1.11.2021, 10:36
Оқылды: 59

Шағын ауылдағы үлкен жарыс

Бәйтерек ауданы Железнов ауылдық округіне қарасты Новенький елді мекенінде өткен ауылішілік спартакиада тұрғындардың үлкен қызығушылығын тудырды. Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына орайластырылған спорттық шараны округ әкімдігі мен «Бәйтерек» спорт клубы ұйымдастырды.

IMG-20211030-WA0038

     -Бұқаралық спортты дамыту – басты мақсатымыз. Сондай-ақ ауылдағы таланттарды іріктеп, оларды үлкен жарыстарға шығып, өзін танытуға мүмкіндік беруіміз керек. Сол себепті де ауылішілік спартакиада ұйымдастырып, үздіктерді анықтамақпыз. Осы жарыс ауыл жастарын үлкен жеңістерге бастасын, – деді спартакиаданың ашылуында сөз алған Железнов ауылдық округінің әкімі Ербол Сидағалиев.

Сондай-ақ Ербол Меңдіханұлы көп жылдан бері ауылды мазалап жүрген жол мәселесінің шешіліп жатқаны және келер жылы елді мекенде жаңа спорт алаңы ашылатыны жайында айтып, көпшілікті қуантты.

Ауылдағы ағайынды серпілтіп, ересектер мен жастардың басын бір арнаға тоғыстырған додада новенькийлықтар үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, армрестлинг, гір тасын көтеру волейбол сияқты спорт түрлерінен сынға түсті.

IMG-20211030-WA0043

Қорытындысында тоғызқұмалақта сынға түскен ұлдар арасында Г.Жиеналиев жеңімпаз атанса,Т. Мукашев екінші орын иеленді. Ал қыздар арасында үшінші орын А.Ұзақбайқызы, екінші орын А.Мұрат еншілесе, А.Хусаинова бірінші орын иеленді. Одан бөлек шахматшылар да өзара мықтыны анықтады. Ұлдар арасында А.Жалмурзин екінші, Д.Мукашев жеңімпаз атанды. Ал шахматшы қаздар бәсекесіне келер болсақ, үздік үштікті Б.Жиналиева қорытындыласа, екінші орын Р.Досмұхамбетоваға, бірінші орын А.Нигметоваға бұйырды.

Ал үстел тениссі жарысында М.Жұмагелді үшінші, М.Қали екінші, А.Преснов бірінші орын иеленді.

Спартакиадада білек күшін сынаған спортшылар да өздерін танытуға мүмкіндік алды. Гір тасын көтеру сынында Ф.Жалмурзин үшінші, А.Кушубаев екінші орын иеленсе, Т.Дюсенбеев спартакиада жеңімпазы атанды. Ал армрестлинг бәсекесінде үшінші орын Е.Кушубаев, екінші орын А.Жакупов, бірінші орын тағы да Т.Дюсенбеевке бұйырды.

IMG-20211030-WA0096

Новенкийлық ағайынның үлкен қызығушылығын волейбол бәсекесі тудырды. Бұрыннан әуе доп мектебі қалыптасқан ауылдың волейболшылары көпшілікке естен кетпес ойын өрнегін ұсынды. Қорытындысында ауыл үлкендерінің командасы үшінші, студенттер командасы екінші орын иеленсе, мектеп оқушыларынан құрылған ұжым жарыс жеңімпазы атанды.

Спартакиада барысында ауыл ардагерлері үстел теннисінен сынға түсіп, ол жарыста М.Мукановқа тең келер ойыншы табылмады.

Шара соңында барлық жүлдегерлер мен жеңімпаздарды ауылдық округ әкімі Ербол Сидағалиевтің өзі құттықтап, мақтау қағаздары мен медалдар табыстады. Сондай-ақ ауыл спортшыларына волейбол добы тарту етілді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале