Халыққа қажет әлеуметтік маңызы зор саланың бірі – денсаулық сақтау жүйесі. Еліміз еңсерген 30 жылдықта «тоқырау ауылы» бұл саланы да шарлап шықты. Өткеннің ауыртпалығы бүгінгі күннің ертегісі іспеттес. Көз көрген, отыз жыл медицина саласында қызмет еткен жанның пікірі арқылы денсаулық сақтау саласының өткені мен бүгініне назар аудардық.
КСРО ыдырап, 1991 жылы еліміз Тәуелсіздігін жариялады. Алып империяның құрсауынан босап шыққанымызбен, айқын бағыт болмады. Шетелмен байланыс үзіліп, денсаулық сақтау саласы да мең-зең күй кешті. Министрліктер жабылып, тіпті бірнеше сала тұтас қамтылып, бір министрлік құрылған заман болды. Сол уақытта еліміздің даму қарқынын үдетіп, болашағын айқындайтын арнайы стратегиялық құжат қабылданды. Ол – «Қазақстан – 2030» стратегиясы. Аталған құжатта денсаулық сақтау саласы да қамтылып, нақты міндеттер жүктелді. Бірақ стратегияның орындалуына сенімнен бұрын күмәнмен қарағандар қатары артты. Себебі армандағы заман ауылы алыс еді…
– Мен 1991 жылы Ақтөбе медициналық институтының балалар дәрігері бөлімін бітірдім, – деп Қайырбай Ердосбайұлы әңгімесін бастады. – Сол жылы Богатырёв (қазіргі Болашақ) ауылдық ауруханасына басшы дәрігер болып қызметке орналастым. Аурухана 25 кереуеттік еді. Есімде, сол жылы ауданға бес жас маман дәрігер келдік. Ол уақытта жас маманға көтерме жәрдемақы уақтылы беріліп, барлығы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін. Аудандағы денсаулық сақтау саласы әупіремдеп заман легіне ілесе берді. Елді мекендердегі медициналық пункттерді былай қойғанда, аудандық аурухананың да жағдайы мәз емес еді. Аурухана алты бөлек жатқан «ОШ 60» деген мекемеден тұрып, әрқайсысы бөлек жылу жүйесімен қамтамасыз етілді. Жылу көзі – көмір. Бірде жылыса, енді бірде «кәрі құданың» мінезі аурухана ішінде де сезіліп тұрды. Дәрігерлеріміз ғимараттың суықтығына қарамастан қалың күртешесін киіп алып, халыққа қалтқысыз қызмет етті. Шыны керек, жүзі алмадай болып жаурағаны байқалса да, келген науқасқа сыр білдірмейтін. Оның үстіне 7-8 ай жалақы алмай қызмет еткен кездеріміз де болды. 1996-1997 жылдары «жедел жәрдем» көліктері болмай, жағдайы нашарлаған азаматты әріптестерім жазда ат-арбамен, қыста ат-шанамен ауруханаға жеткізіп, өздері де күн райы мен жолдың нашарлығына қарамастан науқасқа медициналық көмек көрсетуге аттанатын. Дәрігерлер жалақы алмаса да, айына екі рет ақысыз түнгі кезекшілікте болды. Осыларға дәрінің, ауруханада азық-түліктің жетіспеушілігін қосыңыз. Дәрі жоқтығы салдарынан кей оталарды «Новокаинмен» жасайтынбыз. Оған қоса бір науқасты ауруханаға жеткізу үшін жол азабын тартып, 7-8 сағат жүретінбіз. Бұл шамамен 1996-1998 жылдар аралығындағы көрініс. Мен жас маман болсам да, өзгелермен осы қиындықты бірге еңсердік. Ал сол уақыттағы ақ халаттылар нағыз «патриот» деуге тұратын еді. Халықтың да дәрігерге деген сенімі нық болды. Тәжірибелі дәрігерлер жас мамандардың «бетін қақпай, белін буып», тәжірибесін бөлісуде тартынып қалмады. Сондай бірліктің арқасында Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықты еңсердік деп ойлаймын.
Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында ауданымыздың денсаулық сақтау саласы үшін елеулі екі оқиға орын алды. Оның бірі – денсаулық сақтау саласы аудандық бюджеттен алынып, облыстық бюджетке берілуі болса, екіншісі – заманауи типтік ғимаратты аурухананың салынуы. Бұдан өзге де жаңалықтар саланың жандануына оң әсерін тигізді.
– 1994 жылы аудандық ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалдым. -алғаннан кейінгі денсаулық сақтау саласындағы елеулі өзгеріс – 1996 жылдар шамасында аудандық бюджеттің облыстық бюджетке ауысуы. Бұл өз кезегінде аурухананың материалдық базасының жақсаруына себеп болды. 1999 жылғы 30 қыркүйекте аудан орталығында типтік ғимаратты аурухана салынды. Аурухана 50 орындық, емхана 260 орындық еді. Бұл ауданымыз үшін көптен күткен жаңалық болатын. Бірақ маман тапшылығы байқалып-ақ тұрды. Елге маман тарту бойынша жұмыс атқарылып, Ақтөбе, Алматы қалаларындағы медициналық институттарға барып, келіссөз жүргіздік. Бұл іске аудандық ардагерлер қорынан қолдау жақсы болды. Төрағасы Тұрақбай Дүйсенов ағамыз болатын. Бір ғана мысал, осы қор арқылы интернатураға қажет қаражатты төлеп, Александр Сидоров есімді студентті ауданға алдырдық. Себебі маман тапшы, ал жерлестеріміздің арасында медициналық академияда оқитындары аз. Кейін ауыл жастарының осы салаға қызығушылығы артып, медициналық жоғары оқу орнына түсушілер көбейді.
Ауруханаға талшықты-оптикалық интернет желісі қосылып, ақпаратты компьютер арқылы облысқа жеткізу мүмкіншілігі туды. Емдеу хаттамаларын, рентген суретін, ЭКГ-ні, қан талдауларын облыстық орталық ауруханаға компьютер арқылы жіберіп, жедел кеңес ала аладық. Сонымен қатар медициналық препараттар алынды. Қазіргі таңдағы аурухананың, аудандағы денсаулық сақтау жүйесінің орны бөлек, – дейді Қайырбай Ердосбайұлы.
30 жыл ішінде Казталов аудандық ауруханасына қарасты ауылдар мен елді мекендерде бірқатар медициналық нысан бой көтерді. 1998 жылы Көпкүтір медициналық пункті, 1999 жылы аудан орталығында аудандық аурухана, 2004 жылы Аққурай медициналық пункті, 2014 жылы Қошанкөл дәрігерлік амбулаториясы, 2019 жылы Әжібай фельдшерлік-акушерлік пункті салынды. Кейін 1991 жылға дейін салынған медициналық кешендермен қатар, Тәуелсіздік жылдарында бой көтерген ғимараттың бәрі күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар 2012 жылы заманауи құралдармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешен де келді. Тұрғындарды дәрігермен қамту көрсеткіші 10 мың адамға шаққанда 21,5 пайызды құраса, орта буын медицина қызметкерлерімен қамту көрсеткіші – 80 пайыз. Ауруханада аудан тұрғындарына қызмет көрсету үшін жылжымалы медициналық және стоматологиялық кешендер бар. Медициналық бұйым және жабдықтармен жабдықталуы бүгінгі таңда 92 пайызды құрап отыр. Күні кеше ауруханамыздағы анестезия және жедел жәрдем бөлімдеріне арналған маңызды құрал – тыныс алу жолдарының интубациялық видеоларингоскопы, ұрықтың антенатальды және интранатальды кезіндегі жүрек қызметінің функционалды жағдайының көрсеткіштерін дәл анықтайтын кардиотокография аппараты, хирургиялық операциялар мен диагностикалық зерттеулер кезінде операциялық өрісті жарықтандыру үшін қолданылатын «ЭМАЛЕД 300/200» маркалы операциялық жарық шамы, механогидравликалық түрде реттелетін ота жасауға арналған үстел әкелінді.
Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы ауданымыздың денсаулық сақтау саласындағы қиындықтар мен жеткен жетістіктің бірсыпырасы ғана. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бейнет көргенімізбен, кейін еліміздің әр саласы дамып, халқымыздың әл-ауқаты артуда. Оның барлығы тұғырлы Тәуелсіздігіміздің белесі деп білеміз.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz