Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебінің 1991 жылғы түлектері, яғни тәуелсіздік құрдастары игі істерді қолға алған еді. Соның бірі — Тәуелсіздік, Алаш, Акопян көшелерінің қиылысында орналасқан саябақты қоршаған болатын. Сонымен бірге Ақмаржан Таубаева атындағы саябаққа 24 түп ақ қайың талдарын отырғызды.
Осындай игі шараның орын алуына ат салысқан Қайыржан Таубаев кез-келген бастаманың басында ауызбіршілік пен туған жерге деген сүйіспеншілік болуы керек екендігін айтты.
- Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Тәуелсіздік турнирі» атты спорттық шара ұйымдастырдық. Сонымен қатар сол жылдары мектеп жанына 20 түп тал ектік. Мінекей, биыл да Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай осы бастамамыз жалғасын табуда. Әрине, біз оған қуана ат салыстық. Өзіміз, осындай бастамаларды жасап жүріп, ауыл жастарына үлгі болдық. Қазір де көмек сұрап келетін артымыздан ерген ізбасар інілеріміз бар. Оларға әркез әзірмін.
Әр адам туған жерге деген сүйіспеншілігін көрсету керек. Ол үшін жалғыз адамның қауқары жетпейтіндігі белгілі. Сол себепті ауызбіршілік пен ынтымақ қажет. Бір сөзбен айтқанда, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кез игі істерді атқарғанда білінеді,— деді Қ.Таубаев.
Ауылды көркейтуде сөзбен емес іспен дәлелдеуді әдетке айналдырған түлектерге ауыл халқы алғысын білдіруді де ұмыт қалдырмады.
Мейрамгүл Сәрсенғалиқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz