27.10.2021, 17:50
Оқылды: 54

Құрылыс неліктен сапасыз?

Дүйсенбіде облыстық кәсіпкерлер палатасында құрылыс саласындағы түйткілдерді талқылаған жиын өтті. Оған облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

WhatsApp Image 2021-10-27 at 11.22.24

– Биыл құрылыс жұмыстарына облыстық, республикалық бюджеттерден 33 млрд. теңге бөлінді. Алайда кейбір құрылыс нысандары уақытында салынбайды. Салынған құрылыстардың сапасы сын көтермейді. Сондықтан саладағы түйткілдерді анықтап, тиісті шешімдер қабылдаймыз. Республикалық деңгейде шешілетін мәселелерді де көтереміз. Алдағы жылы ондай олқылықтарға жол беруге болмайды. Түйткілді мәселелер тек салынып жатқан құрылыстарда ғана емес, жобалау жұмыстары мен техникалық қадағалау жұмыстарында да бар, – деді Ғали Есқалиев.

WhatsApp Image 2021-10-27 at 11.22.25 (2)
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев құрылыс саласындағы жүйелі қателіктер мен түйткілдерді таразылады. Ондай мәселелерге жобалық-сметалық құжаттамадағы олқылықтар, білікті мамандардың жетіспеушілігі, жұмыс көлемдерін асыра немесе кем бағалау, сапасыз құрылыс материалдарын пайдалану, мердігерлердің жұмысқа немкеттілігі, техникасының және өз мамандарының жоқтығы жатады.

WhatsApp Image 2021-10-27 at 11.22.25
– Көбінесе құрылыс саласынан бейхабар әлеуметтік мекемелердің басшылары күрделі және ағымдағы жөндеуге тапсырыс беруші болады. Олар құрылысты білмесе де, жұмыс көлемін қабылдауға мәжбүр. Бүгінде ең өзекті мәселе – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Жобалау институттарының штатында қажетті қызметкерлер жетіспейтіндіктен, жұмыстың бір бөлігі қосалқы мердігерлерге бөлінеді. Ал олардың көпшілігі үйден жұмыс істейді. Соның кесірінен жоба бөліктерін бір ортақ жобаға жинақтау кезінде сәйкессіздік пайда болады. Мысалы, Янайкин ауылына су құбырын жүргізудің жобалық-сметалық құжаттамасын «Берекет» ЖШС жасады. Жобалаушы құжатта 500 текше метр су сыйымдылығы қажет деп көрсеткен. Іс жүзінде 933 тұрғыны бар ауылға 250 текше метр су сыйымдылығы да жеткілікті. Осындай асыра есептеудің себебінен жоба құны 23 млн. теңгеге өсті, – деді Әлібек Сайынұлы.
Бұдан басқа да мысалдар жеткілікті. Мысалға, Жәнібек ауданындағы Майтүбек ауылына су құбырын тарту жобасын «Архитектор» құрылыс компаниясы» ЖШС жасаған. Онда қалыңдығы 0,7 мм профильді материалдан жасалған қоршаулар пайдаланылады, дұрысында қалыңдығы 0,4 мм профильді материал да жеткілікті. Бұдан жоба құны 16 млн теңгеге артқан. Ал павлодарлық «INNOVATION CENTER PROJECT» ЖШС Казталов ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысының жобасын жасау кезінде құрылыс материалдарын тасымалдау құнын есептемеген. Бұл шамамен 97 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ темірбетон бағандар да естен шығарылған, оның құны – 133 млн. теңге. Мердігер шамамен 230 миллион теңге шығынға ұшырады, қазір тараптармен келісу үрдістері жүргізілуде. Мұның өзі құрылыс жұмыстарының мерзімін сағыздай созып жібереді. Осындай олқылықтарға байланысты жобалаушы компанияларға қатысты материалдар жинақталып, тиісті құзырлы құрылымдарға жолдануда. «Жобалау институттарына лицензия беру жұмыстарына бақылауды күшейту керек. Жобалауда өрескел қателіктер жіберіп, құрылысты қаңтарып қоюға немесе құрылыс мерзімін созуға мәжбүр еткен жобалаушыларға айыппұл салу жағын қарастырған жөн», – деді Ә.Антазиев.

WhatsApp Image 2021-10-27 at 11.22.26 (1)
Жобалаушылар құрылысқа импорттық құрылыс материалдарын пайдалануды қоштайды. Өткен жылы Тасқала және Казталов ауылдарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. «Проект Строй инжиниринг» жобалау институты өңірде қуатты өндіріс орны (керамзиттік блок) бола тұра, екі нысан құрылысының жобасына ресейлік материалды қолдануды енгізген. Қазіргі кезде құрылыс материалдарының бағасы күрт көтерілгенді. Сондықтан мердігерге материалдарды сырттан тасымалдау тиімсіз. Осындай олқылықтарға байланысты құрылыс нысандарының жұмыстары әлі аяқталмай отыр. Осы жобаларды түзету барысында әр жобаның құнының өсуі 250 миллион теңгеден асты. Сондықтан мердігермен арадағы келісімшартты бұзылуда. Басқарма басшысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы базасында жобалық-сметалық құжаттаманы дайындаудағы жергілікті қамту үлесін қадағалайтын комиссия құруды ұсынды. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттамаға импорттық материалдарды пайдалануды енгізгендерге айыппұл салуды заңдастыру керек.
– Тұрғын үй құрылысында басқа өңірден тендерді ұтып алған мердігерлердің техникасы да, мамандары да, қаражаты да жоқ. Өткен жылдан бастап «Нұр Құрылыс-Болашақ» ЖШС жалпы құны 1,5 млрд. теңгеге жеті үй салуға кірісті. Әлі күнге бірде-бір үй пайдалануға берілмеді. Жыл соңында 141 отбасы пәтер ала алмады. Бұл мердігермен келісімшартты бұзып, лицензиясынан, банктік кепілдіктерінен айыруға мәжбүрміз. Келісімшарттағы міндеттемсін орындамағаны үшін компанияға айыппұл салу қарастырылуда, оның шамасы 100 миллион теңгені құрайды, – деді Әлібек Антазиев.
Ауылдарды таза сумен қамтуда да түйткілдер аз емес. Мәселен, «Дәнекер», «Көлсай Строй» ЖШС-лары облысымызда жалпы құны 3,1 млрд теңге болатын тоғыз тендерді жеңіп алды. Жалпы 6200 адам таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс еді, бірақ олай болмады. «Дәнекер» серіктестігі 1,8 мың адамды ауыз сумен қамтитын жалпы сомасы 1 748,9 млн. теңгеге 5 жобаны қолға алды. Компания үш нысанда (Шыңғырлау ауданының Шоқтыбай, Ақжайық ауданының Тінәлі, Теректі ауданының Үлкен Еңбек ауылдары) құрылыс талаптарын сақтамай, жұмысты уақтылы атқара алмай отыр. Осындай жауапкершліктің жоқтығынан бір мың адам уақтылы ауыз сумен қамтамасыз етілмейді. Үш нысан бойынша бұл мердігердің 21,4 млн. теңге сомасына банк кепілдігі бар. Одан өсімпұлдарды қоса есептегенде 80 млн. теңгеден астам қаржы ұсталады. Ал «Көлсай Строй» үш нысанда (Бәйтерек ауданының Рубежинское ауылы, Теректі ауданының Тоқпай ауылы, Бөкейорда ауданының Жиекқұм ауылы бағытындағы) құрылыс талаптары сақталмай отыр. Мердігер жұмыс кестесінен қалып қойғандықтан, 4,3 мың адам уақтылы ауыз сумен қамтылмайды. Ал Тоқпай ауылында су құбыры желілерін тарту жұмыстары шабан орындалуда. Сол себепті 40 тұрғын үйді пайдалануға беру мерзімі бұзылып, 240 отбасы өз пәтерлерін уақытында ала алмайды. Мердігердің үш нысан бойынша өсімпұлдарын қоса алғанда 80 млн. теңгеден астам айыппұл ұсталады. Аталған нысандар бойынша келісімшарттарды бұзу, мердігердің лицензиясын қайтарып алу және оны өз міндетіне адал емес мердігерлер тізіміне енгізу жоспарлануда.
– Түйткілді мәселелерді шешуге қатысты бірқатар ұсынысымыз бар. Егер жасалған мемлекеттік сатып алу шарттарының шамасы соңғы үш жылдағы әлеуетті қамтамасыз етушілердің соңғы үш жылдағы орташа табысынан 2-3 есе жоғары болса, онда ол мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды. ЖШС соңғы үш жылда орта есеппен бір миллиард табыс тапқан болса, төртінші жылы екі миллиард теңгеден асатын тендерлерді алуға құқығы жоқ. Өйткені мердігерлер орасан зор жұмыс көлемін алып, одан кейін оны орындай алмайды, – деді Әлібек Антазиев.
Басқарма басшысы көпшілікке Үкіметтің құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты өтемақы төлеу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Әзірге 11 жобаны түзетуге өтінім берілген, оның жетеуі жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге келісіліп, мақұлданды. 2022 жылы облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген нысан салынбақ. Осыған байланысты жергілікті тауар өндірушілер линолеум, қаптама кірпіш, есік, цемент, металл, керамикалық плитка сынды материалдар шығаруды ойластырғаны жөн.

WhatsApp Image 2021-10-27 at 11.22.25 (1)
Облыс әкімі Ғали Есқалиев алдағы жылға тендерлер алдын ала жарияланатынын айтып, барлық мекеме басшыларына оған дайындықты қазірден бастауды тапсырды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бауыржан Айтмағамбетов ұзындығы 6496 шақырымды құрайтын облыстағы жолдардың небәрі 34%-ы ғана жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда екенін айтты. 2025 жылдың соңына қарай жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95%-ға жеткізілмек. Ондай межеге жету үшін ұзындығы 1864 шақырым жол жөнделуі тиіс. Биыл 31,6 млрд. теңгеге 312 шақырым жол, оның ішінде республикалық маңызы бар 78, жергілікті маңызға ие 163, сондай-ақ елді мекендердің көшелерінің 71 шақырым жолдары жөнделуде. Келесі жылы 37 жобаны жүзеге асыруға 12,7 млрд. теңге бөлінген, 184 шақырым жергілікті жол жөнделеді.
– Жобаларды жасақтауда жол нысандары төсемдерінің тиімді түрлері әзірленбейді, олардың нұсқалары салыстырылмайды. Содан да жол жабынының үнемсіз түрлері пайдаланылады. Гидрологиялық, геологиялық және инженерлік-геодезиялық ізденістер тиісті деңгейде немесе мүлдем жүргізілмейді. Тасымалдау қашықтығы 200 шақырымнан асқан жағдайда, құрылыс материалдарын тасымалдауға, асфальт-бетон зауыттарын орнатуға кеткен шығындардың орнын толтыру қарастырылмаған. Жобалау институттарында білікті мамандар саны жеткіліксіз, нормативтік-техникалық базалары жоқ, – деді басқарма басшысы. Бұдан шығудың жолы ретінде аталмыш басқармада жобалық-сметалық құжаттама бөлімін, сараптамалық кеңес құруды ұсынды.
– Құрылыс маусымының қызған шағында битум тапшылығынан, материалдар таситын вагондар жетіспеушілігінен өндірістік жұмыстар тоқтап қалады. Осы мәселені шешу үшін Бөкей ордасы ауданындағы Жамантау кенінен қиыршықтас өндірісі басталды. Тасқала ауданындағы Шиповский кен орнында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Ол жерден термолиттік қиыршық тас өндіріліп, оны негізгі жол қабаттарының құрылысына қолдануға болады. Жергілікті «Петрореф» ЖШС ішкі нарықта жылына 120 мың тонна битум өнімін шығаратын битум өндіретін зауыт құрылысына инвестиция салуды жоспарлады, – деді Бауыржан Айтмағамбетов.
БҚО бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ғайса Тәжібаев құрылыс сапасын арттыру үшін техникалық қадағалау жұмысының сапасын арттыру қажеттігін айтты.

– Учаскелердегі техникалық қадағалау мамандарында қажетті өлшеу құралдарының толық тізімі бола бермейді. Мұның бәрі құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына кері әсерін тигізеді. 227 құрылыс нысанында техникалық қадағалауды тек аккредиттелген 32 сараптама ұйымы жүзеге асырады. Әр ұйымға орта есеппен 7 нысаннан келеді. Салынып жатқан нысанның әрқайысында техқадағалау болуы тиіс. Барлық нысанға техқадағалау мамандары жетіспейді. Келісімшарттарды жасау кезінде жабдықтаушылардың конкурстық өтінімдерін ескеріп, құжатта көрсетілген сарапшылардың болуын талап еткен дұрыс, – деді Ғ.Тәжібаев.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале