Қазақстанда 1 миллионнан астам азаматтың мүлік салығы бойынша 3,4 млрд. теңгеден астам қарызы бар. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінен мәлім етті.
«Бүгінгі күні 1 миллионнан астам азаматтың мүлік салығы бойынша 3,4 млрд. теңгеден астам берешегі бар. Борышкерлердің антирейтингін Нұр-Сұлтан (604 млн. теңге), Алматы (853 млн. теңге) және Шымкент (783 млн. теңге) қалаларының тұрғындары бастап тұр», - деді ведомстводан. Мүлік салығын төлемеген азаматтарға салық берешегі туралы хабарлама жіберілген.
«Хабарлама орындалмаған және берешек өтелмеген жағдайда, 2021 жылғы 15 қарашадан кейін мемлекеттік кірістер органдары берешекті өндіріп алу туралы салықтық бұйрықтарды қалыптастырып, мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларына жіберіледі», - деп нақтылады министрліктен.
Айта кетейік, берешектің бар-жоғы туралы «e-Salyg Azamat» және екінші деңгейдегі банктің мобильдік қосымшалары және электрондық үкімет порталы арқылы, 1414 байланыс орталығының бірыңғай нөмірі бойынша білуге болады. 2020 жыл үшін жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі 2021 жылдың 1 қазанында аяқталғанын еске саламыз.
ҚазАқпарат