1.11.2021, 9:56
Оқылды: 31

Орал гарнизоны әскери прокуратурасының құрылу және қалыптасу жолы

Еліміздің Қарулы күштеріндегі конституциялық тәртіп пен заңдылықты сақтауда, сондай-ақ құқықбұзушылық салдарының алдын алу барысындағы шараларды жіті бақылайтын құзырлы орган – әскери прокуратура. Осынау 24 жылдық тарихы бар Орал гарнизоны әскери прокуратурасы қалыптасу мен дамудың ұзақ жолдарынан өтті. Оның тарихындағы маңызды кезеңдерге тоқтала кетуді жөн көрдік.

DSC_8847

Тарих – өткенге сабақ, келешекке – өнеге

 Алғашқыда 1991 жылдың 6-шы желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды.

Ал 1991 жылдың 16 желтоқсанында егемендік жарияланып, Кеңес одағы тарағаннан кейін Тәуелсіз еліміздің қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерін құру туралы» Жарлығымен елді қорғайтын көп Қарулы күштері әскерлері құрылды.

Бұл ретте еліміздің жас армиясындағы темірдей тәртіп пен заңдылықтың сақталуын, орындалуын қадағалайтын әскери прокуратура құрылуы қажет болды.

Осыған байланысты 1994 жылы 12 ақпанда Елбасының Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатта прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидалары анықталды.

Конституциямызда және Президенттің 1995 жылғы «Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Заң күші бар Жарлығында көрініс тауып, бекітілді. Конституцияның 83-бабындағы прокуратура туралы негізгі ереже прокуратураның бірыңғай орталықтандырылған дербес жүйе екендігін жариялап берді. Сөйтіп прокуратура республикамыздың мемлекеттік билік органдары жүйесінде өзінің конституциялық орнын еншіледі. Елбасына ғана есеп беретін және Республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратын республика прокуратурасы Конституцияның, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының берік сақталуы тәрізді міндеттерді жүзеге асырудың құқықтық тетігі болып табылады.

Прокуратура заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Жинақтап айтсақ, республика прокуратурасы өз өкілеттігін Ата Заңымыз бен заңдарымызға сәйкес жүзеге асырады.

????????????????????????????????????

Орал гарнизоны әскери прокуратурасының құрылу тарихы

 Жалпы әскери прокуратураның құрылу тарихы, 1992 жылдың 17 ақпанында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы құрамында әскери прокуратура басқармасы құрылды. Кейіннен бұл басқарма Бас әскери прокуратура болып қайта құрылды.

Ал тарихқа көз жүгіртсек, сонау 1962 жылғы 12 қаңтарда Ақтөбе облысының Ембі қаласында 68980 әскери бөлімінің әскери прокуратурасы құрылды, ол Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Орал облыстарының аумағында орналасқан әскери бөлімдер мен мекемелерге, сондай-ақ Ембі-5 4-ші Мемлекеттік полигонын салуға тартылған арнайы бөлімдерге қызмет көрсетті.

Одан кейін 1966 жылы 19 наурызда 68980 әскери бөлімінің әскери прокуратурасы Ембі гарнизонының әскери прокуратурасы болып қайта құрылды.

Еліміз егемендік алған алғаш жылдарында Қазақстан Республикасы Әскери прокурорының 1995 жылғы 4 шілдедегі «Ембі гарнизонының әскери прокуратурасын көшіру және қайта атау туралы, Арыс, Қызылорда және Ембі-9 қалаларында прокурорлық-тергеу учаскелерін құру туралы» бұйрығымен Орал гарнизонының әскери прокуратурасы құрылды.

Аталған қысқа мерзім ішінде қызмет істеп жүрген қызметкерлер мен кадрлар резервінен қызметкерлерді іріктеу және тағайындау, прокуратураның материалдық базасын жарақтандыру бойынша жұмыс ұйымдастырылды және сол күннен бастап Орал гарнизонының әскери прокуратурасы қадағалаудағы аумақта құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайту бойынша өз қызметін бастады.

Қазақстан Республикасы Әскери прокурорының 1995 жылғы 5 шілдедегі бұйрығымен Орал гарнизонының ең бірінші (алғашқы) әскери прокуроры болып әділет капитаны Өтешев Давлет Ыбырайұлы тағайындалды.

Ал сол кездегі Орал гарнизоны әскери прокуратурасының алғашқы тергеушілері болып лейтенанттар Желдібаев Абай Сайдвакасұлы мен Насыров Гали Ирикович қызмет атқарды.

Әр жылдары Орал гарнизоны әскери прокуратурасында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға әскери прокурорлар Сайлаубек Қайсарұлы Қайсаров (1996 жылдан 1998 жылға дейін гарнизон прокуроры), Мұзиақбар Әмірұлы Айдаров (1998 жылдан 2002 жылға дейін гарнизон прокуроры), Асқар Сәбитұлы Тамаев (2002 жылдан 2005 жылға дейін гарнизон прокуроры), Данияр Әсетұлы Әділхан (2005 жылдан 2009 жылға дейін гарнизон прокуроры), Айтуған Қадыржанұлы Бижанов (2009 жылдан 2010 жылға дейінгі гарнизон прокуроры), Ерболат Ермурзаұлы Көшенов (2010 жылдан 2011 жылға дейінгі гарнизон прокуроры), Жапархан Ардақ (2011 жылдан 2012 жылға дейінгі гарнизон прокуроры), Тұрәлі Бәкірұлы Бәкіров (2012 жылдан 2014 жылға дейінгі гарнизон прокуроры) басшылық жасап, елеулі үлестерін қосты.

Бүгінгі таңда 2014 жылдың қарашасынан бастап Орал гарнизонының әскери прокуроры  қызметін әділет полковнигі Алтынбай Ермекбайұлы Раев атқаруда.

Сондай-ақ Орал гарнизоның әскери прокуратурасының жедел және техникалық құрамында өз саласының хас шеберлері мінсіз қызмет атқаруда. Атап айтсақ: 2015 жылдың қазанынан бастап Орал гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры, әділет капитаны Эльдар Сағантайұлы Шукатов, 2020 жылдың қаңтар айынан  бастап Орал гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры – әділет подполковнигі Қасен Жүсіпұлы Рахматулин, 2019 жылдың сәуірінен бастап Орал гарнизоны әскери прокуратурасының прокуроры, әділет лейтенанты Нұржан Нұрданұлы Дүйсекеевтерді мақтанышпен айтамыз.

Орал гарнизоны әскери прокуратурасының басшылығы мен ұжымы күнделікті тынымсыз жұмыста гарнизон прокуратурасының ардагерлеріне де қамқорлық көрсетуді ұмытпайды. Гарнизон прокуратурасы қызметкерлерінің ішінен әскери прокуратура органдарының ардагері есімінің толық құқығына ие болған адамды запастағы әділет майоры Молдашев Тимуркан Қадырбайұлы деп атауға болады.

Өз кезегіндде запастағы әділет майоры Тимуркан Молдашев зейнетке шығар алдында Орал гарнизоны әскери прокурорының аға көмекшісі лауазымында әскери қызметін өтеп және әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша зейнетке шығарылды. Құрметті демалыста жүрсе де Тимуркан Кадырбайұлы прокуратура қызметкерлерімен тәжірибе алмасып, жас қызметкерлерге кеңестер бере отырып, көмек көрсетуді жалғастыруда.

Бұл ретте Орал гарнизоны әскери прокуратурасының  қызметкерлері де ардагерге жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіп, оны лайықты еңбек жылдары үшін, қолдан келгенше көмек көрсетуде.

Сонымен қоса, спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата - бабаларымыз “Тәні саудың – жаны сау” - деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады. Осы орайда Орал гарнизонында әскери прокурордың кубогі  үшін волейбол және футболдан спорттық шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады.

????????????????????????????????????

Әскердегі заңдылық пен тәртіпті қадағалайтын құзырлы орган

Орал гарнизонының әскери прокуратурасы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында орналасқан және Батыс Қазақстан облысының бүкіл аумағын қамти отырып, Орал гарнизонының 20-дан астам әскери басқару органдары мен мекемелерінде прокурорлық қадағалауды жүзеге асырады.

Гарнизонның ерекшеліктерінің бірі Қазақстан Республикасымен көршілес мемлекет – Ресей Федерациясымен шекаралас аудандарда болғанын атап өтуге болады. Облыс Ресей Федерациясының бес облысымен - Астрахань, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор облыстарымен шектеседі. Ресеймен шекараның жалпы ұзындығы 1564 шақырым құрайды.

Ең үлкен және маңызды бағыттың бірі - ол Мәскеуге тіке апаратын Самара қаласы арқылы өтіп жатқан күре жол. Осы шекара аймақтарында әскери қызмет ететін шекара қызметінің әскери қызметшілері қорғаныс қабілетінің кемелдігін және тыныштығын күзететін әскери  болса, әскери тәртіп пен олардың құқықбұзушылық салдарын алдын алу барысындағы шараларды жіті бақылайтын құзырлы орган – әскери прокуратура. Бұл ретте, Орал гарнизонының әскери прокуратура қызметкерлері Орал гарнизонына қарасты осы мемлекеттік шекараны күзететін шекара қызметінен басқа әскери бөлімдер мен өзге де құрылымдарда заңның орындалуын жіті қадағалайды.

Тағы бір қызықты жайт, ол Орал гарнизоны әскери прокуратурасының орналаскан ғимараты. Бұл ғимарат Орал қаласының қақ ортасында бұрын Достық-Дружба даңғылы аталса, ал 2020 жылдан бері Назарбаев даңғылында орналасқан.

Ғимарат 1878 жылы сол кездегі жергілікті көпес тұрғызған деген мәлімет бар. Кеңес одағы билікке келгеннен бері бұл ғимаратта  өкіметтің мемелері орналасып келген. Оның ішінде анық мәлімет бойынша 1919 жылы әскери  төтенше комитеті орналасқан, ол туралы ғимараттың қабырғасына ілінген  тақташада бар. Қазіргі таңда осы ғимарат мемлекет қорғайтын еліміздің сәулет мұрасы болып табылады.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы өткізген конкурс нәтижесі бойынша Орал гарнизоны әскери прокуратурасының ғимараты "20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқан ғимараттар арасындағы ең үлгілі ғимарат" номинациясында 3-орынға ие болды, осы үшін Орал гарнизонының әскери прокуроры әділет полковнигі А.Раев Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының алғысхатымен марапатталды.

Қазіргі уақытта Орал гарнизонының әскери прокуратурасы жұмыс қарқынын төмендетпей, сонымен бір мезгілде сапасы мен тиімділігін арттыра отырып, қадағалаудағы әскери басқару органдарында заңдылық пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайту және тұтастай алғанда өңірдегі қылмыстық жағдайды сауықтыру бойынша барлық қажетті және барабар шараларды қабылдайды.

Орал гарнизонының әскери прокуратурасының қызметін ұйымдастыру жұмысында оң нәтижелерге қол жеткізу мақсатында қадағалаудағы әскери органдар мен қылмыстық қудалау органдары қызметінің заңдылығын талдау мен қорытындылау негізінде құрылады.

Бұл ретте Орал гарнизоны әскери прокуратурасының қадағалаудағы әскери басқару органдарымен және қылмыстық қудалау әскери органдарымен жұмыс істеудегі үйлестіруші рөлін жеке атап өткен жөн.

IMG-20160421-WA0003

Әсіресе, Орал гарнизонының әскери прокуратурасы аталған органдардың әскери-құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдар жүйесіндегі жауапкершілік шараларын қандай да бір дәрежеде төмендетпей, олардың назарын гарнизондағы істер жағдайының жағымсыз да, оң да өзгерістеріне әсер ететін себептер мен жағдайларды анықтауға аудара отырып, жедел жағдайға тиісті түрде ие бола отырып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарларында тиісті іс-шаралар өткізуді қолға алған.

Сонымен қоса  әскери прокуратураның осы бағыттағы жұмысы, күнделікті жұмыстан басқа, әскери прокурордың төрағалық етуімен гарнизонның ведомствоаралық кеңесінің қызметі арқылы да жүзеге асырылады, оның отырыстары гарнизонда заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жөнінде тиімді және елеулі шешімдер қабылдай отырып, жүйелі түрде өткізіледі.

Сондай-ақ, "Қазақстан –2050" Стратегиясының бағдарламасын  ақпараттық қамтамасыз етумен қатар Мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа  арналған Жолдауларын әскерилер арасында кеңінен  түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары да  белсенді  түрде жүргізілуде.

Сонымен қатар Орал гарнизонның әскери прокуратурасының бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс - қимылдың іргелі базасында жүзеге асырылатын ақпараттық-насихаттық қызметі де Қарулы Күштердің беделін арттыруға елеулі үлес қосуда. Әсіресе, облыстық "Приуралье", "Орал өңірі", "Жайық үні" газеттерінде және республикалық БАҚ-та әскери прокуратура қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік маңызы бар тақырыптарға мақалалары жүйелі түрде жарияланып тұратынын атуға болады.

Сөз соңында айтарымыз, Орал гарнизоны әскери прокуратурасының қызметін прокурорлық қадағалаудың барлық басым бағыттары бойынша жақсарту үшін нақты перспективалар мен мүмкіндіктері де баршылық. Осы орайда  әскери прокуратура ұжымы Отанымызда заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту игілігі үшін табысты еңбек етуде.

                          

 Алтынбай Раев,

Орал гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале