5.11.2021, 16:08
Оқылды: 66

«Театр - хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер»-Ғабит Мүсірепов

Тасқала аудандық халықтық театры биыл 15 жылдық мерейтойын атап өтеді.

жаралы гулдер 001

Тасқала аудандық халықтық театры  2004 жылы аудандық мәдениет үйі жанынан аудан әкімінің қолдауымен Жанар Бисенғалиеваның бастамасымен драма үйірмесі құрылды. Оның жұмысын жандандырып, сахнаға шығару халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығы бойынша медальмен наградталған, Жәнібек аудандық халық театрының режиссері Құрманғазы Ермұхановқа тапсырылды. Көп уақыт өтпей режиссер үйірменің әуесқой әртістерімен бірлесе отырып  Р.Шотбаеваның «Құйынбай десе, Құйынбай» комедиясын сахналап, спектакльдің тұсауын кесті.  Халық көңілінен шыққан қойылымның әртістерінің шебер ойыны керемет әсерлі болды. Үйрме 2005 жылы  Жалпақталда өткен   І облыстық театарлар байқауына осы қойылыммен қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.  Режиссердің ассистенті болып қызмет етіп жүрген Ж. Бисенғалиева осы дүбірлі додада «Ең үздік әйел адам» номинациясын, әуесқой  актер С.Сарбаев «Ең үздік ер адам» номинациясын жеңіп алды. сол кездегі Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Гильман Уразалиевтың, «Ақ тілеу» халықтық әжелер ансамблінің жетекшісі Айсұлу Елжанованың   игі мақсатты көздеген  ұжымға тигізген шарапаты көп болды. Олар сын сағаттарда әртістердің қасынан табылып, материалдық әрі рухани демеу берді. Байқаудан үлкен жетістікпен, шабытпен оралған  Ж. Бисенғалиева   үйірмені «халық театарына» айналдыруды мақсат етті.

2006 жылы Жанар Бисенғалиева  драматург-жазушы Б.Мұқайдың «Заманақыр» трагедиясын  қазақ драматургтары шығармаларының ішінен таңдап алды.  Ерен еңбек пен  актерлердің шеберлігінің, өнерге деген құштарлықтарының арқасында  бұл күрделі де қиындығы көп қойылымды сәтті шығарды.  Арада көп уақыт өтпей   Қазақ драма театрының сахнасында  облысымыздың өнер майталмандарының алдында сахналап, «халық театры» атағын қорғады. Бұрын соңды Тасқала ауданында халық театры атағы болған емес. Өнер саласындағы бұл жетістік аудан халқына үлкен қуаныш  сыйлады. Жас та дарынды режиссердің ой-арманы орындалды. Сонымен 2006 жылы Қазақстан Республикасы   Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің 15.12.2006 жылы шыққан № 315 бұйрығы бойынша «халық театры» атағы берілді. Шығарманың желісі   ХХ ғасырдың 50 жылдарында Семей полигонынан зардап шеккен ел мен жердің тағдырын  арқау етеді. Табиғатқа  адам өміріне жасалған аяусыз қастандық, ашынған ана, мүгедек сәбилер, шарасыз әке бәрі-бәрі көрерменнің жанарына еріксіз жас үйдіреді.

Жаралы гүлдер

Халық көңілінен шыққан бұл қойылымнан кейін «халық театры» көп ұзамай С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз»  мұңды драмасын көрерменге ұсынды. Кейін театр  аудан жұртшылығына үлкен сый әзірлеп, драматург – жазушы Е.Домбаевтың «Айналайын ақ келін» атты  музыкалық комедиясын режиссер Жанар Бисенғалиеваның жетекшілігімен көрсетті.   Бұл жолы да көрермен актерлермен бірге күлді, бірге жылады.  Әуесқой актерлердің шеберлігіне тәнті болған халық  ерекше әсермен, риза көңілмен тарасты.

2008 жылы халық театры   Жеңіс  мерекесі қарсаңында  барлық Ұлы Отан Соғысының ардагерлеріне сый ретінде драматург С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» драмасын ұсынды. Оқиға желісі соғыс уақытындағы  дала да доп қуып, ойын ойнаудың орнына ересектердің міндетін атқарып, егін егіп шөп шапқан бірі ағасынан, бірі әкесінен айрылған  көңілі орта, жаны жаралы балалардың өмірін арқау етеді. Театрдың  кәсіби театрлармен деңгейлес екендігі тағы бір дәлелденді.

Аудандық халық театрының    тағы да сәтті қойылымы. Режиссер Жанар Бисенғалиева  Тәуелсіздікке тарту етіп, жазушы – драматург Б.Жакиевтың  «Әке тағдыры» атты спектаклін  ұсынды. Оқиға барысы  ұлынан айрылған, жалғыздан қалған тұяқ пен қызынан артық көрген келінін  көзінің қарашығындай қорғаштаған әкенің тағдырын баяндайды. Бұдан бұрынғы спектакльдерді де біркелкі сәтті сахналап жүрген ұжым бұл жолы тіпті өзгеше жалын атты. Көрермен  жас толқын актерлердің   шеберліктеріне сүйсіне қол соқты.

Облысымызда көптеген талантты жастарды киелі сахнаның саңлағына айналдырып, шеберлікке баулыған талай жыл елмен бірге жасасып келе жатқан халық театрлары бар.

Жыл сайын халықтық театрлар      қиындықтарға қарамастан аудан орталықтарында, қалаға жақын   аудандар облыс орталығына келіп, қазақ драма театрында    өздерінің жоғарғы дәрежесінде дайындаған қойылымдарын  көпшілік назарына ұсынып жүр. Осы орайда 2005 жылы Жалпақталда өткен І облыстық   театрлар фестивалі  араға 5 жыл салып,  Тасқала ауданында   ІІ-облыстық халықтық  театрлар фестивалі өтті.

Фестивальге Облысымыздың  әр ауданынан барлығы сегіз  халық театрлары қатысты. Облысымыздың әр түкпірінен келген қонақтар ауданның орталық көшесінде  төселген қызыл   кілем-жолмен жүріп өтіп, Тасқала ауданының жұртшылығмен танысты.

Байқауда ауыл мәдениетін дамытуда өз үлестерін қосып жүрген халық театрлары арасынан И.Сапарбаевтің «Сыған серенадасын» сахналаған Тасқала аудандық халық театры бірінші орынға ие  болды.

2012 жылдан бастап режиссеры болып Ботагөз Сарсенова  тағайындалып Дулат Исабековтың «Әпке» драмасын сахналады.Қойылымда  мәдениет қызметкерлері, мектеп оқушылары  өнер көрсетті.

Драмаға негіз болған бес бірдей жетімнің тағдыры, ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Көрермен бірде көз жасына  ерік берсе, бірде еріксіз езуге күлкі үйірді.

 Жанар Бисенғалиеваның режиссерлығымен Әлімбек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» спектаклін сахналандырды.

Аталған қойылым халық театры қоржынына жаңа қойылым ретінде қосылды.

«Бір түп алма ағашы» көп жылдан бері облыстық қазақ драма театрында қойылып келеді. Көрермендердің біразы қойылымды кәсіби әртістердің шеберлігімен қабылдаған. Сондықтан, Тасқалалық әуесқой әртістерге қойылатын талапта ерекше еді. Соған қарамастан премьераға жиналғандар қойылымды жылы қабылдады.

2013 жылы Ақтөбе қаласында Т.Ахтановтың 90 жылдығына орай өткен «Театр-ұлы өнер көші» атты халықтық театрлардың аймақтық фестивалінің 1 орын иегері атанды. Республка көлеміне облыс намысын қорғап, 11 театр арасынан үздік деп танылған ұжым И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мюзиклін сахналады. Изольда ролін шеберлікпен сомдаған Б.Сәрсенова «Ең үздік әйел ролі» номинациясын жеңіп алды.

2014  жылы   халық театрларының есеп беру кестесін қорытындылаған  Тасқала аудандық халық театры облыстық қазақ драма театрында Ш.Айтматовтың «Ана, Жер-Ана»  драмасын  жоғары  деңгейде  сахналады. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы Д.Құсайынов халық театрының режиссері  Ботагөз Сәрсеноваға  және халық театрына алғыс хат табыс етті.

2015 жылы Сырым ауданында  Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған аймақтық фестивалдің «Бас жүлдегері» атанды.

2016 жылы Қазақстан  Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы,  аудандық халық театрының 10 жылдығына арналған «Азаттықтың ақ таңы» атты аймақтық халық театрлары фестивалінде Н.Қамидің «Хан Кененің арманы» драмасын сахналап,  «Тарлан театр» номинациясын жеңіп алды.

