29.10.2021, 12:45
Оқылды: 58

Күйші Полина

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп бекер айтпаған. Домбырада сан ғасырлық халықтың күйі бар. Қазақ халқының қуанышы да, қайғысы да күмбүрлеген күйі мен әуелеген әнінде. Өткен ғасырдағы, бұралаң саясат бұрмауында тарихымызбен қатар мәдениетіміз де кенжелеп, құдіретті өнерімізді жоғалта жаздағанымызбен әкенің қаны, ананың сүтімен бойға сіңген ұлттық өнер елден бөлінбей, сын сағатта жадымызда қалды. Ал егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіздік аспанына төбеміз тиген соң мәдени мұрамыз жыңғыра түсті.

IMG-20211028-WA0140

Кешегі Диналардың ізін жалғар ізбасарлары көптеп шығып, қазақ өнері өзгелерді де қызықтыра түсті. Етек-жеңімізді жиып, ел болған шақта ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, өнеріміз жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде тәуелсіз елдің ұлық өнерін ұмыт етпей, көпке үлгі етіп жүрген талантты жандар көп. Солардың бірі – переметныйлық Полина Ищенко.

Жастайынан өнерге құмар болған  Полинаның есімі өнерсүйер ағайынға етене таныс. Қазақтың қара домбырасын арқалап талай сында бәйге салған ол облыстық, республикалық байқауларды былай қойып, Ресей Федерациясы Орынбор қаласында өткен халықаралық байқауда домбыраның қоңыр үнін паш етіп, бәйге салғаны ел есінде.

Он жылдан астам уақыт домбыраны жанына серік еткен Полина аудан орталығы Переметный ауылында 2001 жылы дүниеге келген.

Бала күнінен өнерге құмартқан қызды ата- анасы сегіз жасында аудандық саз мектебіне ертіп барып, домбыра үйірмесіне жаздырыпты.

-Ата-анам қазақ елінің азаматы болған соң, ұлттық өнер мен мәдениетіне жақын болуымыз керек екенін әрдайым айтып отырады. Сол себепті мені домбыраға жазған. Өнерге баулып, домбырамен қауыштырған ата-анам мен ұстаздарыма алғысым шексіз, – дейді Полина.

Кейіпкеріміз музыкалық мектепті бітіргеннен кейін өнер жолын жалғастырып, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне түсіп,  аспапта орындау мамандығының домбыра класын тәмамдаған. Қазіргі таңда өзінің алғаш білім алып, музыкаға қызығушылығы оянған алтын ұя мектебінде, кешегі ұстаздарына әріптес атанып, домбыра сыныбында сабақ береді.

-Өнердің арқасында еліміздің әр аймағында болып, жаңа достар таптым. Күй құдіретін сезіндім. Қазақ елінің мәдениеті мен өнеріне шын берілдім. Қазір бар білгенімді балаларға үйретіп жүрмін. Мен таңдауыма еш уақытта өкінбедім және де ешқашан өкінбеймін, – дейді Полина Ищенко.

Аудандық саз мектебінде алты жыл бойы Ағипа Шакеновадан тәлім алған. Алғашқы әрі жалғыз тәлімгері оған домбыраны ұстаудан бастап, күйдің неше түрін үйреткен. Ол ұстазының еңбегін жоғары бағалайды.

-Менің домбырада үйренген алғашқы туындым «Во саду ли, в огороде» деп аталады. Оны үйренгендегі қуанышым, ата-анама орындап бергенім әлі есімде. Бүгінде оқушыларымды да ең бірінші кезекте сол туындымен таныстырамын, – дейді Полина.

Осы күні домбыраның құлағында ойнайтын кейіпкеріміз біраз туындыны нақышына келтіре орындағанымен «Ақжелең» күйін ерекше жақсы көреді. Тіпті ол күй оның сүйікті шығармасы екенін де жасырмайды. Екі жылдан астам уақыт үйренген аталмыш туындыны ата-анасы да ерекше ұнатады екен. Отбасы түгел жиналған шақта үйдің үлкендері Полинадан «Ақжелеңді» орындап беруін өтінеді екен.

Болашақта кейіпкеріміз жоғары оқу орнын бітіріп, өнерін биік деңгейге көтеруді көздейді. Өзін осы саладан басқа мамандықта елестете алмайтын Полина шәкірттері ол бағындырған белестен асып түскенін қалайды.

Назерке Сыйлыбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале