйі отандастарымызды енжар, селсоқ қалдыра алмаса керек. Бұрын-соңды мұнай-газ секілді кәсіп түрлерімен беттесіп көрмеген әрі тұрғындардың басым бөлігін өзге ұлт өкілдері құрап келген Ақсай, Орал қалалары мен Бөрлі ауданында кадрларды ұлттандыру ісі өте өзекті, көкейкесті күйінде қала бермек. Бұл ретте КПО б.в. компаниясының басты ұстанымы да осы тұстан табылса игі.

Темір Құсайын,

«Құрмет» орденінің, ҚР Парламенті сыйлығының иегері, журналист,

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» арнайы бетінің  қоғамдық  редакторы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале