Ықылым заманнан,сонау біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырдан бері тарих мінберінен түспей, мәңгі аңыз болып келе жатқан Томирис патшайымның бейнесі салтанат құрды Орал төрінде. Ретті жерінде бұл қойылым ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай сахналанғанын айта кетелік.
Сәулеті бөлек Хадиша театрының өзі де патша сарайындай жасана қалыпты. Ақ сүңгілі сақ батырлары тұр жауырындары қақпақтай болып. Қыпша белдері қиылған қарақат көз қыздар жүр аяқтарын имене басып. Ішке ене бере көне дәуірдің тынысы сезіліп, масаты шымылдықтың сырғи ашылуына іштей әзірлене бастайсың.
Міне, отқа табынған, жердің бүтіндігі мен елдің еркіндігін қасық қандары қалғанша қорғап өткен қоғам тарихы сөйлеп қоя берді алдымыздан. Жаугершілік заманда ел басқарып, қарапайым, тыныш қана әйел ғұмырын армандаған ақылды, дана, сұлу Томирис (Хорлан Шәмелова), оның шалдуарлау, қызба да аңғал ұлы Спаргапис (Ақжол Ихсан), ел мүддесі үшін отқа да, суға да түсіп өткен, Тұмардың жолдасы, Спаргапистің әкесі— батыр Балхаш (Қуаныш Амандықов), елінің ертеңі үшін, тіпті Балхаштай батырдан ұл табуды да көздеп, тап солай шарт қойған Сарматтың шақар патшайымы Амага (Жұлдыз Мәмедова), көкейін тақ тескен арам пиғыл Ардашир (Мұсағали Бектенов), көсемдер, жауынгерлер ғасырлар қойнауын тірілтіп, күмбір-күмбір үн қатты. Таласты. Тартысты. Жұлқысты. Қандары судай шашылды. Сол заманның суретін көз алдымызға анық әкелді. Тұмардың ішкі арпалысын, жан дүниесінде болып жатқан қопарылыстарды бір Томиристің екіге (тіпті, Шұғыланы қосқанда үшке) бөлініп өз елесімен (Эльмира Мақашева) айтысып, ақылдасып, сырласқанынан көріп те, қиналып та, түсініп те отырасың. Адам баласына тән мінез қай заман болса да ортақ. Жеті қатпар жер астына кеткен кейіпкерлердің де тап осы бүгінгідей қырларын – сайқалдық пен сатқындықты, айлакерлік пен арамдықты, айдап салу мен таққұмарлықты айнытпай танып, біліп, іштен тынып отырасың. Тіпті, қызылбастардың (парсылардың) алтын маскалы қанқұмар патшасы Кир ( Жантілеу Нұфтуллин) мен оның сұмырай көмекшісі, екі сөзінің бірінде "Патшалардың патшасы, Ұлы әмірші Кирге әлемде теңдес келетін ешкім жоқ" деп сөз жүзінде көзіне мақтап, іс жүзінде арандатуға тырысып (ақыры соғыстырып та тынды, сол мінезінен ажал да тапты) жүретін Мард (Райымбек Ермек) та тап осы күнгі біреулерге ұқсапұқсап кетеді. Әрине, автор (Ш. Құсайынов) мен режиссер (М. Ахманов) өз замандасымыз болған соң, басқаша болуы мүмкін де емес шығар. Сол заманның сөз иірі-мін, ойлау, сөйлеу мәнерін, қимыл-құбылысын Томиристің, массагеттер мен сақтардың тарихын алғаш жазған Геродоттың өзі де тап басып қалдыра алмаған шығар. Дегенмен қолына сеніп тапсырылған ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білген сақ (қазақ) ханшайымының өрлігіне де, ерлігіне де тәнті боласың.
Тұмар мінезінің ашылуына астамшыл да мысқылшыл, мысықтабан Мард-Райымбектің ойыны керемет әсер еткендей көрінді маған. Жалпы, КиР мен Мард образдары сәтті шыққан. Қарсыластары мықты болған сайын Тұмар бейнесі биіктей түседі. (Ол–заңдылық.) Тұтас бір дәуірдің жүгін көтерген салмақты шығарманың театр қорына қосылғаны – зор қуаныш, үлкен олжа. Қойылымның режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері Мұрат Ахманов пен қоюшы суретші Мұрат Мамедовтың шеберлік шешімдері әдемі үйлесім тапқан. Сақ патшайымы тағының жанындағы қос бөрі мен парсы патшасының қасындағы екі арыстан мүсінінен бастап, арқаларынан қаңқалары, яғни, ажалдары көрініп жүрген елес, сарбаздарға дейінгі әр деталь, әр киім, әр ақинақ мұқият ойластырылып, қиюласа жарасқан.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына бұл бір сүбелі тарту болды. Халықтың мықтап рухтанып, қайраттанып шыққанын тік тұрып, ұзақ-ұзақ қол соққан қошемет паш етті.
"Қашан да ел мұраты болған тәуелсіздіктің біз үшін де қаншалықты қымбат екенін баян еткен осынау сәтті қойылым баршамызға құтты болсын!" – деп қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетов театр ұжымына алғысын білдірді.
Иә, баршамызға құтты болсын.
Дариға Ғазезқызы,
zhaikpress.kz