заманакыр 002

2017 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында Киров халық театрының 50 жылдығына арналған «Театр-сарқылмас қазына» аймақтық фестивалінде С.Ахмадтың  «Келіндер көтерілісі» комедиясын сахналап, ІІІ орынды иеленді.

Ағымдағы жылы Қазақстанның Халық әртісі   Х.Бөкееваның 100 жылдығына арналған халық театрларының  облыстық фестивалінде Н.Қамидің «Хан Кененің арманы» драмасын ұсынып, ІІ орынға ие болды.

2018 жылы халық театры  жаңа қырынан танылды. Білікті маман Еркін Тасболатов пен Мағжан Жұмағалиев  театр ұжымымен татар драматургы И.Зайниевтің «Люстра» драмасын сахналады. Қойылымға арналып екі қабатты үй пішіндес декорация жасалып, ұжымның шеберлігін айшықтады.

2019 жылы Бөрлі ауданында өткен «Өнерге тағзым» халықтық театрлардың аймақтық байқауында «Үздік декорация» номинациясын жеңіп алды.

2019 жылы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында жазушы М.Шүйіншалиеваның «Ар азабы» драмасын сахналап, автор мен көрерменнің жоғары бағасын алды.

2021 жылы 25 ақпан күні аудандық халықтық театры  Ж.Әлмашұлының «Абақты ғұмыр» поэтикалық драмасын сахналады. Қойылым желісі Мағжан ақынның өмiрiнiң соңғы сәттерiнде бастан кешкен жан күйін  суреттейді. Ақынның жанашыры Ақ елес болса, ақынды өз ойынан айнытып, халқына сатқындық жасауға итермелейтін қаскөй Қара елес бейнесімен арадағы  диалог арқылы өрбиді.  Режиссер М.Жұмағалиев қойылымды сахналау барысында бірнеше сәтті шешімдер тауып, қолдана білген. Шымылдық Қара елестің,қара күштер  мен Ақ елестің,  болашақ үшін бесікті қорғаштаған аналардың арпалысымен басталады. Мағжанның тұңғыш бiр томдық жинағын шығаруға көмек көрсетіп,  алғысөз жазған Сұлтанбек Қожанов пен ақынның кездесуі  сәтті суреттелген.

Театр-талай өнерпаздың шеберлігін шыңдады. Атап айтсақ  Ақан Айтқалиев, Серік Сарбаев, Сансызбай Сәрсенов, Таушанбай Рахимов, Хайретден Сұлтангереев,  Айнагүл Масалимова, Ботагөз Сәрсенова, Рысқаным Масалимова, Шырайлым Ищанова, Айгерім Сәрсенова, Дулат Нұржанов, Жәрдем Ирменов, Жанболат Қисанов, Данабек Алжекенов, Айбек Калапов, Тимур Тапалов, Бақытжан Сарсенов, Алмагүл Жұбанышева, Асаналі Хаиров, Бақытгүл Тайғожиева, Алмагүл Қарақұлова, Гүлмира Рысқалиева, Бауыржан Ерғалиев,  Әскер Ерболатов, Зәмзагүл Шүкірова, Жасұлан Рахмет, Думан Беккалиев, Балнұр Қаратаева, Зүлфия Шайхина, Ақжол Серіков.

Өмірлерін театр өнеріне жіпсіз байлаған өнерпаздармен   аудандық халық театрының шығармашылығы әлі де даму үстінде. Соңғы жылдары театрдың тынысы кеңейіп, кәсіби деңгейі  арта   түсті. Репертуары сүбелі қойылымдармен толығып, жаңа, жас буын  актерлер жарқырай көрінуде.

Сыйланбаған сезім 001

Осы аптада барша жерлестер мен аудан қонақтарын  жас режиссер Жалғасбек Мырзагереевтің сахналауымен  Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклін тамашалауға шақырамыз. Қазақтың белгілі жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың  романының негізінде дайындалған қойылымға Ербол мен Меңтайдың  кіршіксіз махаббаты мен  мөлдір сезімі  арқау болған.

Кешегі мен бүгінгі  жалғастырып тұрған театр  биік белестерді бағындырып,  алға қойған мақсатына жете беретіні сөзсіз.

Бинұр Хабидашева,

Тасқала аудандық мәдени-

демалыс орталығының әдіскері

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале