Азық-түлік дүкенінің барлығында дерлік арақ-шараптың самсап тұрғаны аздай, соңғы кезде Ақсай шаһарында алкомаркеттер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Осыны байқаған тұрғындар да журналистерге жиі қоңырау шалады.
Арақ – азғындықтың бастауы екендігін бәрі біледі. Осы әзәзіл ішімдіктің кесірінен жыл сайын елімізде мыңдаған адам жан тәсілім қылып, отбасылар ойран болып, балалар жетім қалып, қасірет тартады. Араққа жақын адамнан жақсы нәрсе көрмедік, керісінше оған құмар жанның тағдыры трагедияға айналатынына куә болып жүрміз. Маскүнемдік – бізді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған басты мәселенің бірі. Әйтсе де, арақ-шарап саудасын кәсіп көзіне айналдыратын адамдардың қатары көбейіп барады.
Ауладағы арақ дүкені
Иә, таяқ тастам жер жүрсеңіз, арақ-шарап дүкеніне кезігесіз. Мәселен, қаланың арғы беті аталатын бөлігіндегі №1 орта мектеп орналасқан көшедегі алкомаркеттен адам үзілмейді.
– Мереке күндері тіптен нағыз қарбаластың куәсі боласыз. Шыны керек, тұрғын үйлердің маңайынан, әсіресе, мектептің қасынан мұндай дүкен ашыған сәтте біраз ашуландық. «Заң қайда? Құзырлы құрылымдар қайда қарап отыр?» деп көрші-көлем болып мазамыз кетті. Біреудің жеке меншігіндегі дүниеге, қолымыздан еш нәрсе келмейтін болғандықтан, тулап-тулап қойдық ақыры. Бірақ бұл көңіліміз жайланды деген сөз емес. Алкомаркеттің балалар білім мен тәрбие алатын мектепке жақын маңайда болғанын дұрыс деп ойламаймын. Сыныпта тәлім-тәрбие алса да, далаға шығысымен алдымен алкомаркетті көреді емес пе?Ал бұл әлі өсіп-жетілмеген, ақ-қараны айырып, оң-солын танып үлгермеген жас өскінге қалай әсер етеді? Бұл жайында мен ғана емес, бүгінгі қоғам ойлануы керек, – деді сол көшенің тұрғыны Бибігүл апа. Апаның алаңдауының жөні бар, себебі бүгінде елімізде спирттік ішімдікке үйір жастар көбейген. Балалар 8-9 жасында әр нәрсеге әуес бола бастайды. Яғни мектеп жасындағы баланың түрлі нәрсеге еліктегіш келетіні аян.Тұрғындар «сақтандырудың жолын көпшілік болып қарастырудың орнына мектептің маңынан алкомаркет ашып бергені несі?» деп күйінеді. Күйініштерінің жөні жоқ деп көріңізші?!
Ақсай қаласының әр тұсынан 24 сағат бойына арақ-шарап сататын дүкендердің көбейіп бара жатқаны көпшілікті алаңдатады. Қазірде мұндай сауда орталықтардың саны әлеуметтік маңызды нысандардан көп болмаса, аз дей алмаймыз. Былайғы дүкендердегі сатылымынан бөлек, Ақсай қаласында бүгінде 6 алкомаркет жұмыс істеп тұр екен. Елімізде кешкі сағат 21.00-ден соң алкогольді өнімдерді сатуға заңмен шектеу қойылған, алайда мұндай дүкендер неліктен тәулік бойына ашық тұрады?
Шектеусіз лицензия
Біз аталған мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік бөліміне хабарласқанбыз. Бөлім басшысы Азамат Халелов алкоголь өнімінің бөлшек саудасына мемлекеттік лицензияны рәсімдеу және сол бағытта туындайтын шаралар құзыреті мемлекеттік кірістер құрылымдарына жүктелгенін айтты.
«Кәсіпкерлер кәсіп бастарда, лицензия аларда нақты алкомаркет немесе басқа орын болатынын айтпайды. Сіз айтып отырған алкомаркеттер лицензияны кафе, бар ретінде алған. Сондықтан тәулік бойына жұмыс істейді. Біз олардың жұмысын тексере алмаймыз. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлік нысандарына барлығы 390 лицензия берілді. Бүгінде кәсіпкерлікке кедергі келтірмеу бағытында бірқатар тексеруге шектеу қойылды. Тек тоқсан сайын құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп рейдке шығамыз. Онда да алкогольдік өнімнің контрабандалық еместігін, арнайы жүйеге енгізілген тауармен сәйкестігін анықтау үшін барамыз», – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Арман Макбузовқа жолықтық.
– Жалпы, заңнамаға сәйкес түскі 12.00-ден кешкі 21.00-ге дейін спирттік ішімдіктің уыты (градусы) 30%-дан асатындарына және таңғы 9.00-ден кешкі 23.00 аралығында уыты 30%-дан төмен ішімдіктерді сатуға рұқсат берілген. Жыл басынан бері қаладағы алкомаркеттер бойынша төрт хаттама толтырылды. Өткен жылы сегіз хаттама жазылды. Алкомаркеттердің көбі «дүкен-бар» ретінде ашылған. Демек, тұтынушы сол дүкеннен сатып алып, барда отырып ішуі керек. Бірақ құжат солай көрсетіліп, лицензия алынғанымен, заңдылық талаптары сақталмайды. Осы мәселелер бойынша жұмыстанудамыз. Кейбір дүкен иелері айыппұл төлесе, бір дүкеннің ісі сотта қаралуда, – деді Арман Макбузов.
Кәсіпкерлікті дамытуға жол ашып, арқаны кеңге салып жүргенде, үйдей пәлеге душар болмасақ игі еді. Қала орталығында саңырауқұлақтай қаптаған әлгіндей «әзәзіл» дүкендердің талай қасіреттің бастауы болмасына кім кепілдік береді? Мәселен, аудандағы жасөспірімдер қылмысының 40 пайызын ішімдікке ерте жастан әуестенушілер жасайтын көрінеді.
P.S. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «Адамды үш нәрсе бұзады: арақ, ақша, атақ» деген екен. Ұлтымызда «Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені» деген де сөз бар. Маскүнемдік адамдардың денсаулығын құртып қоймай, шаңырағын шайқалтады, әл-қуатынан айырып, берекесін бұзады. Әр адам бас пайдасын көбірек ойлаған тұста әлі де көп нәрсеге куә болармыз. Алайда жеке басының құлқын емес, ұлтын, ұрпағын қатерден сақтандырып, халқына қорған болар ұлдың есімі ұлы болатынын ұмытпасақ екен. Кәсіп ашқан, табыс тапқан дұрыс қой. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Ал сол кәсіптің балалардың болашағына кері әсер етіп жатқанын ойға алған кісі бар ма? «Мұндай орындардың балалар мекемесінен алысырақ орналасуын қадағалайтын құзыретті құрылым жоқ боп тұр-ау...» деген ой да көкейде қалды...
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz