29.10.2021, 11:45
Оқылды: 32

Алаяқтарға алданып қалмаңыз!

Алаяқтық – Қазақстанда ең көп таралған қылмыс түрлерінің бірі. Алаяқтықтың түрлері мен жасалу әдістері әртүрлі болуы мүмкін. Ақпараттық технологиялардың, интернет жүйесінің дамуымен және олардың қолдану аясының кеңеюімен қатар алаяқтықтың, соның ішінде интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болуда. Биылғы жылдың 9 айында Жаңақала ауданы бойынша барлығы 14 алаяқтық дерегі тіркелсе, соның ішінде 6 немесе 41% интернет жүйесін пайдалану арқылы жасалған алаяқтық.

Алаяқтарға алданып қалмаңыз!.docx

Интернет-алаяқтықтың бір ерекшелігі – қылмыскерлер тек  Қазақстанда ғана емес, одан да тыс жерлерде де әрекет ете береді, яғни қылмыстың бұл түрі халықаралық сипатқа ие.

Аталмыш қылмыстарды ашу өте қиынға соғады. Өйткені оларды ақпараттық технологиялардың көмегімен жасайды. Олар тіркелу кезінде де, ақша алу кезінде де дербес деректерін жасырын ұстайды.

Карта аударымдарын зерделеу үшін асқан мұқияттылықты, тынымсыз терең талдауды, ақыл-ой сергектігін, ұзақ уақытты қажет ететін көптеген операциялар мен басқа да рәсімдік іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс.

Азаматтардың интернет-алаяқтық туралы әрбір өтініші бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі. Ол үшін біздің тарапымыздан белгілі бір сот-тергеу тәжірибесі жолға қойылып, қылмыстарды ашу және тергеу әдістемесі әзірленеді.

Кез келген азамат жасына, тұрмыстық жағдайына, ұлтына қарамастан осындай қолсұғушылық құрбаны болуы мүмкін.

Интернеттегі алаяқтықтың көп таралған негізгі түрлері:

Банктің қауіпсіздік қызметтері- алаяқтар банк клиенттеріне «банктің қауіпсіздік қызметі» немесе «қаржы мониторингіқызметі» деген желеумен қоңырау шалып, карта бойынша күдікті операция жүріп жатқанын хабарлайды. Ақшалай қаражатқа араша түскен сыңай танытып, клиенттің шотынан ақша ұрлау үшін оны бірқатар әрекеттер жасауға мәжбүр етеді. Сондай-ақ бәрі шынайы болып көрінуі үшін олар банктердің және басқа да құрылымдардың ауысып кеткен нөмірлерінен қоңырау шалады. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден Қазақстан Республикасының абоненттік және стационарлық нөмірлеріне хабарласуы мүмкін. Әрі қарай алаяқтық оқиғаның желісі бірнеше сценарийлер бойынша жүреді.

Алаяқтар картаның төлем деректерін (16 таңбалы нөмір,иесінің аты-жөні, жарамдылық мерзімі және артқы жағындағы үш таңбалы код, сондай-ақ банктен СМС-пен келген код) біліп алуға тырысады немесе жеке кабинетке кіретін деректерді алдау арқылы қолға түсіреді.

Кейде сөйлесу кезінде алаяқтар «телефон жақсырақ қорғалуыүшін» арнайы қосымшаны (мысалы, AniDesk, TeamViewer) орнатуға кеңес береді. Олар осы қашықтан кіру және басқару бағдарламасының көмегімен жәбірленушінің онлайн-банкіндегі жеке кабинетіне кіріп, сол жердегі ақшаны өз шотына аударып алады.

Кез келген жағдайда сізге арнайы қосымшаны телефонынызға көшіруді сұраса, көшірмеген абзал.

Қашықтан қол жеткізу бағдарламалары сақтаулы тұрған барлық ақшаны ұрлауға ғана емес, сонымен қатар мобильді қосымша көмегімен клиентке ұсынылатын несиені мақұлдатудың амалын тауып, қарызға алынған қаражатты  «қалтаға басуға» көмектеседі.

Сондай-ақ қоңырау шалу кезінде алаяқтар өз құрбанын банкоматтағы ақшаны шешіп алып, оны «қаражатты құтқаруға арналған арнайы шотқа» салуға көндіреді.

Сатып алу туралы хабарландыру - интернетте алаяқтар көптеген жарнамаларды зерделеп отырады. Кезекті «құрбанды» нысанаға алып, олар мессенджер арқылы онымен хат алмасады және сатып алуға келіседі. Ақша аудару үшін алаяқтар сілтеме жібереді. Былай қарағанда, сілтеме ешқандай күдік тудырмайды, бірақ оны басқан кезде пайдаланушы фишинг сайттан бір шығады. Бұл сайтта банк картасын, CVV-кодын, ЖСН көрсете отырып, сауалнаманы толтырып, ақша аударымын күту ұсынылады.

Алайда банк картасының деректемелері толтырылғаннан кейін ақша ізім-қайым жоғалады. Жоғарыда көрсетілген деректемелерді қолға түсірген алаяқтар карта шотындағы барлық ақшалай қаражатты лезде ұрлап кетеді. Осыдан кейін сайт бірнеше секунд ішінде бұғатталады және ізі де қалмайды.

Тауарларды әлеуметтік желілерде жарнамалау және сату- алаяқтар «OLX», «krisha.kz», «kolesa.kz» және т.б. әлеуметтік желілерге жалған тауарлар туралы,оның ішінде автомашиналарға, қосалқы бөлшектерге нарықтан төмен тиімді бағамен тапсырыс беру туралы жарнамалар орналастырады (олар алғытөлем немесе толық сома алынғаннан кейін жоқ болып кетеді). Сізді аяқ астынан дүрліктіреді. Сатып алушыға алдын ала төлем жасамаңыз, бұл өнімді алғысы келетіндердің саны көп деген уәж айтылады бұл жағдайда сатушымен бейнеқоңырау арқылы хабарласыңыз немесе осы тауарды қолыңызға алмайынша, алдын ала төлем жібермеңіз.

Тауар алған жағдайда ең бірінші сатушының жеке куәлігінің көшірмесін сұраңыз, тауарды жан-жағынан бейне байланыс арқылы көрсетуді сұраңыз. Тауардың барына көз жеткізгеннен және сатушының нақты кім екенін анықтағаннан кейін ғана сатып алуды жүргізуіңізге болады.

Онлайн-несие рәсімдеу- Алаяқтар әртүрлі жолмен, соның ішінде үшінші тұлғалар арқылы толық банк деректемелерін (банк картасының нөмірі, ЖСН, жеке куәлік нөмірі) «Біреу ақша жіберуі керек, өзімнің банк картам жоқ немесе уақытша бұғатталған» деген сылтаумен біліп алуға тырысады. Толық деректемелерді біліп алғаннан кейін сол адамның атына ұялы байланыс құралдары арқылы немесе дербес компьютер арқылы онлайн-несиелер рәсімдейді.

Әр жағдайда Сізге несие рәсімделіп жатқаның хабарлап немесе басқа да операциялар жүргізіліп жатқаны жөнінде хабарлаған жағдайда өзіңізге қызмет көрсететін банктің ресми түрде тіркелген қауіпсіздік қызметіне хабарласыныз. Ол үшін өзіңіздің ұялы телефонынызға банктің қауіпсіздік қызметінің нөмірін сақтап қойыңыз.

Табысқа жеткізу - алаяқтар бұдан басқа да психологиялық тәсілдерге жүгінеді. Мысалы, бір бума ақшаның (жалған) және қымбат автокөліктің (өзінің емес) суретін, көбісі кепілдік үшін өз төлқұжатының суретін салғандай болады. Бірақ төлқұжаттағы адам мен алаяқ екеуі екі адам болып шығады. Әлеуметтік желілердегі парақшаларда көптеген риза болған клиенттердің пікірлері де бар. Бірақ оларға иланбағаныңыз жөн. Бұл жалған, яғни фейк парақшалар, әсіресе мақтау үшін арнайы құрылған. Бұл пікірлердің бәрі де шындық емес. Бұндай алаяқтық түрін қаржылық пирамида деп атайды.

Қаржылық пирамида көбіне басқа елде құрылады. Қазақстан аумағында бөлімшелерін ашып, ресми түрде жұмыс жасайтынын көрсету мақсатында көзбояушылықпен айналысып салымшылардың саның бірнеше мың адамға жеткізгесін «тойынғаннан кейін» төлемдерді тоқтатып, ақшаларды шетелге шығару арқылы жоқ болады. Оған мысал «МММ» пирамидасы.

Жұмысқа орналастыру – алаяқ адамдар, әсіресе ауылдық жерлерде жұмыс жоғын пайдалану арқылы «вахталық» жұмысқа орналастырам деген сылтаумен ақша салу керектігін айтады.

Алайда, көптеген жағдайда ақша берген адамдар не жұмыс жоқ, не ақша жоқ дымсыз қалу фактілері орын алуда.

Сондықтан «жұмысқа орналастырушыларға» кепілдік болмай ақша аудармаған жөн. Жұмысқа орналасу үшін ресми түрде тіркеуден өткен ұйымдарменен ресми келісімшарт тұрғызған абзал.

Тума-туысқаңдарынызды қылмыстық жауапкершілікке тарту – алаяқтығы негізінен сізді танитын адамдар жасауы мүмкін. Сізге ұялы телефонызға полиция қызметкері ретінде хабарласып, сіздің тумаңыз қылмыс жасағаны үшін полиция бөліміне жеткізілгендігін хабарлап, қысқа мерзімде көрсетілген есепшотқа қаражат аудару қажеттігі айтылады.

Аталған алаяқтықтың алдын алу мақсатында нақтылап қандай бөлімге жеткізілгендігі, кім деген тергеуші, жедел уәкіл немесе полиция қызметкері ұстағанын нақтылап анықтап алыңыз. Алаяқпен сөйлескеннен кейін ұсталған тумаңызға телефон соғыңыз. Алмаған жағдайда таныс достарына хабарласыңыз. (алаяқтар ұялы телефоны өшіп тұрған немесе байланыс аясынан тыс жерде болған уақытта соғуы мүмкін).

Алаяқ телефон соққанына көзіңіз жеткеннен кейін 102 нөміріне хабарласыңыз.

Интернет-қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін келесі қауіпсіздік шараларын сақтап жүріңіз:

-өзіңіздің төлқұжат және өзгеде дербес деректеріңізбен бөліспеңіз. Өзін банк қызмеркерімін деп таныстырса да банк карталарыңыздың нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келіп түскен SMS құпиясөздерді ешкімге хабарламаңыз.

-Жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығыңыз, әсіресе ұсақ жазуларға көңіл бөліңіз;

-Тиімді ұсыныстарға сын көзбен қараңыз, елемей кетсеңіз тіпті жақсы, ақшаңыз қалтаңызда  қалады;

- Тауар сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз;

- Белгісіз адамдардың атына ақша аудармаңыз;

- Тым тартымды немесе күмәнді шарттармен мәміле жасауға асықпаңыз;

- Қашықтан төлем жасау кезінде картаға шығын лимитін орнатыңыз және жасалатын транзакциялар санын шектеңіз;

- Өз құжаттарыңызға (жеке куәлік, банк картасы) мұқият болыңыз, құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермегеніңіз жөн. Өйткені бұдан кейін қастық ойлаушы қаржы ұйымдарында сіздің атыңызға микроқарыз рәсімдеу мүмкіндігін мүлт жібермеуі мүмкін.

Ғ.Мұхитов,

Жаңақала ауданының прокуроры                                         

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале