Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында "Орал" спорт клубы мен "Ишанов" жеке кәсіпкерлігі бірлесе ұйымдастырған "Ұлттық спорт сабақтары" өз мәресіне жетті.
Бес күнге созылған шара барысында спорт клуб жаттықтырушылары Рауан Мұхитанов, Мағжан Жеңісов және "Саба" этнокешенінің қызметкерлері Ақылбек Ишанов, Мағжан Мағзомовтар оқушыларды ат спортымен таныстырды. Атап айтқанда, сабақтың алғашқы күнінде қатысушылар жылқының түр-тұлғасымен, танысып, ат ерттеуді меңгерсе, келесі күні атқа дұрыс мініп-түсудің, отырудың, жүрудің тәртібін үйренді. Шараның қалған күндері ұлттық спорт түрлеріне арналды. Жаттықтырушылар жамбы ату, көкпар, теңге ілу, аударыспақ секілді спорт түрлерінінің ойнау техникасына тоқталды.
Оқушылардың айтуынша, бұл күзгі демалыс өте қызықты әрі ерекше болды. Олар үшін бұл спорт қаншалықты қауіпті көрінгенімен, соншалықты тартымды әрі қанды қыздыратыны білінді. Тіпті алғаш үйреніп тұрғанына қарамастан, сабақтардың соңғы күнінде ұйымдастырылған аударыспаққа бәрі қатысты.
"Саба" этнокешенінің басшысы Ақылбек Ишановтың сөзінше, "Ұлттық спортты көтеру керек, ұлттық спортпен айналысу керек деп айта бермей, оны нақты іспен көрсетіп жасаған жөн, қолмен ұстап, көзбен көрген бала оған міндетті түрде қызығады, себебі әр қазақтың жаны жылқымен үндес".
Бұл шараның негізгі мақсаттарының бірі - ұлттық спортпен тұрақты айналысатын балаларды іріктеу. "Алғаш қатысып тұрса да, мінезімен, күшімен, ептілігімен, жүректілігімен көзге түскен балалар бар. Келешекте ол балалар біздің спорт клубтағы бөлімде тегін жаттығуға қалады. Айта кетейін, жалпы біздің бөлімде ұлттық спорттың төрт түрі бойынша аптасына үш рет тегін жаттығуға әр қала баласының мүмкіндігі бар. Тек ат спортына деген қызығушылығы болғаны дұрыс " ,- дейді "Орал" спорт клубының жаттықтырушысы, теңге ілуден спорт шебері Мағжан Жеңісов.
Осылайша қала балалары бескүндік сабақта ерекше көңіл-күйге бөленіп, атты тақымдағандарына қуанса, аз уақытта қала балаларының жүрегіндегі "даланы оятқан" ұйымдастырушылар өз миссияларының орындалғанына қуанды.
Ақмоншақ Жұмаева,
"Орал" спорт клубының әкімгері,
zhaikpress.kz