Кеңестік замандағы октябрят, пионер, комсомол деген ұйымдар болғанын аға толқын жақсы біледі. Ол кездегі жас ұрпақ тәрбиесінің идеологиясы осы жүйе арқылы жүретін-ді. Жас толқын комсомол қатарына өтуді абырой санаушы еді. Кейін комсомол мүшелерінің маңдайалдысы коммунистік партия қатарына өтіп, елдің саяси өміріне араласатын. Коғамдық ұйымның бүкіл тарихында оның мектебінен 200 миллион адам өтті. «Жайық Пресс» медиахолдингінде өткен басқосуда бір топ еңбек ардагері осы тақырып пен қазіргі кездегі жастар тәрбиесі мәселелерін қаузады.
Биыл шілде айында Алматыда «Қазақстан комсомолдары ардагерлерінің кеңесі» ұйымының төрағасы Серік Сейдумановтың ұйымдастыруымен Қазақстан комсомол ұйымының 100 жылдығына орай шара өтті. Оған өңірімізден бұрынғы комсомол қайраткерлерінің бір тобы қатысты. Аға ұрпақ өкілдері сол сапардан алған әсерлерімен бөлісті. Сондай-ақ жиын барысында комсомол ардагерлерінің бір тобына аталмыш ұйымның алғысхаты, мерейтойлық төсбелгілер мен куәліктер табыс етілді.
– Ол уақыттағы комсомол мүшелерінің энтузиазмі, Отанға деген сүйіспеншілігі бөлек-тұғын. Атадан балаға мирас болған салт-дәстүрімізді сақтап, ақ жаулықты әжелеріміздің «Ешкімнің ала жібін аттама», «Адал бол» деген сықылды адамгершілік құндылықтарға тәрбиелейтін өсиет-ақылдарын санаға сіңіріп өскенбіз. Комсомол – жастарға тәрбие, кадрлар резервін қалыптастырушы мектеп болды. Ол кездегі балалар мектеп қабырғасынан октябрят, пионер, комсомол қатарына өтіп, елжандылыққа, қоғамның қажетіне жарауға тәрбиеленетін. Мемлекет адамның өмір сүруіне барлық жағдайды жасайтын да соның өтеуі ретінде қоғамға адал болуды талап ететін. Замандағы қиындықтар, түрлі тарихи оқиғалардың алдыңғы шебінде комсомолдар жүрді. Ұлы Отан соғысындағы, одан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезіндегі комсомолдың еңбегі мен ерлігін жоққа шығаруға болмайды. Тарихты сызып тастай алмайсыз. Өзімді комсомол тәртіптілікке, отбасым мен тума-туысқандарыма ғана емес, қоғам пайдасына жарауға үйретті. Қоғамға деген жауапкершілікке, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға баулыды. 1973 жылы институтты бітіріп, бұрынғы Фурманов ауданындағы «Талдықұдық» кеңшарындағы бөлімшеде зоотехник болып еңбек жолымды бастадым. Кейін «Красный партизан» кеңшарында төрт жыл бас зоотехник болдым. Сол кездегі аудандық партия комитетінің І хатшысы Кенжебек Меңдәлиевтің ұсынысымен жастар мені аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. Ой-өрісімнің өсуіне, өмірлік ұстанымымның қалыптасуына осы ұйым әсер етті. Адамдардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, қоғам мүддесіне қызмет етуге бағыт берген де комсомол дер едім. Ол кезде еңбек адамы дәріптелетін, қалған қызметтің барлығы еңбек адамына жағдай жасауға бағытталатын. Бір сөзбен айтқанда, біз жасампаз еңбекпен өмірді жайнатуға ұмтылған. Сол дәуірдің жалынды жастары едік, – деді Айдар Батырханов.
Қазіргі заман бөлек. Дегенмен тәрбие жұмыстары жас буынның санасына жететін, ойға қонымды, жаңа пішінде ұйымдастырылуы керек десті жиынға қатысушылар. Роза Көжекова облыстық газеттердің балалардың, ұл-қыздың тәрбиесіне көңіл бөліп отырғанын қуана жеткізді. «Оқушылардың жетістіктерін, озық тәжірибеле-рін көпке насихаттай берген жөн. Газет – мықты идеологиялық құрал», – деді ол. Комсомол ардагері Бәтес Есмағұлова кеңестік заманда басшылық кадрлар резервін дайындау жұмыстарының комсомолдың жауапкершілігінде болғанын еске алды.
«Бүгіндері байтақ елге танымал азамат Шафхат Өтемісовті Чапаевта 8-класс оқып жүргенде БЛКЖО-ның ХVІІІ сиезіне апарғанмын. Ересек 11 адаммен жалғыз бала барды. Көп балалы отбасында өсті, жақсы оқыды. Сиезден келгеннен кейін оны сынып жетекшісі басқа сыныптардағы шәкірттермен кездесуге апарып жүрді. Оның белсенді өмірі осылайша басталды. ҚР Парламентінің депутаты болды. Барлық жақсы қасиеттер бала кезден қалыптасады», – деді Бәтес Тұранқызы. Сондай-ақ өзге де ардагерлер «Комсомол – менің өмірім, еңбегім» дей келе, комсомолдың өз өмірлеріндегі орны жайында әңгімеледі.
– Бүгінде ұрпақтар сабақтастығы деген ұғымды ұмыта бастағандаймыз. Комсомол қызметіне келгеннен кейін идеологиялық қызметкер болдым. Каменка ауданына бірінші хатшы болып келгенімде, жұмыс жүруі үшін оны адамдардың санасына жеткізу қажеттігін ұқтым. Кеңес заманында сол ауданда жеке меншіктің қатысуымен жеке газ құбыры тартылды. Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Евгений Башмаков келгенде бюджет қаржысына емес, халықтың жинаған ақшасына салынғанын естіп, «Мынауыңыз революция ғой» деп таң қалғаны есімде қалды. Расында, кеңес дәуіріндегі жастардың санасында жұмыс істеймін, мәселе түйткілін шешемін деген ізденістер болды. Ешкім мәселені жоғарыдан келген біреу шешеді деп қол қусырып отырмайтын. Бастама көтеруге, ел деп емірене еңбек етуге комсомол үйретті. Орта да адамды тәрбиелейтінін жоққа шығармаймыз. Қазіргі кезде ондай тәрбие ортасын көре алмайсыз. Комсомол мүшелерін ортақ мүдде, ортақ тапсырма мен міндет біріктіретін, – деді Табылғали Сапаров. Оның айтуынша, 2003 жылы өңірде комсомол ізімен жастардың заңды тұлғалар бірлестігі қоғамдық ұйымын құруды қолға алған. Грант бөлініп, аудандарда бөлімшелер де құрылып, кейін бұл жұмыс тоқтап қалды. Сол уақыттағы осы ұйымның белсенділері – Мұхтар Дәулетжанов, Марс Сатыбалдиев, Асыланбек Сарқұлов бүгіндері түрлі басшылық қызметтер атқарып жүр.
«Жастарды тәрбиелейтін осындай орта, жүйе болмайынша, ертеңгі жас толқынның қандай болары белгісіз. Өзге елдің қаңсығын таңсық көретін толқын өсіп келеді. Сондықтан елімізде идеологиялық жұмыстарды жандандырмасақ, кеш қаламыз. Кешегі комсомол сондай идеологиялық мектеп болды, жас ұрпақтың санасын қалыптастыруға қызмет етті. Бұл өз кезегінде қоғамдық сананың қалыптасуына әсер етеді. Ұжымдық иммунитет, сергек қоғамдық сана болмаса, елдің ертеңі бұлыңғыр болмақ» деп толғанды ардақты аға-апалар. «Заманауи әлемге идеология қажет емес, бұл – индустриалды дәуірдің сарқыншағы» деген сарында пікір де бар қоғамда. Бүгінде мемлекет жаңа кейіпте дамып, бұрынғыдан бөлек коммуникация каналдары қалыптасты. Адамдарды бір ізбен жүруге күштейтін дайын, қатып қалған сызба жоқ. Алайда жас ұрпақты жалпыұлттық мүддеге, адамгершілікке тәрбиелейтін, кадрлар резервін қалыптастыруда мемлекетке көмектесетін жүйенің қажеттігі айқын сезіледі. Онсыз ғаламдану үрдісінде ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалуымыз әбден ықтимал.
Гүлнәр Шәңгерей,
zhaikpress.kz