29.10.2021, 10:05
Оқылды: 448

Құтты мекен – Қарауылтөбе

Құмдай сырғыған уақыт өткен күнге қол бұлғай, алыстай түскенімен, өмірбақи естен кетпейтін, жадыңнан өшпейтін естеліктер бар.  Солардың біразы Ақжайық ауданындағы Қарауылтөбе ауылымен байланысты. Кезінде Тайпақ ауданында алғаш жасақталып,  «Орал қаракөл» совхозы деп аталған бұл ауылдың құрылғанына биыл 90 жыл толуда. 

c7d7db7c-c135-41cc-9163-166ccc27d702

Алдымен, Қарауылтөбенің тарихына шолу жасап өтейін. Негізі, бұл ауылдың іргетасы 1929 жылы қаланған. Ол кезде 4 үйлі қоныс болыпты. Ал 1931 жылдың қазанында құрылған сол кездегі Тайпақ ауданындағы алғашқы екі шаруашылықтың бірі – №450 ет совхозы («Орал қаракөл» совхозы). Бастапқы кезде 8 жер үй, 1 киіз үй, 57 жерден қазылған кепе, 4 үйден біріктіріліп салынған 8 корпусты тұрғын үй болған. Алғашқы директоры В.Кандалиев деген орыс ұлтының азаматы.

Көнекөз қариялардың айтуынша, Қарауылтөбе ауылындағы алғашқы еңбеккерлер қатарында Хамза Қыдыров, Молдахмет  Теміров, Тасболат Бекқожин, Закон Тоқтағұлов, Ықсан Мералиев, Ж.Қыстаубаев және т. б. азаматтар бар. Ал ҰОС басталған соң ауыл азаматтары майдан даласына аттанған кезде олардың орнын Әсия Құлышева, Айсұлу Есмағұлова, Әсия Қайдауылова, Қайыржан Бәдесова, тракторист Мақпал Жұмағұлова сынды әйелдер басты.

35ad91b9-ac61-4e3c-aada-e714111c7d3d

Қарауылтөбеде 1931 жылы мектеп салына бастады. Сол жылдың 1 қыркүйегінде 1-сыныпта сабақ өтті. Мектеп директоры болған Әбекеш Бәсібеков – кезіндегі «Егемен Қазақстан» газетінде фототілші қызметін атқарған Съезд Бәсібековтің әкесі.

1932  жылы №450 ет совхозынан «Есенсай» кеңшары енші алып бөлініп шықты.

1944 жылы №450 ет совхозының директоры болып жергілікті азамат Сисенбай Сәрсенов тағайындалды. Ол қатардағы малшыдан Тайпақ аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарына дейін көтеріліп, 1937 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Еселі еңбегі үшін Ленин орденімен марапатталды.

Қарауылтөбе – тағдыр  тауқыметімен қоныс аударған жандарға да құтты мекен болған жер. Мәселен, 1942 жылы 10 қарашада Сталинград облысы Красноармейск ауданының №8 совхозынан 50 отбасы мал-жанымен эвакуацияланды. Сол кезде көшіп келгендердің бірі – Василий  Парфенов. Бұл орыс азаматы ол уақытта 39 жаста болатын. Василий зейнетке шыққанша МТМ-да темір ұстасы болып еңбек етіп, совхоз экономикасын көтеруге  өз үлесін қосты. Қыздары қазақ жанұяларына келін болды, өзі жасы жетіп Қарауылтөбеде дүниеден өтті.

2-кк

«Капустин Яр» және «Азғыр» полигондары құрылуына байланысты Орда ауданы таратылғаны белгілі. 1952 жылы Орданың Теректі ауылдық кеңесіне қарайтын «Карл Маркс» колхозынан  177 отбасы, яғни 651 адам, 600 бас жылқы, 3000  қой малымен Қарауылтөбе ауылдық кеңесінің Қырыққұдық ауылына көшіп келді. Келгендердің арасында колхоздың басқарма төрағасы Қарасай Сариев, колхоздың партком хатшысы Қабден Темірғалиев, аға жылқышы Кенже Құрмашев, жылқы фермасының меңгерушісі Қалеш Ғилманов, аға шопан Төлеген Өтешев сынды Социалистік Еңбек Ерлері болды.

Кеңшар 1944-1949 жылдар аралығында №127 түйе зауыты мәртебесін алды. Сол кезде 470 түйе болса, оның 335-і асыл тұқымды санатына енді. 1949-1951 жылдары №127 жылқы зауыты болып жасақталды. Сол кезде Фурманов ауданынан, Ақтөбе облысының «Мұғаджар» жылқы зауытынан көшім, жабы асыл тұқымды жылқыларының бірнеше үйірі әкелінді. Жалпы, осы уақыт аралығында мұнда 1570  асыл тұқымды жылқы малы болған екен.

1950 жылы Қазақстан үкіметі қаракөл қойымен айналысатын шаруашылықтар құру жөніндегі шешім алады. 1951 жылы №127 жылқы зауыты «Орал қаракөл» қой совхозы болып құрылды. Артынша Өзбекстан, Түркіменстаннан  асыл тұқымды қаракөл қойлары  әкелінді. Әкелінген қойлар класына қарай сұрыпталды. Қолдан ұрықтандыру жұмыстары қолға алынды. Көп кешікпей совхозда қаракөл қойы 23 мың басқа жетті.

1957 жылы Елтай Ерназаров, Буденный (Қадырқұл), Чапаев (Қызылжар) атындағы колхоздары біріктіріліп «Орал қаракөл» совхозына қосылды. Статистикалық есеп бойынша сол кезде совхозда 30 мыңға тарта қаракөл қойы болған екен.

1966 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Базартөбе» кеңшар мәртебесіне ие болып, «Орал қаракөл» совхозынан бөлініп шықты.  Соған орай «Орал қаракөл» совхозына Қырқұдық пен Жыланды бөлімшелері берілді.

Айта кетейік, Жыланды – даңқты ақын Жұбан Молдағалиевтің туған жері. Жұбағаңның,

Сұлудай бұраң сыландың,

Жыландым менің, Жыландым.

Мен де бір сенің жыраңмын,

Жыраңнан шыққан жыр-әнім деген өлең жолдары бар.

«Орал қаракөл» совхозының дамып-өркендеуіне Мәди Мусин көп тер төкті. 1970-1990 жылдардағы кеңшар директоры болған ол жұмысты ұйымдастыру мәнерімен, алғырлығымен, мі-незінің өткірлігімен, өмірлік нық ұстанымымен ерекшеленді. М. Мусинді  облысымыздың бірінші  хатшысы болған Мұстахим Ықсанов 1978 жылы шыққан «Қазақстан миллиарды» атты кітабына да енгізді. Онда «Батыс Қазақстан облысының  экономикасы мен ауыл шаруашылығын дамытуда қабілетті кадрлар өсіп, істе шынықты.  Солардың бірі – «Тайпақ» ауданындағы «СССР-дің 50 жылдығы» атындағы кеңшардың директоры  Мәди Мусин  еді»  деп  жазылған.

«Орал қаракөл» совхозы бес жылдық жоспарды асыра орындап, халықтың әл-ауқатын, елдің экономикасын көтеруде, мал басын көбейтуде, одан алатын өнімдерді арттыруда жақсы нәтижелерге қол жеткізді.  Соған орай 1972 жылы КСРО-ның 50 жылдығы атындағы совхоз атанды. Сол жылы совхозда 32 мың  қаракөл қойы,  5 мың  ірі қара, 1500 бас жылқы болды. Әр жүз саулықтан 115 қозы алынып, мемлекетке 16 мың дана қаракөл елтірісі өткізілді. Үш жыл ішінде  50133 дана қаракөл тапсырылды. Оның 81 пайызы 1-сортпен  қабылданды. 19 200 қозы өсімге қалдырылды.

Совхоздың бөлімшелерінде кең әрі жарық тұрғын үйлер салынып, алдымен малшылар мен механизаторларға берілді. Шаруашылықта қажетті техника паркі жасақталды. Қызыл кірпіш шығаратын механикаландырылған шағын зауыт жұмыс істеді. Онда жылына 700-900 мың дана күйдірілген кірпіш шығарылатын.

Совхоздың бөлімшелерінде де әлеуметтік нысандар салына бастады. Қырқұдық бөлімшесінде сегіз жылдық мектеп-интернат, Жыландыда бастауыш мектеп бой көтерді. Совхоз орталығында типтік үлгідегі 464 орындық орта мектеп, совхозаралық 70 орындық аурухана  салынды.

Шаруашылықтың малын бағудағы еңбектері үшін аға шопан Оразбай Оспанов, Қырмызы Нұрғалиева Ленин орденімен марапатталды. Қырмызы Нұрғалиева – 1959-1964 жылдардағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған бірден-бір әйел адам. Сонымен қатар малды өз төлі есебінен көбейтудегі еңбегі үшін аға малшы Жұмазия Жұмағалиева, совхоз директоры Мәди Мусин «Ұлы Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, ферма басқарушысы Молдан Есмағұлов «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, малды өз төлі есебінен өсіруде аға шопандар Елеукен Қонаққалиев, Әмір Айсағалиев, Әлекеш Мұрсалимов, Қарақаш Топышев, Қабдолла Өтегенов, аға жылқышы Сүйеш Қалкеевтердің  еңбегі  бір  төбе.

Кеңшарды 1990-1997 жылдары Мәлік Түрікпенов басқарды. Бұл жылдары егіншілікке де көңіл бөлінді. Егістік көлемі 4000 гектарға дейін ұлғайтылды. Күздік қара бидай егілді. Жайылымды дұрыс пайдаланып, шығынды аз жұмсап, табиғи ресурстарды орынды тұтынуға жіті назар аударылды. Ірі қара малы 12-15 айлығынан екі жасқа дейін интенсивті жолмен семіртіп, екі жасында 450-500 келіден кем емес салмақпен етке өткізілді. Жаңа басшының жаңа жобаларының нәтижесінде шаруашылық ісі алға басып, тоқырауға дейін жақсы жұмыс істеді.

Шаруашылықтың №1 бөлімшесінде асыл тұқымдықаракөл қойы өсірілді. Бөлімшені Қален Нұралин, кейін Сатыбалды Омаров, Ғиззат Ихсанов басқарды. №2 Қырыққұдық бөлімшесіне Мағау Бектұрсынов, Манарбек Есенғұлов жетекшілік етті. №3 Жыланды бөлімшесін «Халықтар достығы» орденін алған Молдан Исмағұлов басқарды. Ол кісінің жады мықты болатын. Фермада 3000 бас ірі қара, 1500 бас жылқының жартысына жуығының құлағындағы нөміріне дейін жатқа білетін еді. Жұмыс дегенде шаршауды білмейтін, жазды күні механизаторларға ұйқы бермей, таңғы төртте оятып жұмысқа шығаратын.

1992 жылдың 18 тамызы – Тайпақ өңірі тарихында ұмытылмас ерекше күн. Сол күні КСРО-ның 50 жылдығы атындағы «Қаракөл» совхозының «Қосбармақ» малшылар қонысына ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және мәртебелі меймандар Татарстан Президенті Минтемір Шаймиев, Башқұрстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Мұртаза Рахимов, облысымыздың сол кездегі басшысы Нәжімеден  Есқалиев  келді.

Малшылар қонысында олар ақсақалдармен, малшы-шопандармен кездесті. Ұлы Отан соғысы ардагерлері Құжат Ихсанов, Молдан Исмагұлов, еңбек ардагерлері Мәди Мусин, Тобанияз Табылдиев және басқалары аудан-ауылдағы толғағы жеткен проблемалар туралы айтты. Жергілікті тұрғындар ауыз сумен қамту мәселесін, жолдардың сапасының төмендігін жет-кізді. Мемлекет, облыс басшылары тәуелсіздікті енді алып жатқан еліміздің болашақта әлеуметтік-экономикалық ахуалы оңалып, аудан-ауылдардағы өзекті мәселелер біртіндеп шешімін табатынына сенім білдірді. Иә, айтылғандай, бүгінде бұл мәселелер шешімін таба келді. Ауылға су, газ келді. Жолға, Азынабай-Тайпақ суландыру жүйелеріне жөндеу жұмыстары басталып жатыр, елде басқа да жағымды жаңалық көп.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, 90 жылдық тарихы бар Қарауылтөбенің осы жолы кейбір сәттерін қағазға түсірдік. Ауылдың тарихына қатысты жайттар, туған жерін өркендетіп, әлеуетін еселей түсуге тер төккен қарауылтөбеліктер туралы әлі де жазыларына сенім мол.

Ғиззат Құжатұлы,

еңбек ардагері

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале